Нұр-Сұлтанда жарықтың сөнуіне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта «өрт қауіпсіздігін бұзу» фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов айтты. Төтенше жағдайдың болғанына 40 сағат өтсе де, әлі де жарық көзіне қол жеткізе алмай отырғандар бар. Ал кәсіпкерлер шығынға баттық деп отыр, деп хабарлайды АстанаТВ.
Қарашаның 9-нан 10-на қараған түні «Левобережье» станциясында кабельдердің зақымдануына байланысты өрт шығып, кейіннен Есілдің сол жағалауының біраз тұрғындары, ғимараты жарықсыз қалған болатын. Олардың қатарында маңызды стратегиялық ғимараттар да бар. Қазір көріп тұрғандарыңыздай, жөндеу жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр. Біраз ғимараттарға жарық көзі берілді, дегенмен әлі де жарық көзінсіз отырғандар бар.
Әрқашан жарқырап тұратын астананың символы «Байтерек» те, маңындағы Қорғаныс министрлігі де 40 сағат өтсе де қуатсыз отыр, «ҚазМұнайГаздың» ғимараты да жарықсыз қалды. Әдетте 9-дан басталатын жұмысқа қызметкерлер 1-де келді.
"Дизель генератор қондырғысының күші толығымен бәрібір қамтамасыз етуге жетпейді. Сондықтан түске дейін жұмысты тоқтата тұру туралы шешім қабылданған болатын", - деді «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жұртшылықпен байланыс депратамент директорының орынбасары Ұлан Смаилов.
Ал "Нұрсая" тұрғын үй кешенінде кәсібі бар кәсіпкерлер шығындарын есептеп әлек. Кафе, мейрамханалар бүлінген азық-түліктерін лақтырып, клиенттерінен қағылған. Тіпті шағын дүкендер де шығынға баттық деп отыр.
"Кеше бізде күні бойы свет болған жоқ, свет болмаған соң холодильник жұмыс істеген жоқ. Гүлдердің көбісі солды. 300 мыңдай шығын келді біздің компанияға. Бұл шығынды кім төлейді екен деген сұрақ маңызды", - деді флорист Назгүл Рысбекова.
Шығынды кім өтейді деген сұраққа жауап іздеу үшін әкімдікте арнайы комиссия құрылды. Шененуіктер олар жазасын алып, шығынды өтейді деп отыр.
"Арнайы құрылған комиссия қысқа мерзім ішінде өрттің неден бастау алғанын, оған кім кінәлі екенін анықтайды. Мұндай төтенше жағдай бұрын соңды болмаған. Уақыт қажет. Сондай-ақ келесі де қайталанып жатса, аналог ретінде тағы бір қосалқы станцияның жобасын дайындап жатырмыз. Оны жүзеге асыруға біраз қаражат қажет", - деді «Нұрсұлтан қ. отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ басшысы Ернат Бәзіл.
Бұл апат бас қаланың мұндай жағдайға дайын еместігін көрсетті. Ақордадан бастап Мәжіліс,Үкімет үйі және 9 көппәтерлі үй -18 градус суықта жарықсыз, жылусыз қалды. Іске араласқан президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет пен әкімдікке мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін тиісті шаралар қабылдануын тапсырды.