$ 498.34  519.72  4.85

Досқалиев, Ахметов және Бишімбаевтың ісін қараған тергеушінің өзі тергеліп жатыр

Олеся Кексель бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Тергеу департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарған.
фото: informburo.kz
фото: informburo.kz

Ішкі істер министрлігі бұрынғы премьер-министр Серік Ахметов пен экс-Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісін қараған танымал тергеуші Олеся Кексельге қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады, деп хабарлайды Sputnik.

«Азамат Е.И. Нәбиевтің арызы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның барысында арызданушының дәлелдері тексеріледі. Сотқа дейінгі тергеудің мәліметтері жария етілмейді», - деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.

Арыз беруші Ерлан Нәбиев – «Energo» ЖШС директоры, ол бұрынғы энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупаның ісі бойынша күдікті ретінде жауап беріп жатыр.

«Қылмыстық іс Нәбиевтің арызы негізінде Бас прокуратураның Арнайы прокурорлар қызметінің бұрынғы басшысы Олеся Кексель мен прокурор Бауыржан Ғаббасовқа қатысты азаптау фактісі бойынша тергелуде», - деп адвокат Хамида Айтқалиева Facebook желісінде Ішкі істер министрлігі бастаған тергеуді түсіндірді.

Бас прокуратураның қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 146-бабы, 1-бөлігі – тергеушінің, анықтаушы тұлғаның немесе олардың рұқсатымен басқа адамның азапталушыдан немесе өзге адамнан ақпарат алу немесе мойындату мақсатында қасақана дене және (немесе) психикалық азап шектіруі бойынша күдікке ілінді.

Кінәлі адамға 5 мың айлық есептік көрсеткіш (2019 жылы 1 АЕК – 2525 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады немесе үш жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылып, бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бұрынғы Энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупа 2019 жылдың 15 қарашасында сот алдына келді. Ол 215 миллион теңгені жымқырды немесе талан-таражға салды деп айыпталып отыр. Анатолий Шкарупаның қамауға алынғаны туралы 2018 жылдың қараша айында белгілі болды.

Ұсталған кезде Шкарупа вице-министр болып бір айдан астам уақыт қана жұмыс істеген еді. Ол бірнеше жыл бұрын Саран қаласының әкімі болған кезде миллиондаған қаржыны жымқырды деген күдікке ілінді. Ал 2018 жылдың қарашасында сот Қайсар Байдалы мен Ерлан Нәбиевті қамауға алуға санкция берді. Тергеу олардың қылмысқа қатысы бар деп санайды.

Олеся Кексель бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Тергеу департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарған. Ол сыбайлас жемқорлыққа қатысты атышулы істерді, оның ішінде бұрынғы премьер-министр Серік Ахметовтің, бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің және экс-Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісін тергеді. Күрделі сыбайлас жемқорлық істерін тергегені үшін 2017 жылы II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталып, беделді «Алтын Адам» жүлдесінің «Жылдың мемлекеттік қызметшісі» деп танылды.

2018 жылдың қаңтар айынан бастап Бас прокуратураның Арнайы прокурорлар қызметін басқарды. 2019 жылдың мамырында қызметінен босатылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары