16 желтоқсанда Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында рұқсат етілмеген шеру өткізбек болды деген күдікпен 55 адам ұсталған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бас прокуратураның ескертуіне қарамастан, кей азаматтар арандатушылыққа ұшырап, заңсыз акцияларға қатысты. Нұр-Сұлтанда ондаған азамат Республика даңғылы мен Абай көшесінің қиылысында жиналып, рұқсат етілмеген митинг өткізді. Алматыда осыған ұқсас рұқсат етілмеген митинг Қазақстан Тәуелсіздігі монументінің жанында өтті» делінген министрлік таратқан хабарламада.
Ведомствоның мәлімдеуінше, заңсыз шараларға қатысқандар мереке күні азаматтардың тыныштығы мен демалысын бұзған.
«Жергілікті атқарушы органдардың митингілер өткізу үшін заңды негіздердің жоқтығы туралы ескертулеріне қарамастан, жиналғандар Нұр-Сұлтан және Алматы қаласы көшелеріндегі шеруді жалғастырды. Осылайша, олар мереке күні азаматтардың тыныштығы мен демалысын бұзды.
Билік органдарының заңсыз әрекеттерді тоқтату туралы талаптарын орындамағандықтан, Нұр-Сұлтан қаласынан 32, Алматы қаласынан 23 адам полицияға жеткізілді. Олармен профилактикалық әңгімелесу жүргізіледі және әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралуда» деп хабарлады ІІМ.