$ 445.66  474.58  4.78

Қазақстандықтар толық емес жұмыс күніне көшуі мүмкін

"Еңбекақы еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс істеген уақыты үшін төленеді", - деп нақтылады министр.
Фото: samso.ru
Фото: samso.ru

Қазақстандықтарға науқас туысына күтім жасау үшін толық емес жұмыс күніне көшуге рұқсат етілуі мүмкін. Бүгін Мәжіліс кейбір заңнамалық актілерге еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Sputnik-ке cілтеме жасап.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов заң жобасындағы негізгі өзгерістерге тоқталды. Соның бірі – науқас жақынын күтіп отырған азаматқа толық емес жұмыс күнін ұсыну.

"Жалақысы сақталмайтын демалыс бүгінгі таңда тараптардың өз келісімі бойынша беріледі. Алайда, отбасының науқас мүшесін күту үшін ұзақ демалыс қажет болған кезде, жұмыскерлер жалақысы сақталмайтын демалыс ала алмай, соның салдарынан жұмыстан шығуға мәжбүр болып жатады. Осыған байланысты, медициналық қорытындыға сәйкес, жанұя мүшесіне күтім жасау үшін қызметкерлерге толық емес жұмыс уақыт режимін енгізу ұсынылады", - деді министр Мәжіліс отырысында.

Нұрымбетовтің айтуынша, отбасы мүшелері ретінде күйеуі немесе әйелі, балалары, ата-анасы қарастырылып отыр. Яғни, тек ең жақындары.

"Еңбекақы еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс істеген уақыты үшін төленеді", - деп нақтылады ол.

Депутаттар қандай дертке шалдыққан науқастарға күтім жасау үшін толық емес жұмыс уақыты берілетінін сұрады. Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевтің айтуынша, медициналық аурулар тізімі жасалмаған.

"Әр медициналық ұйымда дәрігерлік-консультациялық комиссия бар. Сол комиссия тиісті ұсыным береді. Біз мұны қолдаймыз", - деді вице-министр.

Мәжіліс заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Еңбек кодексінің 70-бабына сәйкес, бүгінде толық емес жұмыс уақыты жүкті әйелге, үш жасқа дейінгі баласы бар ата-ананың біреуіне (бала асырап алушыға) беріледі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары