Қолына қару ұстап, «Астана наш» деп есірген жігіт онсыз да пробациялық бақылауда жүрген болып шықты. Енді ол өмірінің алдағы екі жарым жылын ең қатаң режимдегі абақтыда өткізеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Алайда, 24 жастағы айыпталушы әлеуметтік желіге тараған атышулы видеосы емес, басқа әрекеті үшін сотталып отыр. Атап айтқанда, ол 2017 жылы 5 жылға сотталып, оның 2 жарым жылын бостандықтағы бақылауда өтеу үшін мерзімінен бұрын босатылған. Осы аралықта айыпталушыдан түнгі уақытта көшеге шықпау, қылмыс жасамау, пробация қызметіне ай сайын барып тұру шарттары келісілген. Ал ол болса, әлгі атышулы бейнежазбаға түсіп, кезекті айда полицияға бармай қойған. Сол әрекетіне қатысты сылтауы да дайын екен.
«Хабарлама беремін деп отырған кезімде үйдегі кішкентай балалар суға тастап жіберіп, телефоным бұзылып қалған», - деп қысқа қайырды сөзін.
Ал Байқоңыр аудандық №2 сотының судьясы Бағылан Ыдырысов оған өзін сотқа атышулы бейнежазбасы емес, пробациялық ережені бұзғаны үшін әкелінгенін түсіндірді. Осы орайда, айыпталушы соттан кешірім сұрап, жазаны бұрынғыша бостандықтағы бақылаумен қалдыруды сұрады. Оны адвокаты да қорғауға тырысып, сот барысында пробация қызметін кінәлап көрді.
«Түнгі 22:00-ден кейін шығуға болмайды деп жазбаша ескертілмеген. Тек ауызша айтылған», - деді құқық қорғаушы Есболат Испенбетов.
Дегенмен, судья Бағылан Ыдырысов айыпталушының өзіне мемлекет барлық талап-шартты толықтай ескерткенін білетінін айтып, оны 2 жыл, 3 ай, 7 күнге бас бостандығынан айырды.
Айта кетсек, 2017 жылы оның дәл осындай мерзімі өтелмей қалған еді. Сот сол уақытты қайтадан алдынан шығарды. Бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алынған сотталушы енді бостандықта өтеп жүрген мерзімін темір тордың арғы жағында, өте қатаң режимде жалғастырады. Ал «Астана наш!» деп айқайлағанда қасында болған екі досына ешқандай жаза қолданылмаған.