Бүгін Қытайдың Гуанчжоу сотында қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбайды есірткі өнімінің контрабандасына қатысты айыптаған соңғы сот отырысы өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл сот отырысына Қазақстанның ҚХР-дағы Елшілігінің консулы мен құқық қорғаушылар да қатысты.
Еске сала кетсек, Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы наурызда Гуанчжоу қаласының әуежайында есірткі контрабандасымен айналысты деген күдікпен ұсталған болатын. Ал 2015 жылы маусымда 21 жастағы қыз өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Кейін апелляциялық сот бұл шешімнің күшін жойған-тұғын.
Енді міне, бүгін Қытай соты Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты бастапқы үкімді өзгеріссіз қалдырып отыр. Оны өмір бойына бас бостандығынан айыру жөніндегі сот үкімі 10 күннен кейін күшіне енеді.