$ 443.85  474.3  4.8

Қарағанды облысының тұрғыны 2,5 миллион теңгенің шыршасын қызық үшін өртеп жіберген

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері 31 жастағы тұрғынды ұстады.
фото: stan.kz
фото: stan.kz

Жаңа жыл түнінде шырша өртеген Қарағанды облысының тұрғынына 3-тен 7 мың АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап.

«Ақтоғай ауданы Сарышаған кенттік полиция бөлімшесінің кезекші бөліміне белгісіз біреудің Сарышаған кенті мәдениет сарайының жанындағы шыршаны өртеп жібергені туралы хабарлама келген. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері 31 жастағы тұрғынды ұстады», - дейді полиция департаментінің өкілдері.

Ұсталған азамат өзінің кінәсін толығымен мойындады. Айтуынша, ол шыршаны қызық үшін өртеп жіберген.

Аталған дерек бойынша, ҚР ҚК 202-бабының 2-бөлімі («Қасақана өрт қою жолымен бөтен мүлікті қасақана жою немесе бүлдіру») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Осы бап санкциясына сәйкес, күдікті 3 мыңнан 7 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, не болмаса сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартылу немесе 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айырылу жазасын өтейді.

Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір тергеу амалдары жүргізілуде. Ал жергілікті әкімдік бұл жаңа жылдық 14 метрлік шырша 2018 жылы 2,5 миллион теңгеге сатып алғанын мәлімдеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары