Ақтөбенің Ырғыз ауданында Ырғыз-Торғай мемлекеттік резерватына заңсыз кірген бір топ шендінің басы бәлеге қалды. Ерекше табиғи қорғаудағы аумаққа балық аулай барғандардың ішінде судья, прокурор, тіпті, білдей бір ауданның әкімі де болған көрінеді, деп хабарлайды Астана телеарнасы.
Ырғыз-Торғай мемлекеттік резерватына заңсыз кіргені үшін бірқатар шендіні рейдке шыққан инспекторлар ұстаған. Олардың көліктерінен балық, мұз ойғыш және қармақтар тәркіленген.
«Ақтөбе облыстық сотына Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясынан Ырғыз ауданы, Нұра ауылдық округі «Ақман» мемлекеттік қорығының күзетілетін аумағына рұқсатсыз кірген адамдарды ұстау туралы хабарлама келіп түсті. Олардың ішінде Ырғыз аудандық сотының төрағасы Бақытжан Ерлан да көрсетілген. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қызметтік тексеру жүргізілуде», - дейді Ақтөбе облыстық соты баспасөз қызметінің жетекшісі Анар Айтжанова.
1 миллион 200 мың гектар аумақты алып жатқан резерват шекарасында әрбір 7 шақырым сайын «тыйым салынған аумақ» деген белгі қойылған. Соған қарамастан, аумаққа кірген шенділердің қатарында аудан прокуроры да болыпты.
«Соның ішінде Ырғыз ауданының прокуроры Сағындықов Айдос болған екен. Осы дерек бойынша, ол Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 380-бабымен 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - дейді Ақтөбе облысы прокурорының көмекшісі Өркен Ещанов.
Қазір бұл аудан прокурорын тәртіптік жауапкершілікке тарту үшін қызметтік тексеру басталған. Ал аталған 7 шенеуніктің ішінде судья мен прокурордан бөлек, Ырғыз аудандық ауруханасының бас дәрігері, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы да болған.
«Аудан әкімі болғаны рас деп айта алмаймын. Алайда, осы кісілердің айтуы бойынша болған деп болжам есебімен біз ішкі істер бөліміне осы адамдарды анықтау мақсатында баянат бергенбіз», - дейді облыстық Орман шаруашылығы, жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Әнуарбек Бермағамбетов.
Бұл тыйым салынған аумаққа заңсыз кіргендердің арасында аудан әкімі болған-болмағаны енді анықталып жатыр. Басқа жетеудің ішіндегі біреуінің үстінен Қылмыстық кодекстің 383-бабымен, яғни тыйым салынған жерде заңсыз балық аулағаны үшін іс қозғалған. Бірақ, оның әлгі көп шенеуніктің бірі емес, жұмыссыз адам екені белгілі болды.