Түрік қыздарын өзін зорлаған жігітке тұрмысқа беру туралы заң қабылдануы мүмкін. Түркия Парламенті сол заң арқылы 18 жасқа толмаған қыздарды зорлаған ерлердің жазадан жалтарып, есесіне өзінің «құрбаны» болған қызды әйелдікке алуына мүмкіндік туғызбақ, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, zakon.kz-ке сілтеме жасап.
«Өзін зорлаған еркекке тұрмысқа шығу» деп аталатын заң жобасы осы айдың соңында қаралады екен. Ал депутаттардың оппозициялық тарапы ондай құжат зорлық-зомбылық фактілерін заңдастыру екенін алға тартып, қабылдануына қарсылық таныта бастаған. Олар әріптестеріне бұл шешімнің қыздарды өз еркінен тыс тұрмысқа шығуға мәжбүрлеу екенін ескертті.
Жалпы, оппозиция қыз балаға қиянат жасау деп есептейтін осыған ұқсас заң жобасы Түркия Парламентіне 2016 жылы да енгізілген. Бірақ, ол бүкіл әлем наразылық акцияларын жасап, үзілді-кесілді қарсы тұрғаннан кейін кері қайтарылған.
Ал 2017 жылы Түркия ислам мүфтилеріне азаматтық неке қию рәсімдерін өткізуге рұқсат беретін жаңа заң қабылдады. Ол қадам да елдің зайырлы конституциясына нұқсан келтіріп, қалыңдық қыздардың санын көбейтті деген сынға іліккен еді.
Қазір депутаттардың дегбірін қашырып, сондай-ақ, кейбіреуінің делебесін қоздырып отырған ондай құжат дауы дәл осылай 2018 жылы да жалғасты.
Ол жақта некелесудің заңды жасы біздікіндей – 18 жас. Алайда, ел үкіметінің 2018 жылы жарияланған балалық неке туралы есебіне сәйкес, соңғы он жылда кәмелетке толмаған 482 908 қыз еріксіз тұрмыс құрған.