Қарағанды облысында мұқтаж жандардың пәтер кезегіне 1200 адамның заңсыз тұрғаны анықталды. Сол себепті, қазір баспана кезегін бизнеске айналдырған шенеуніктерге қатысты қылмыстық іс қозғалып отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Сондай-ақ, өңірде жұрттың қолы жетпей жүрген 110 пәтер ешқандай құжатсыз жалға беріліп келген десек, өз иесіне тиесілі 10 шақты баспана бөтеннің атына өтіп кеткен. Кейін олар мемлекет меншігіне қайтарылды.
Осынша былықтың бетін ашқан тексерістен соң бірден екі қылмыстық іс қозғалып, «Мемлекет мүлкін талан-таражға салу» және «Алаяқтық» баптары бойынша 28 шенеуніктен жауап алынуда. Прокуратура әзірге олардың атын атап, түсін түстемей отыр. Өйткені, тергеу барысында күдіктілердің қатары әлі де көбеюі мүмкін.
«ҚК-нің 180 және 190-баптары (пәтерлерді қылмыстық жолмен алу, жалға берілетін және несиелік пәтерлерді заңсыз бөлу, бюджет қаражатын бақылаусыз жұмсау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Прокурорлық актілер бойынша 28 лауазымды тұлға, оның ішінде 12 басшы тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - дейді Қарағанды облыстық прокуратурасының басқарма прокуроры Нұрсұлтан Қалдырбай.