Қостанай тұрғыны құрбысының құжаттарын ұрлап, оның атынан 30-дан астам онлайн несие рәсімдеген. Алаяқ анықталды. Полицейлер аймақта киберқылмыстың күшейіп келе жатқанына алаңдаулы, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
«Контрофакт» жедел алдын алу шарасы барысында 35 жастағы қала тұрғыны қолға түсті. Күдікті жасырын ақпарат алу мақсатында қолданылатын арнайы техникалық құралдарды заңсыз саудаға салған. Ол шағын камерасы бар қол сағатты сатпақ болған жерінен қолға түскен.
«Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 399-бабымен ақпаратты жасырын алудың арнайы техникалық құралдарын заңсыз дайындау, жасау, иемдену, өткізу немесе пайдалану көзделген сотқа дейінгі тергеу әрекеті жүргізілуде. Қазіргі уақытта сағат арнайы техникалық құралдарды тану үшін сараптамаға жіберілді», - дейді Қостанай облыстық ПД Киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің басшысы Сәбит Ибрайымов.
Жалпы, жыл басынан бері өңірде интернет арқылы жасалған 135 алаяқтық фактісі тіркелген.12 қылмыстық құқықбұзушылық анықталып, 9 адам ұсталды. Алаяқтар тұрғындарды түрлі жолмен арбайды. Арасында жақын таныстарының жеке куәлігін жымқырып, онлайн несие рәсімдегендер де бар.