03.04.2020, 04:15

«Кәсіпкердің 57 миллион теңгесін ұрлаған»: Ақтөбе полициясы атыраулық күдіктіні таппай жүр

«Денесінде операциядан кейінгі тыртығы бар. Оң қолындағы орта және сұқ саусақтары жоқ, көзілдірік киюі мүмкін».

Ақтөбеде кемпинг қожайынының қомақты ақшасын ұрлап кеткен күдікті іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Күдікті – Атырау облысының тумасы Фархад Ғаббасов. Ол 2019 жылдың қараша айында Қобда ауданына қарасты Жарсай-2 ауылының маңында салынып жатқан кемпингтен қомақты ақша ұрлаған.

«Кемпинг қожайынына тиесілі 57 миллион теңге ұрланды. Аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің «Ұрлық» бабы бойынша іс тіркелді. 42 жастағы Атырау облысының тумасы Ақтөбенің Алға қаласында тұрған.

Денесінде операциядан кейінгі тыртығы бар. Оң қолындағы орта және сұқ саусақтары жоқ, көзілдірік киюі мүмкін», - деп мәлімдеді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.