03.04.2020, 06:42

Атырауда тірі нәрестені «өлі туды» деп жалған мәлімет толтырған қызметкер айыппұлмен құтылды

фото: Almaty.tv
«Осы жылдың 28 наурызында Атырау қаласы №2 сотының үкімімен И. Молдағалиевке 1 325 500 теңге көлеміндегі айыппұл салынды», - делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет хабарында.

Атырауда тірі туған сәбиді «өлі туды» деп жалған мәлімет толтырған «Атырау облыстық патологоанатомиялық бюросы» ШЖҚ ҚМК директорының бұрынғы міндетін атқарушы И. Молдағалиев 1,3 миллион теңге айыппұлмен құтылды, деп хабарлайды ҚазТАГ.

«Осы жылдың 28 наурызында Атырау қаласы №2 сотының үкімімен И. Молдағалиевке 1 325 500 теңге көлеміндегі айыппұл салынды. Сотталушы өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айырылды», - делінген бейсенбіде таратылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет хабарында.

Молдағалиевке лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану және қызметте жалған құжат жасағаны үшін айыппұл салынып отыр.

«Ол сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша, тірі туған нәрестені «өлі туған» деп көрсетіп, патологоанатомиялық зерттеудің хаттамасына көрінеу жалған ақпарат енгізу арқылы лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануға күдікті болды», - деді ведомстводан.

Бұған дейін хабарланғандай, Атырау облыстық перинаталдық орталық дәрігерлері жаңа туған шақалақты өлтірді деген күдікке ілінген еді.

Тағы оқи отырыңыз: Тоңазытқышта өлген шақалақтың ісі: басқарманың бұрынғы басшысы айыппұлмен құтылды

Еске сала кетсек, Атырау облысының прокуратурасы 2019 жылдың басынан бастап облыстық перинаталдық орталығында туа сала шетінеп кеткен 56 бала тіркелгенін мәлімдеген болатын. Ал 2018 жылы сол перзентханада 100-ден астам шақалақ шетінеген болып шықты.