Алматыда карантин енгізілгеніне қарамастан, жезөкшелердің қызметін ұсынған монша анықталды, деп хабарлайды Stan.kz.
«Саунаға қызметкерлеріміз кіріп барғанда, ине шаншар орын болмаған, адам лық толы. Монша жұмысшылары – әкімші, қызмет көрсету қызметкерлері, сондай-ақ, жеңіл жүрісті қыздар да жұмысын тоқтатпаған. Екі жүргізуші жалданып жұмыс істеген, міндеті – жезөкшелерді тасу болыпты. Күніне олар 10 мың теңгеден алып отырған.
Моншаға жасалған рейд үстінде клиенттер үшін жеңіл жүрісті 5 ару жеткізілді. Барлығы санитарлық нормалардың ережесін сақтамай, кабинкаларда уақыт өткізді. Сол жерде болғандардың ешқайсысы қалада карантин болып жатқаны туралы естімегендей сыңай танытты», – дейді Алматы қалалық Полиция департаменті басшысының орынбасары Берік Әбілбеков.
1990 жылы туған А. есімді мекеме әкімшісі әкімшілік кодекстің екі бабы бойынша жауапқа тартылды – ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің «жезөкшелікпен айналысу үшін үй-жай беру» және «төтенше жағдай ережелерін бұзу».
«Монша ішінен шыққан басқа адамдарға төтенше жағдай ережелерін бұзғаны үшін айып тағылды. Олардың ішінде жеңіл жүрісті 5 әйел, екі көлік жүргізуші және үш клиент бар. Бұл бағыттағы жұмыс әрі қарай да жалғасады. Біз қолға түскен ақпараттың әрқайсысын ұдайы тексеріп отырамыз», – дейді Б.Әбілбеков.