13.05.2020, 15:00

Көлікте бала отырғанда темекі шексеңіз, қомақты айыппұл төлейсіз

фото: tubakainfo.ee/ru
Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов Бекболат Тілеуханның уәжіне жауап бере отырып, «ҚР Конституциясы вакцинаны міндетті етуге қайшы емес» деген болатын.

Бүгін қоғамда резонанс тудырған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс пен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары Мәжілістің екінші оқылымында мақұлданып, Сенатқа жіберілді, деп хабарлайды Аzattyq-ruhy.kz.

Екі мәселеге қатысты баяндама жасаған Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Зәуреш Аманжолова халық денсаулығына қатысты негізгі өзгерістерге тоқталды.

Ондай өзгерістердің бірі, қоғамда ұзақ уақыт пікірталас тудырған мәселе – балаларға міндетті вакцина. Мәжіліс осы заң жобасын мақұлдай отырып, әртүрлі жұқпалы аурулардан қорғану үшін екпені міндеттеуге рұқсат берді.

Мәжіліс депутаттары арасынан міндетті вакцинацияға қарсы шыққан Бекболат Тілеухан болатын. Ол тіпті екпені міндеттеу – қазақстандықтардың конституциялық құқығына қайшы емес пе деген күмәнін жеткізген. Бірақ Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов Бекболат Тілеуханның уәжіне жауап бере отырып, «ҚР Конституциясы вакцинаны міндетті етуге қайшы емес» деген болатын.

«Біздің Конституциямыз екі баптан тұрады, жалпы бап пен арнайы бап. Біздің негізгі заңымыздағы басты құндылықтар - ол адам, адамның өмірі, адамның денсаулығы деп көрсетілген. Ал, Конституцияның жалпы бөлімі арнайы бөлімнен бір саты жоғары тұрады. Конституция егер адамның өміріне, денсаулығына қауіп төнсе, заңмен шектеу жасауға толық мүмкіндік беріп отыр. Сонықтан, Конституцияға қайшы емес», - деген еді Марат Ахметжанов.

Ал, бүгін баяндамашы Зәуреш Аманжолова вакцинацияны міндеттеумен қатар, екпелердің сапасы мен оның кері әсері міндетті түрде ескерілетінін айтты.

«Вакциналардың сапасын арттыру мақсатында адам денсаулығына зиян келтірген жағдайда, вакциналарды әкелу, сатып алу, тасу, сақтау қағидаларын бұзғаны үшін 100-ден 1000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде әкімшілік айыппұлдар белгіленді», - деп хабарлады Аманжолова.

Енді аталмыш заң жобалары Сенатта қаралады.

Сондай-ақ құжатта кәмелетке толмағандарға темекі және темекі өнімдерін сатқаны үшін, темекі бұйымының маркасы бар тауарларды қасақана таратқаны, көрмеге қойғаны немесе сатқандар үшін әкімшілік айыппұл көлемін екі есеге дейін ұлғайту қарастырылған. Ал, көлікте бала отырған кезде темекі тартқан азаматтар енді 10-20 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.