Қастандықпен өлтірілген қазақстандық кәсіпкер Жұмағали Аралбаевтың ұлы Мирас Мұратов президент пен Ішкі істер министріне үндеу жасады, деп хабарлайды Stan.kz, «Мой город» басылымына сілтеме жасап.
Сөзінше, оқиғаға қатысы барлар тиісті түрде жазаланбапты.
Еске салайық, 2019 жылы 19 ақпанда екі кәсіпкердің өліміне қатысты сот отырысы басталған еді. Оларды өлтірді деп 29 жастағы Аманғали Пішенбаев, 30 жастағы Әнуар Өтепов пен 27 жастағы Жолдас Төлепов күдіктелген болатын. Тағы екі азамат 19 жастағы Айболат Маманов пен 25 жастағы Алмас Нұрлыханов оқиғаны жасырып қалды деп айыпталыпты. 29 жастағы Жолдығали Ниталиевке ақша ұрлады деген айып тағылған.
2019 жылы 15 сәуірде оларға қатысты сот шешімі шығарылған. Айболат Маманов пен Алмас Нұрлыханов үш жылға, Пішенбаев 20 жылға, Төлепов 17 жылға, Жолдығали Ниталиев пен Әнуар Өтепов 16 жылға түрмеге қамалыпты.
Бір ай өткен соң марқұм кәсіпкер Жұмағали Аралбаевтың ұлы Мирас Мұратов видеоүндеу жасады. Айтуынша, әкесін өлтіруге бұйрық берген Орынбасар Өтениязов жазадан қашып құтылыпты. Бұған қоса, ол құзырлы орган қызметкерлерінің нағыз кінәлілерді көлеңкелеп қалғанын, заттай дәйектерді, атап айтсақ, бейнебақылау камераларына түсірілген видео мен қоңырауларды жасырғанын айтыпты.
Бұған қоса, ол басқа да айғақтарға қарамастан, сот шешімінде тек Маманов пен Нұрлыханов оқиғаны жасырды деп көрсетілгенін алға тартты.
«Олардың құқық қорғау органдарында туыстары бар. Сол себепті, іс тиісті түрде қаралмады. Ауыз жаласу болғаны анық», - дейді марқұмның ұлы.
Сондай-ақ, ол істің қайта қаралуын талап етіп, кінәлілерге көмектескен азаматтардың жазалануын сұрады.
Мирас Мұратов облыстық прокуратурадан қайыр жоқ екенін айтып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтан көмек сұрады. Алайда, Батыс Қазақстан облысының ПД өкілдері ешқандай ауыз жаласу болған жоқ деп ақталды.
«Іске қатысы бар деп Пішенбаев ұсталды. Аралбаевтың өліміне Маманов пен Нұрлыханов кінәлі деп танылмады. Қазіргі таңда тағы бір адам іске қатысы бар дегендіктен, қылмыстық тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деді ПД өкілдері.