$ 494.87  520.65  4.91

Алматыда құрылысы аяқталмаған нысан жасырын екпе салатын орынға айналған

Нысан құрылысы аяқталмағаны былай тұрсын, онда қолжуғыш та, залалсыздандыру заттары да жоқ. Соған қарамастан, жұрт ем-шара бөлмесінің жабылмағанын қалайды.
фото: jasqazaq.kz
фото: jasqazaq.kz

Құрылысы бітпеген нысан ем-шара бөлмесіне айналған. Алматыда қолданысқа дайын емес ғимаратта ешқандай санитарлық талапты сақтамастан, науқастарға заңсыз екпе салған орын анықталды, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Құрылысы бітпеген ғимаратқа кіріп-шығушы адам көп. Өйткені, нысанның бірінші қабаты – екпе бөлмесі. Іште науқастарға ем-дом жасауға еш жағдай жасалмаған. Осыны естіген санитар дәрігерлер жағдайды өз көзімен көруге келді. Ал кәсібін қыздырғандар тексерушілерді күтпесе керек, абдырап қалды.

Нысан құрылысы аяқталмағаны былай тұрсын, онда қолжуғыш та, залалсыздандыру заттары да жоқ. Соған қарамастан, жұрт ем-шара бөлмесінің жабылмағанын қалайды. Өйткені, қазір екпе салатын орынды да, маманды да табу қиынның қиыны дейді.

«Мүгедекпін. Біздің бүкіл Саялыда медициналық орталық жоқ. Түсінесіздер ме? Мұны жапса, біз – мүгедектер қалаға барамыз ба? Оның бәрі ақша. Халыққа жақсылық істеп жатыр ғой. Міне, сізге айтайын, таңғы 6-дан кешкі 11-ге дейін жұрт келіп жатыр. Жұрт қазір тиын таппай жүр, түсініп отырсыздар ма? Бұнымен сіздер халыққа жақсы қылмайсыздар. Керісінше, жамандық қыласыздар», - дейді емделушілердің бірі.

Ал мамандар мұндай жерде науқастарға екпе салудың аса қауіпті екенін айтады. Себебі, ем іздей келген тұрғындардың қан арқылы инфекция жұқтырып алуы әбден мүмкін.

«Бұл процедуралық кабинетте екпе салынатын болған соң, ине, қанмен айналысатын болған соң, неше түрлі инфекция жұқтыруы мүмкін. Бұл жерде ешқандай эпидемияға қарсы іс-шаралар қолданылмайды. Хаттама толтырылып, бұл нысанның жұмысын тоқтату туралы қаулы шығарылады», - дейді Алатау аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бөлім басшысы Лаура Тойшиева.

Сонымен, заңсыз жұмыс істеген жеке кәсіпкердің жұмысы тоқтатылды. Әрі егу бөлмесінің иелері 600 мың теңгеден астам айыппұл арқалады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары