23.07.2020, 22:20

Кеңседе ішімдік ішкен павлодарлық түрме басшыларына қызметтік тексеріс басталды

Полиция департаменті оқиға орнына жеткенде Қылмыстық атқару жүйесінің өңірлік департамент басшысы көлікке отырып, жылдамдықты асыра қашып кеткен.

Павлодарда Қылмыстық атқару жүйесінің өңірлік департамент шенділеріне қатысты қызметтік тексеріс басталды. Оған facebook желісінде тараған жазба себеп болған. Онда АП 162\2 түрмесінің қызметтік кабинетінде мекеме бастығы, орынбасарлары, департамент басшылары және көрші түрме бастығының орынбасары бірігіп, ішімдік ішкені жазылған, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.

Қылмыстық атқару комитетінің жеке бас қауіпсіздігі басқармасы Павлодар облысы Қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлері қызметтік тәртіпті бұзды деген ақпаратқа байланысты тексеруді бастады. Оның нәтижесі бойынша тиісті шара қолданылатын болады.

Әлеуметтік желіде бұл келеңсіздік 17 шілде күні түңгі сағат 23:30-да болғаны хабарланған. Полиция департаменті оқиға орнына жеткенде Қылмыстық атқару жүйесінің өңірлік департамент басшысы көлікке отырып, жылдамдықты асыра қашып кеткен. Ал оның орынбасары қайда барарын білмей, дәретханаға жасырыныпты.

Ұсталып қалған түрме басшылығы медициналық тексеруден өтуге қарсылық білдірген. Парақша авторы бұл жайттың бәрі бейнетаспаға түсірілгенін, бірақ, ол материалдың жойылып кетуі мүмкін екенін жазған.