Елімізге танымал заңгер Жангелді Сүлейменовтың айтуынша, Қазақстандағы заңдардың тым сапасыздығы еліміздің дамуына үлкен кедергісін келтіріп отырған көрінеді. Мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуын тежеп, құқықтардың тапталуына да осы Атазаңымыздың осалдығынан дейді ол.
«Біздің мемлекеттің басты проблемасы - сапасыз әзірленген заңдар. Ол біздің еліміздің алға қарай жылжуына кедергі келтіріп, мемлекеттік бағдарламалардың тамырына балта шабады. Сондай-ақ, не мемлекеттің, не қоғамның құқығын қорғай алмайды» дейді Ж.Сүлейменов.
Оның айтуынша, Елбасының «100 нақты қадамы» аясында қабылданып жатқан заңдардың да осал тұсы жетерлік. Алайда, бұған үкіметтің де, Парламенттің де кінәсі жоқ дейді заңгер.
«Біздің бүгінгі жүйе сапалы заң әзірлеп, қабылдануына жол бермейді. Мәселен, 2009 жылғы Салық кодексіне бүгінге дейін жүздеген өзгеріс енгізілді. 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап қабылданған Қылмыстық кодекске 7 өзгеріс енгізілді. Сондай-ақ, күшіне енгеніне 3 айдан енді асқан Еңбек кодексіне де бірнеше өзгеріс енгізіп үлгердік. Осылайша, жүзздеген заңға мыңдаған өзгерістер енгізілген. Мұндай тұрақсыздық заңдарды орындауда түрлі қателіктер жасауға әкеліп соғады. Яғни, халықтың, мемлекеттің, компаниялардың құқықтары жиі бұзылады» дейді Жангелді Сүлейменов өзінің Фэйсбуктегі парақшасында.
Заңгердің пікірінше, мұның бәріне Конституциядағы нормалардың нақты жазылмауы себеп көрінеді. Егер Атазаңымыздағы барлық нормалар нақты көрсетілсе заңдардың барлығы бұл принципке бағынар еді дейді ол.
«Біздің Конституция 1995 жылы қабылданған. Қазақстан ол кезде тым жас мемлекет болатын. Сол уақыттан бері әлем өзгерді, біздің ел мен халық та өзгеріп отыр. Сол секілді Атазаңымызды да өзгертетін уақыт келді» деп жазады заңгер.
Егер Конституция өзгертілетін болып, ол үшін арнайы комиссия құрылатын болса, оның құрамына ғалымдар мен білікті заңгерлерді де қосу керек деп есептейді Ж.Сүлейменов.