Елордалық банктердің бірінде қызмет істейтін менеджер клиенттердің есепшотынан ақша ұрлаған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қызметкер әйел түрлі банктік операциялар арқылы бірнеше ай бойы клиенттерге тиесілі ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырып, жымқырып отырған.
Бірнеше жыл жұмыс істеген менеджердің әрекетінен 7 клиент зардап шеккен. Яғни, олардың 297 мың теңгесі ұрланғаны анықталды. Соның салдарынан банк қызметкері жұмыстан шығарылды.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 188-бабы («Ұрлық») бойынша іс қозғалды. Ал заңда мұндай қылмыс үшін 1 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, яғни 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу көзделген. Қылмыс сипатына қарай мүлкі тәркіленіп немесе 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.