Қазақстанда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы Ұлттық баяндама әзірленеді. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асхат Оралов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасында отбасы мәселелері жөніндегі уәкілетті органды айқындап, оның осы саладағы құзыретін бекіту көзделген болатын. Заң жобасына сәйкес, уәкілетті орган мемлекеттік отбасылық саясат саласындағы басшылықты және саларалық үйлестіру жұмысын атқаратын болады. Қазіргі кезде осы бағытта жеткілікті институционалдық база құрылды. Біздің министрлікте жастар және отбасы комитеті жұмыс істеуде, оның ішінде арнайы отбасы мәселелерімен айналысатын жеке басқарма құрылды. Сонымен қатар Білім және ғылым министрлігінде балалар құқықтарын қорғау комитеті қызмет етуде», - деп тоқталды вице-министр.
Асхат Ораловтың айтуынша, 2021 жылдан бастап мемлекеттік тапсырыс аясында Қазақстандағы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы Ұлттық баяндама әзірленеді.
«Бұл Ұлттық баяндама отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қабылданатын шараларды, оның ішінде проблемалар мен шешу жолдарын, статистикалық мәліметтерді және талдауды қамтиды. Атап айтқанда, жыл сайын осы Ұлттық баяндама Мемлекет басшысына таныстырылады», - деді вице-министр.