Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Онда депутаттардың бастамасымен әзірленген білім беру мәселелері бойынша заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Депутаттар әзірлеген өзгерістер білім беру процесін одан әрі жетілдіруге, оның ішінде білім беру жетістіктерінің мониторингін жүзеге асыруға бағытталған. Осыған байланысты ұсынылған білім беру жетістіктерін бақылаудың қазіргі білім жетістіктерін сырттай бағалаудан айырмашылығы туралы мәселе көтерілді.
"Меніңше, бұл сұрақты әлі де қарастыру қажет. Себебі, білім саласы ол - елдің болашағы. Сондықтан, бұл салада барлық жаңалықтар өз уақытында жедел қолға алынып отыр. Мысалы, екі жыл бұрын ғана Заң бойынша жоғары оқу орындарына академиялық және басқарушылық еркіндік берілді. Сонымен бірге, келесі жылдан бастап жеке диплом беру де қолға алынатын болады. Осының барлығы, оқу орындарының заманға сай, еркін, ашық және сапалы жұмыс жасауы үшін жасалып отырған қадамдар", - деді Нұрлан Нығматулин.
Сонымен қатар, Мәжіліс Төрағасы 2021 жылдан бастап жоғары оқу орындары жеке үлгідегі дипломдарды бере бастайтынын айтып, заң жүзінде жоғары оқу орындарына білім беру қызметінде толық дербестік берілгеніне тоқталды.
"Егер солай болса, онда білім сапасы үшін жауапкершілік жоғары оқу орындарының өздеріне жүктеледі, - деді Н.Нығматулин.
Мәжіліс Төрағасының пікірінше, ЖОО-ның дербестігі - бұл дипломдарға мөр басу мүмкіндігі деп ойламау керек.
Осы ретте Палата Спикері: "Әрбір ЖОО өздері берген дипломын бағалай білуі керек. Осыған байланысты жоғары оқу орындарында білім беру жетістіктеріне мониторинг жүргізу қаншалықты орынды деген сұрақ туындайды? Оның үстіне, бұл мониторинг қандай да бір ЖОО-ның білім беру бағдарламаларының сапасы туралы ешқандай түсінік бермейді. Тағы бір айта кететін жағдай, білім беру қызметін бақылау керек. Енді университеттер бақылаусыз қалуы мүмкін деген жалған пікір қалыптаспауы керек", - деді.
Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, мұндай бақылау бар - кәсіпкерлік субъектілері ретінде барлық жоғары оқу орындарына бақылау Кәсіпкерлік кодекске сәйкес жүзеге асырылады.
Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, Білім министрлігі Бас прокуратураның Құқықтық статистика орталығы арқылы нарық субъектісі ретінде кіріп, қарай алады. Сонымен қатар, барлық ЖОО-лар қазір нарық субъектілері болып табылады және біліктілік талаптарына, білім беру стандарттарына сай келеді. Бұл уәкілетті органға, яғни Білім министрлігіне жоғары оқу орындарының білім беру қызметін тереңірек талдауға және оларға тиісті баға беруге мүмкіндік береді.
Осыған сәйкес, Мәжіліс Төрағасы екінші оқылымға дейін әзірлеушілермен бірге жұмыс тобына осы мәселені мұқият қарастыруды тапсыратынын айтты. Сонымен қатар, бүгінгі отырыста Палата «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.
Құжатта Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлерін әскери қызметшілер санатына ауыстыру және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жекелеген бөлімшелерін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әскери құрамаларына қайта құру мүмкіндігі көзделген. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ведомствосы мәртебесін бере отырып, авиацияны Шекара қызметінен шығаруды көздейтін түзетулер енгізу ұсынылады. Сондай-ақ, Ұлттық қауіпсіздік органдарының оқу орындарын интеграциялау және кадрлар даярлау сапасын арттыру үшін заң жобасында Шекара қызметі академиясын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қарамағына беру қарастырылған.
Бүгінгі жалпы отырыста депутаттар Қазақстан мен Беларусь арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы Келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады. Бұл Келісім Тараптар мемлекеттерінің көші-қон заңнамасы туралы, оның ішінде көші-қон процестерін реттеу, қос азаматтық фактілерінің жолын кесу, заңсыз көші-қонға қарсы күресті ұйымдастыру, сондай-ақ заңнаманың көрсетілген салаларындағы өзгерістер туралы алмасуды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдайлар жасауды көздейді.
Оған қоса, Палатаның бейінді комитеті Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын қарастырды.