Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Онда Мәжіліс бірінші оқылымда «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізу және Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауының жекелеген ережелерін іске асыруға қатысты заң жобаларын мақұлдады. Бүл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы, Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Үкіметі туралы заң жобасының негізгі мақсаты - мемлекеттік қызмет және мемлекеттік басқару саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру. Заң жобасында жауапты хатшылар институты жойылады. Жауапты хатшылар институты жойылған кезде олардың міндеттері министрліктер аппараттарының басшыларына жүктеледі.
Құжатты қабылдаудың әлеуметтік-экономикалық салдары тұрғысынан мемлекеттік аппараттың тұрақтылығы, мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының жауаптылығын арттыру, мемлекеттік органдардың жұмысында кадрлар сабақтастығын сақтау және т.б. күтіледі. Жолдауға қатысты заң жобасы тұтастай алғанда лауазымдары жойылатын жауапты хатшылардың міндеттерін аппарат басшыларына жүктеу көзделген. Сонымен қатар кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстар үшін жазаны қатаңдату, оларды қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерде ұстауды, тағайындалған мерзімді кешірім жасау және мерзімінен бұрын босату құқығынсыз өтеу қарастырылған.
Бүгінгі отырыста туристік қызмет мәселелері бойынша заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Осы ретте, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин туризмді дамыту үшін қолайлы жағдай жасау, оның ішінде заңнамалық деңгейде елдің туристік әлеуетін ашуға және осы саланы нығайтуға ықпал ететініне сенім білдіріп: "Туризм - еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында ерекше орны бар салалардың бірі. Біздің елімізде туризмді дамытудың мүмкіндігі өте зор.
Ең алдымен, біздің кең байтақ Қазақстанымыздың табиғаты керемет. Біз осы залда отырған әр депутат өзінің туған жерін еске алса, не болмаса өзіміздің астанамыздың, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласының төңірегінде, Бурабайды, оңтүстік өңірді алсақ ешқандай шетелдің керегі жоқ. Халқымыздың бауырмал, қонақжай дәстүріміз де ерекше. Ол да біздің туризмге жол ашады. Ұлы даламызда шетел қонақтары қызығатын тарихи-мәдени мұралар да көп. Сол үшін елімізде туризмді дамытуға баса көңіл бөлініп, нақты шаралар қолға алынды. Басты мақсат – 2023-ші жылға дейін туризм саласы экономиканың 8 пайызын құрауға тиіс. Бұл еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге арналған маңызды қадамдардың бірі. Ол бүгін заң жағынан қолдау тауып отыр", – деді.
Жалпы заң жобасы туристік қызмет саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатында әзірленді және басым туристік аумақтар ұғымын бекітуді көздейді. Аумақтарда туристік қызмет объектілерін құру кезінде инвестициялық преференциялар беруді, туроператорлық қызметті шығу, келу және ішкі туризм салаларына бөлуді қарастырады. Сондай-ақ, шығу туризмі саласында азаматтардың құқықтарына кепілдік беру жүйесін жетілдіруді «трофейлік аң аулау» ұғымын енгізу ұсынылған.
Сонымен қатар, Палата бірінші оқылымда Нормашығармашылықты жетілдіру мәселелері бойынша түзетулер және адвокаттық қызмет пен заң көмегіне қатысты депутаттық заң жобаларын мақұлдады.
Бұл заң жобасының негізгі ережелерінің бірі – заңнама алдындағы талдау нысаны ретінде заң жобасының тұжырымдамасы мәселесін шешу болып табылады.
Заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік органның консультативтік құжатты оған тиісті талдамалық материалдарды қоса бере отырып қалыптастыру және оны жұртшылықпен талқылау міндеті белгіленеді. Талқылау қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар проблемаларды және оларды шешудің ұсынылатын жолдарын пысықтайды.
Ал, адвокаттық қызмет пен заң көмегіне қатысты депутаттық заң жобалары қолданыстағы заңнама мен құқық қолдану практикасының мониторингі, сондай-ақ депутаттардың адвокаттармен, заңгерлермен, судьялармен және құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесулер кезінде келіп түскен ұсыныстар негізінде әзірленді.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында қылмыстық, азаматтық істер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету шеңберінде адвокаттарды тағайындау тәртібін автоматтандыру ұсынылып отыр. Бұл ретте қорғалуға конституциялық құқықтың бұзылуына жол бермеу мақсатында автоматтандырумен қатар адвокаттарды тағайындаудың қолданыстағы тәртібі сақталады.
Бүгінгі жалпы отырыста орталық және жергілікті мемлекеттік органдар арасында ауызсумен жабдықтауды субсидиялау жөніндегі өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша депутаттық заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасында баламасыз сумен жабдықтау көздері болып табылатын аса маңызды жергілікті сумен жабдықтау жүйелерінің тізбесін әзірлеу және бекіту жөніндегі функцияларды уәкілетті органнан жергілікті атқарушы органдарға беру көзделеді. Бұл ретте, жаңадан салынған жергілікті сумен жабдықтау жүйелерінің тізбесіне енгізу рәсімі жергілікті деңгейде жүргізілетін болады, бұл өңірлердің ауызсумен жабдықтауға субсидиялар алуын жылдамдатады. Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары екінші оқылымда бірқатар экологиялық және оған ілеспе заң жобаларын мақұлдады. Экология кодексінің жобасы бойынша екінші оқылымға дайындық барысында жұмыс тобы ең үздік қолжетімді техникалардың неғұрлым қатаң анықтамалықтарын қабылдау кезінде бұрын берілген кешенді экологиялық рұқсаттарды қайта қарауды пысықтады. Сондай-ақ, әзірлеу тәртібін енді ұлттық стандарттар түрінде емес, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі анықтамалықтарды бекітуді және эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесін енгізу мерзімдері мәселелері бойынша түзетулерді қарады. Бүгінгі жалпы отырыста Палата депутаттары екінші оқылымда қаралатындар қатарында қоғамдық кеңестердің қызметі туралы заң жобасын мақұлдады. Осы заң жобасына қатысты Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин:
«Қоғамдық кеңестер туралы» алғашқы заң осыдан 5 жыл бұрын қабылданған болатын. Бірақ та, қазіргі уақыт талабына сай, осы заң жобасына бірқатар маңызды өзгерістер енгізіліп отыр. Мысалы, енді тек мемлекеттік органдарда ғана емес, квази мемлекеттік секторларда да осы қоғамдық кеңестер құрылатын болады. Сонымен бірге, қоғамдық кеңес мүшелері мемлекеттік сатып алу жұмыстарына қатысады. Осы сияқты басқа да көптеген керекті түзетулер енгізілді. Оның барлығы, билік және қоғам арасындағы байланысты, диалогты одан әрі күшейтіп, жұмыс сапасын арттыруға ықпал етеді деп сенеміз, - деді.
Жалпы Қоғамдық қызмет туралы заң жобасы бойынша депутаттар қоғамдық кеңестің қызметін жергілікті деңгейде ұйымдастыру тұрғысынан қамтамасыз ету жөніндегі функцияны әкімдіктердің құзыретінен алып тастауды және оны мәслихаттарға бекітіп беруді ұсынды. Осыны негізге ала отырып, мәслихат хатшысы еңбек заңнамасына сәйкес еңбек шарты бойынша тартылатын қызметкерді дербес айқындайды, ол қоғамдық кеңес хатшысының міндеттерін атқаратын болады.
Бүгін депутаттар өздері әзірлеген күзет қызметі мәселелері туралы заң жобаларын, сондай-ақ, адамдарды Қазақстан шегінен тыс жерге шығарып жіберуге және бюджет заңнамасын жетілдіруге қатысты заң жобаларын мақұлдады. Сонымен бірге жалпы отырыста Палата дипломатиялық қызмет туралы заң жобасын жұмысқа алды. Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары З. Бәлиева, А.Перуашев мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.