9 мамыр мерекесі жақындаған кезде Ұлы Отан соғысы ардагерлерін құттықтау, марапаттау рәсімдері басталатыны жасырын емес. Көңілді қатты қынжылтатыны жыл өткен сайын қасық қаны қалғанша майданда күресіп, жаны мен тәнін оқ пен отқа тосқан қариялардың азайып бара жатқаны. Сол үшін де 9 мамыр қарсаңында қатары сиреген қарттарды құттықтауға асығатындар көп. Солардың ішінде тәртіп сақшылары да бар. Осы орайда мейрам алдында ардагерлерді полиция қалай құттықтағанын Skifnews.kz ақпараттық порталы ақпарат көздері арқылы бақылап көрген еді.
94 жастағы ардагерді құттықтады
ІІМ Министрлігі Ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Болсамбеков пен Астана қаласы ДП ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Кішкентаев 94 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Утюн Мустафин үйінде болды. Олар ардагерді Жеңіс күнімен құттықтап, соғыс жылдарындағы адалдығы мен ерлігі үшін алғыстарын білдіріп, ұзақ өмір сүруіне тілектестік білдірді.
Ұлы Отан соғысының ардагері Утюн Мустафин 1926 жылы 15 тамызда Қостанай облысы, Меңдіқара ауданы, Татьяновка ауылында дүниеге келген. Ол 1944 жылы 15 желтоқсанда Кеңес армиясы қатарына шақырылады. Жас жігіт запастағы Шұбаркүл полкінде төрт айлық дайындық курсын аяқтап, II Беларуссия майданындағы 303 атқыштар полкінде қызмет етуге кетеді. Богемияда болған кезде оның полкі жауды ығыстырып, Одер өзенінің арғы бетіне дейінгі жерді азат етіп алады. Осылайша Утюн Мустафин жеңіс туралы сүйінші хабарды Балтық теңізінің жағасында жүргенде естиді.
«Жеңіс туралы білген кездегі қандай сезімді басымнан өткергенім әлі есімде. Соғыс - бұл жан түршігерлік трагедия, көптеген адамдар қайтыс болды, жүз мыңдаған адамдар ауыр жарақатпен оралды. Бейбіт уақытта өмір сүру - бұл бақыт », - дейді ақсақал.
Алдыңғы қатардағы жауынгер соғыс жылдарындағы сұрапыл кезеңдер мен қанды әскери шайқастардың бел ортасында жүргенімен, бейбіт уақытта ішкі істер органдарында қызмет ете отырып, отандастарына өлшеусіз пайда әкеле алды.
Утюн Мустафин тек 1950 жылы әскерден шығарылады. 1964 жылға дейін Қостанай қаласының ішкі істер органдарында, кейін зейнеткерлікке шыққанға дейін Торғай облысының ішкі істер органдарында жұмыс істейді.
Тағдыр ардагерге бес балаға немере мен шөбере сүйіп бақыт сыйлады. 2010 жылы ақсақал астанаға көшіп келді, онда ол балалармен бірге тұрады. Утюн ата II дәрежелі Отан соғысы орденімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған. Жеңістің және Қарулы Күштердің мерейтойына орай құрылған он медалі бар. КСРО, және Ішкі істер министрлігінің бес медалінің де иегері.
Полиция қызметкерлері ардагерге Ұлы Жеңіске деген шын жүректен шыққан ризашылықтарынжеткізіп, сыйлықтар мен гүлдер сыйлады. «Біз сізге қарыздармыз, сіз өмір жолында үлкен еңбек жасадыңыз, сіздің жанқиярлық ерліктеріңіз Ұлы Жеңіске әкелді. Сізге тағзым, мықты денсаулық, өркендеу және бейбітшілік тілеймін! », - деді Өмірзақ Болсамбеков.
Ардагерлерге ерекше құттықтау арнады
Ұлы отан соғысы ардагерлерін тек тәртіп сақшылары ғана емес, колонияда жазасын өтеп жатқан сотталушылар да құттықтады. Атап айтатын болсақ, жеңіс мерекесі қарсаңында сотталушылар 9 мамыр таңбаларымен безендірілген бетперде тігіп шыққан.
Түрмеде отырған кезде көптеген сотталушылар Ұлы Отан соғысына қатысқан қарияларды құттықтау бастамасын көтереді. Олар қорғаныш маскаларын тігу үшін қажетті материал беру туралы өтінішпен мекеме әкімшілігіне жүгінеді.
АК-159/9 мекемелерінің басшылығы сотталғандардың ұсынысын қабыл алып, нәтижесінде оларға қажетті тігін материалдарын жеткізіп береді. «Сотталғандар ұсынған осындай бастамалар олардың қайта әлеуметтенуіне оң әсер етеді. Біздің бірінші кезектегі міндетіміз - сотталғандарды түзеу және оларды қоғамға қайтару. Сондықтан әкімшілік сотталғандардың мұндай ұсыныстарын ықыласпен қабылдайды », - дейді АК-159/9 мекемесі бастығының орынбасары Назира Қадірова.
«Мұндай идеяны біздің отрядтан бір сотталушы ұсынды. Оның атасы кезінде майданда шайқасқан екен. Бас бостандығынан айыру орындарында бола отырып, мен де Ұлы Отан соғысының қатысушылары үшін мерекелік атмосфераны құруға өз үлесімді қосқым келеді », - деген пікір білдірген АК-159/9 мекемесінің сотталушысы.
Тыл ардагерлеріне арнап концерт қойды
Ұлы отан соғысы ардагерлерін құттықтау шарасынан Қарағанды облысындағы қылмыстық атқару жүйесі комитеті өкілдері де қалыс қалмады. Көтеріңкі көңіл күй, мерекелік әсер сыйлау мақсатында олар аулада тыл еңбеккерлеріне арналған концерт өткізді.
Шара барысында Қарағанды облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мен бөлімшелері қызметкерлері Ұлы Отан соғысында қаза болғандарды және бізді осындай бейбіт уақытқа жеткізген ардагерлер мен тыл еңбеккерлерін еске алды.
Шектеу шаралары кезеңінде қызметкерлер тыл еңбеккерлерінің ауласында официттік концерт өткізуге шешім қабылдады. Сол кезеңдердегі атмосфераны беру үшін ұйымдастырушыларға жүк техникаларын пайдаланып, сол жылдардағы әскери киімді кию керек болды.
Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті қызметкерлері әскери-патриоттық әндер орындап, ардагерлерге алғыс хаттар табыстады. Мұндай ерекше құттықтау тыл еңбеккері Раиса Петровна Гончарикке қатты әсер етті. Биыл ол өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өткен болатын.
Раиса Петровна 1931 жылы 8 наурызда дүниеге келген. Соғыстан кейін ол Қарағанды облысы, Балқаш қаласындағы АК-159/21 Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мекемесінде жұмыс істеді (1960 жылдан 1986 жылға дейін).
Ол әртүрлі лауазымдарда қызметтер атқарған: сатушы, сату бөлімінің бастығы болған. Сонан соң АК-159/21 мекемесінің сату бөлімінің аға инспекторы қызметінен зейнетке шықты.
Соғыс кезінде Раиса Петровна шамамен 10-14 жаста болған. Ардагердің айтуынша, соғыс жылдарындағы балалар ересектермен тең дәрежеде жұмыс істеген. Сондықтан, ол жастығына қарамай, далада да ауыр жұмыстарды жасауға мәжбүр болады.
Раиса Петровна Қостанай облысындағы кілегей зауытында да қызмет атқарған. Шараның соңында «Мен Қарағанды облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті атынан барлығын Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап, ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілеймін», - деп мәлімдеді Қарағанды қаласы бойынша ҚАЖД бастығының орынбасары Бекболат Шакиров.