ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАНДАСТАРДЫҢ БАСТЫ АҚПАРАТ КӨЗІ ЖАБЫЛУ ҚАУПІНДЕ ТҰР - Жаңалықтар. Қазақстанның жаңалықтары. Skifnews.kz ақпараттық портал

ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАНДАСТАРДЫҢ БАСТЫ АҚПАРАТ КӨЗІ ЖАБЫЛУ ҚАУПІНДЕ ТҰР

11.09.2014, 14:09
Сурет: kzweixin.com Сурет: kzweixin.com

Бүгінгі заман ақпараттық заман екенін ешкім жоққа шығармайды. Көрші үй түгілі, алты құрлықтың арғы бетіндегі қазір болып жатқан оқиғаны қазір естіп, біліп, көріп отырмыз. Бұл қазақ елінің ақпараттық даму жағынан әлемдік көште алғашқы елдердің бірі екенінің айқын көрінісі. Тіпті, бұл көштен Қазақстаннан тысқары жерлерде тұратын қазақтарда қалыс қалған емес. Солардың ішінде интернет сайттары ерекше дамығаны – Қытайдағы қандастарымыз.

Олардың әр түрлі бағытта ел игілігіне арналған 50-ге жуық сайты ақын, ағартушы, қоғам қайраткері қазақтың қасқа маңдай азаматы Ахмет Байтұрсынов қалыптастырып кеткен төте жазу үлгісімен жарық көріп келеді.

Бұл сайттардың әдерісін әр жерден жеке-жеке іздемей-ақ, мына kz321.com- сілтемені басып қалсаңыз айтып отырған әңгімеміздің ақиқатына көз жеткізесіз. Әр сайттың топтастырылған аты-жөнін анық көруге болады. Кез-келген біреуін басып қалсаңыз сол сайттың оқырманы болдым деп есептей беріңіз.

Жоғарыда атап өткеніміздей әр сайт әр түрлі бағытқа арналған. Соның ішінде «senkazakh.com» сайтының орны ерекше!  Олай дейтініміз осы сайт арқылы арғы беттегі қандастарымыз ата-жұртындағы қыбыр еткен құбылыстың барлығынан құлағдар болып келеді. Ал, бізде осы ақпарат көзі арқылы сол жақтағы қандастарымыздың тұрмыс-тіршілігінен, күнделікті өмірінен хабардар алып отыратынымыз жасырын емес. Тіпті, қандастарымыз ғана емес, Қытайдың ішінде болып жатқан кейбір маңызды ақпараттарды да осы сайт арқылы естіп, біліп жатамыз.

«Senkazakh.com» сайты Қазақстан мен Қытай қазақтары арасындағы ақпарат көпірі болғалы біраз жыл болып қалды. Соңғы жылдары бұл сайт екі ел арасындағы ақпарат көпірі ғана емес, әлемдегі қазақтардың ғаламтордағы ең үлкен рухани ордасына айналды десек артық айтқандық болмас. Бұлай айтудағы себебіміз – сайт тек төте жазумен ғана шектелмей, кирилше нұсқада да  оқырмандарын жаңалықтарымен бөлісе алатындығы. Осыдан бірер жыл бұрын аталмыш сайт программасына төте-кирилді сәйкестіретін қабылет қосып, жаңалық ашып, әлем қазақтарының жазу ұқсамастығынан бөлініп қалған ақпарат кеңістігін тұтастырып, тек Қытай ғана емес, Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Монғолия, Тұркиядағы қандастарымыздың бір-бірімен рухани тоғысу алаңын қалыптастрыды. Бұл сайттың елімізден тысқары жерде өмір сүріп жатқан қандастарымызды тамыры бір ұлттық құндылықтарын бөлісуге, алмастыруға қосып жатқан өлшеусіз еңбегі деп бағаласақ артық болмас.

Осылай «Senkazakh.com» сайты арқылы әр елдегі қандастар бір-бірімен жүздері тоғыспаса да, жүректері, тілектері тоғысып жатыр. Бүгінгі мәліметтерге сүйенсе, сайтқа бір күнде 2 мыңға жуық ақпарат, мақала салынса,  көрілімі жағынан күндік көрсеткіші 100 мыңнан асып жығылады екен. Ал қазірге дейін қазақ мәдениетінің әр қырынан сыр шертетін, ақпараттық танымдық мәліметтер 2 милионға жетсе, тұрақты тіркелушілері 60 мың адамнан асқан.

Сайт Қытай елінде болғандықтан өзге елдегі қытайтанушы әуесқойларға таптырмас ақпарат көзі болып тұрғаны айтпасақта түсінікті. Алайда, осындай ауыр жүкті арқалап келе жатқан «Senkazakh.com» сайты соңғы кездері, нақтырақ айтса, тамыздың ортасынан бүгінге дейін сайт бірде ашылып, бірде мүлдем ашылмай келеді.

Осыған байланысты әлеуметтік желілер арқылы сайт жетекшісі Ақытбек Шеризатұлымен сөйлескен едік. Қазір техникалық себептерге байланысты сайттың тоқтап тұрғанын айтты. Сонымен қатар сайттың тағдыры жабылып қалу қаупінде тұрғанын да жасырмады. Бүгінге дейін бұл ақпарат көзі еңбекқор ұжым мүшелері мен бір қатар ұлт жанды азаматтардың көмегімен күн көріп жатқанын айтты. Әрине, бір сайтты осындай деңгейге жеткізу, ұстап отыру қаншама қаржыны талап ететіні айтпасақта түсінікті.

Егер, Қытайдағы қандастарымыздың басты ақпарат көзіне айналған «Senkazakh.com» сайты өмір сүруін тоқтататын болса, онсыз да тілі шұбарланып бара жатқан ондағы ұрпақтардың тілі де бірге жоғалары сөзсіз. Бұл сайт екі ел арасындағы ақпарат көпірі ғана емес, сол жақтағы қандастарымыздың тілдік хорының да алтын бастауы екенін естен шығармағанымыз абзал.

Иә, «Senkazakh.com» сайты дәл қазір өндірістік байланыстан ажырап тұр. Мүмкін, экономикалық қиыншылық, мүмкін, белгісіз қоғамдық қысым салдарынан, немесе басқалай себептерге байланысты есігін жауып тастаған болар. Алайда, ондағы алаш аманатына қиянат жасамайтын батыр бауырларымыз аталмыш ақпарат көзінің есігін қайтадан айқара ашады деген сенімдеміз.

Біз «көршісі атқа мініп, бәйгеге шапса, үйде отырып, тақымын қысатын» қазақтың баласымыз. Шеттегі бір қазақ баласы жетістікке жетсе, біздің де мерейіміз тасып, абыройымыз асып жатады. Керісінше, келеңсіз оқиғаларды естігенде көңіліміз пәс тартып қалады. Міне, екі елдің арасындағы ақпараттың алтын көпіріне айналған «Senkazakh.com» сайтының басына «қауып төніп тұр» дегенді естігенде жабырқап қалғанымыз шындық. Бұл сайтты алыстағы ағайындарымыз ашса да, қазақ тілінде, қазақтың өркениеті үшін еңбек етіп жатқаны үшін қазақ баспасөзінің бір бұтағы деп есептейік ағайын. Ал бұтақты сындырып алу әр бір қазақ азаматына сын...

Күнсұлтан ОТАРБАЕВ.

Пікір  

+ 0 Бакытжан 13.09.2014 18:19
Лучший выход- переехать на постоянное жительство в Казахстан.
Жауап беру
+ 0 Болат 16.09.2014 20:10
Бір жарым миллиард қытайдың арасында қытайланып кетпей аман қалу мүмкін емес, қарсы тұратын қауһар жоқ. Біздегі орыстанған қазақтардың арасында қазақы қалпты құртып алмас үшін, өзара көмек үшін,бір бірлеріңнен ажырап қалмас үшін,бөлшектенбей ауыл - ауыл болып Қазақстанға қоныстану керек. Біздің мемлекетке осындай ұсыныспен шығыңдар.
Жауап беру

«Skifnews.kz» ақпараттық порталына гиперсілтеме жасалған жағдайда ғана материалдарды қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан дәйексөз алынғанда міндетті түрде сілтеме жасалуы тиіс. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда материалдарды коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды.

E-mail: info.skifnews@gmail.com

Сайтта жарнама орналастыру

   

Skifnews жаңалықтарын Facebook-те
оқу үшін "Нравится" белгісін басыңыз

  

 

Яндекс.Метрика

©2016 Skifnews.kz. Авторлық және жарнама құқықтар толығымен сақталады.

DivideGroup — сайт әзірлеуші