Қазақ батырларының тағдыры. Шеруші Байтайлақ батыр - Жаңалықтар. Қазақстанның жаңалықтары. Skifnews.kz ақпараттық портал

Қазақ батырларының тағдыры. Шеруші Байтайлақ батыр

18.09.2015, 09:57
Қазақ батырларының тағдыры. Шеруші Байтайлақ батыр Сурет

Шеруші Байтайлақ батыр Ұлы хан Абылай ардақтап, есімі руының ұранына айналған қолбасшы Байтайлақ батыр туралы деректер аз болса да, оның өзін ұрпақтың біліміне жалғастыру – біздің міндет Ұзақ жылдар бойғы бодандық қамыты қазақты тарихи тамырынан ажыратып жіберуге шақ қалды.

Сан ғасырлық тарихымыз мұрағатта шаң қауып, азаттық аңсаған халықтың өткені айтылмады. Әлі күнге дейін «Ұлы Октябрь революциясы» деп ардақталып келе жатқан саяси оқиғаға дейін қазықта әдебиет пен ауыз толтырып айтарлықтай тарих болмаған деген түсінік халық санасына мықтап тұрып сіңіріліп жатты. Осының салдарынан ұлт азаттық жолында күрескен ұлы тұлғаларымыз бен шынайы тарихымыз халық санасынан ұмытыла бастады. Сондай тұлғалардың бірі деп атақты қолбасшы, батыр Байтайлақ Бәйімбетұлын айтуға болады. Байтайлақ батыр — қазақ халқының жоңғар, шүршіт, қырғыз, орыс шапқыншыларына қарсы ұлт-азаттық соғысында ерлiк көрсетiп, аты аңызға айналған, есiмi 12 рулы керейдің тұтас бiр Шеруші (негізінен қытай мен Моңғолияда тұрады. Ұраны – «Байтайлақ») елінің ұранына айналған айтулы тұлға. Оның есiмi өз заманында Қабанбай, Бөгенбай, ер Жәнiбек, Наурызбай сияқты батырлармен қатар аталып, атақты хан Абылайдың өзі аса жоғары бағалаған батырдың бірі болған.  Он екі рулы Абақ керейдің Шеруші руының қолбасшысы, ел билігін ұстаған көсемі бола білген батыр 1723 жылдан 1756 жылдары арылығында төрт мәрте айналып соғып қазақтың үштен бірін бостырып жіберген «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атаумен тарихта қалған қалмақ қырғынына қарсы болған шайқастың барлығына қатысады. Осы жолда жүріп бүтіндей бір рулы елдің рухани жебеушісі, Абылайдың майдан даласындағы сенімді сарбазы, артынан қол ерте білген қолбасшысы деңгейіне дейін көтеріледі. Ел ауызындағы аңыздарға қарағанда ол атақты батыр атасы Құтымбеттің жолын қуып 13 жасынан бастап ту ұстап әкесі Бәйімбетпен бірге жорықтарға қатыса бастайды. Алғаш рет 1723 жылғы (Ақтабан шұбырынды) шығыстан лап қойған Жоңғар шапқыншыларының бетін қайтару кезіндегі шайқаста ерен ерлігімен көзге түседі. Сондай-ақ 1728-1730 жылдары аралығындағы Аңырақай шайқасы (Қалмаққырылған), Бұланты, Шідерті, Текелідегі, 1740-1750 жылдарын қамтыған Аягөз, Ақшәулі, Алатау шайқастарында Шеруші руының атынан қол бастап, ерлік көрсеткені туралы естеліктер аз емес. Шешуші шайқастар алдындағы жекпе-жектердің барлығында да мерейі үстем болып оралып отырған. Аягөз шайқасында Шақабай, Жабай, Жобалай сынды қол бастап шыққан батырлар оққа ұшса да қазақтың туын құлатпай жаяу жүріп соғысады. Сол жолы жаудың елге танымал 3 батырының басын қанжығасына байлап, тұтқынға түсірмек болған жаудың 11 бірдей сарбазын жайратып салғаны туралы аңыз бар. Байтайлақ батырдың аты ел аузында сақталған жырларда да айтылады: Батыр баба – Байтайлақ, Қатулана айқайлап, Атой сала шапқанда, Жауы қашар сай-сайлап... немесе «...Байтайлақтың мінгені Бәйге басы қаракөк. Тұяғымен тұлпардың Тас шашырап, жанады от. Жәнекеңнің барады Жау жағына қалқан боп, Жел жағына пана боп...» деп келетін тіркестер осыған куә болса керек. Кейбір деректерде Байтайлақтың сондай-ақ, хан ордасындағы елдің саяси бағыт бағдарын, соғыстың стратегиясы мен тактикасын талқылау, жүз, ру аралық мәселелерге де араласып, қытай-орыс елі арасындағы дипломатиялық істерге де қатынасып мәмiлегерлiк қызмет атқарғаны туралы айтылады. Енді осы батыр Байтайлақтың өмірі мен азаматтық, мәмілегерлік-қолбасшылық қырына қатысты зертте жұмыстарына қысқаша тоқталсақ. Батыр бабамыздың өмірін алғашқылардың бірі болып зерттеуді қолға алушылардың бірі белгілі ақын, тарихшы Асқар Татанайұлы бабамызды «Ол кезде Ер Жәнібектің сенімді серігі Жәдік-Жантай мен Шеруші-Байтайлақ батыр екен. Бұл батырлардың Жәдік пен Шеруші руының ұраны болып кетуі де ел басын біріктіріп, жағаласып жау алғандығынан. Тарихта орны бар батырлар» дейді. Байтайлақ батыр ел аралық қарым қатынасқа да араласып, Жоңғар мен Қазақ хандығы арасындағы дипломатиялық келісім, кездесулерге де мұрындық болған. Сонымен қатар ол Ер Жәнібектің ең сенімді серігі, ақылшы ағаларының бірі болған" деп суреттейді («Жәнібек батыр және Абақ елі» атты мақаласы). Сәл кейінірек шыққан Байтайлақ батырдың өмiр жолы, ерлiк iстерi туралы егжей-тегжейлi баяндалған «Тарихи дерек, келелi кеңес» атты кiтабында Пекин қаласындағы № 1 мұрағатынан табылған деректерге сүйене отырып, «Абылайдың орда маңында Керейден Жәнібек бастаған, Байтайлақ, Шақабай, Жантай сынды 30 адам болды» деген қорытынды жасайды. Сондай-ақ бұл еңбекте Байтайлақтың Қытайдан бой тасалап жүрген жоңғар билеушісі Әмірсанаға қорған болып, Абылайдың Әмiрсананы жауға бермей, сол ұстанымы арқылы Қазақияның мемлекет екенiн Қытайға таныта бiлген үлкен саясатына қолдау білдіргені туралы құнды деректер бар. Ел ауызындағы Байтайлақтың Әмiрсанамен өте жақсы қарым-қатынаста болғанын, ата жауы болса жоңғарлар да батыр бабмызды «Айтқанында тұратын, Алысқанын жығатын, Досына да, жауына да ерлігі танылған ер азамат» деп мойындайды екен аңыз осыдан қалса керек. Байтайлақ Бәйімбетұлының өзі ғана емес, үлкен ұлы Шұбаш батыр да мәмілегерлік қызмет атқарған адам. 1790 жылы Көгедай төремен бірге Пекинге сапарында Шұбаш батыр да делегация құрамында болғанын көремiз. Бұл сапарда екі ел арасындағы елшілік қызметі үшін Көгедай гүң атағын алса, Байтайлақтың ұлы Шұбаш батыр амбы дәрежесiн алып қайтады. Сонымен қатар, қытайда тұратын қандасымыз мемлекет қайраткері, шежіреші Қадыс Жәнәбілұлы, Талғатбек Кәбиұлы, белгілі жиһангер Мұхаммед Құсман Зарқұмарұлы, этнограф, тарихшы ғалым Ахмет Тоқтабай секілді зерттеушілер батыр бабамыздың күрескерлік жолында жан-жақты еңбектеніп келеді. Шәміс Құмарұлының «Ер Жәнібек», Сұлтан Тәукейұлының «Ақыр Жәнібек» романдарында батырдың көркем бейнесі қысқаша сипатталады.

Осыдан біраз уақыт бұрын Монғолияның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, жазушы Шынай Рахметұлы Шеруші жұртының ұраны болған батырға тиесілі жәдігерлер табылғанын сүйіншіледі. Батырдың бір мезетте 12 адамға ас әзірлейтін қазаны мен темір ошағы табылып отыр. Бұл жәдігерлер Шынжанда тұратын Байтайлақтың ұрпағы Зарқұмар Әбуғали ұлының қолында сақталыпты. Сонымен қатар, Шынай Рахметұлы «Байтайлақ батырдың туын көрдім. «Сар жарғақтан жасап, шетін айналдыра кестелеп, құран аяттарын жазған батырдың туы ШҰАР-ны, Алтай аймағының азаматы Жәнәбілдің үйінде екенін көзіммен көргенмін. Шашағы тозып, көп жерін оқ тесіпті...» деген бір әженің естелігін келтіретіні бар. Бұл туды кезінде Гоминдан армиясымен болған соғыстың бірінде қазақтар көтеріп шығайық деген ұсыныс айтылған екен. Жоғалтып аламыз ба деген қауіппен ұрпақтары беруден бас тартқан. Алайда бұл ту сол күйі жоғалып кетті. Әзір табылған жоқ. Ал халық арасында батырдың шоқпары оның қабірінің басына шаншылған деген деректер айтылады. Ел басына алмағайып заман туып қара да ханда әуре-сарсаң күйге түскен уақытта қаһармандықтың үлгісін танытқан Байтайлақ батырдың өмір сүрген уақыты мен жерленген жеріне қатысты зерттеушілер нақты бір тоқтамға келе қойған жоқ. Шынай Рахметұлы 1691 жылы туып, 1780 жылы Ер Жәнібектен сәл бұрынырақ қайтыс болған десе, Құсман Зарқұмарұлы 1700-1780 жылдары, Әділ Семейханұлы атты зерттеуші 1703-1781 жылдары аралығында өмір сүрген деп жорамал жасап отыр. Бірақ зерттеушілердің басым бөлігі оның 1703 жылы дүниеге келгенін айтады. Кейбір зерттеушілер Байтайлақ Бәйімбетұлының зираты бұрынғы Семей облысы Жарма ауданындағы «Байтайлақ қорымы» деп аталған төбеде жатыр десе, кейбірі қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданының Талшық қалашығы мен Жаңаауыл ауылының арасындағы «Батыр төбе» деген қорымда жатыр деген дерек келтіреді. Бұл әрине, зерттеуді қажет етеді. Бұл жерде әрине, «Қазақстанда Байтайлақ туралы аңыздар неге сақталмады» деген сұрақ туындауы да мүмкін. Зерттеушілер мұның сырын Абақ керейдiң Шерушi руының негiзiнен Қытай мен Моңғолия елдерiн мекендеп тұрып қалуынан іздейді. Сонымен қатар Қызыл империяның кейінгі саясатын қоспағанда, 1929-1931 жылғы ашаршылықта халықтың жаппай қырылып, тарихи санасынан айырылып қалуы да себеп болуы әбден мүмкін. Өз кіндігінен тараған ұрпақтары Қытай және Моңғолияда тұрып жатыр. Батырдың есімі ата жұртында сақтала қоймаса да шеттегі қазақтар арасында әлі күнге дейін айтылып келеді. Оған қатысты аңыз әңгімелер мен жырлар да ұмытыла қойған жоқ, ғасырлар бойы ел жадында сақталып, ерлік өнегесі, ұлағатты сөздері, көне мұралары ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.

Бүркіт НҰРАСЫЛ 

http://e-history.kz/kz/publications/view/1419

Батырдың ерлігі мен есімін насихаттау, ұрпақ жадында жаңғырту мақсатында 26-28 қыркүйек аралығында Астанадан Шығыс қазақстан облысына журналистер және блогерлерге арналған пресс-тур өтеді. Пресс-турға қатысушылар 27 қыркүйек күні Шығыс Қазақстан обылысы Жарма ауданы Қалба тауы баурайында батырдың кесенесінің ашылу рәсіміне қатысады. Құран бағышталып ас беріледі. 26 қыркүйек Астанадан аттану 27 қыркүйек - Шығыс Қазақстан обылысы Жарма ауданы Қалба тауы баурайында батырдың кесенесінің ашылу рәсімі болады. 28-Астанаға қайтып келу. Журналистің барып-келуі және жатын-орын, тамақтану шығындары ұымдастырушылар тарапынан. Байланыс телефондары: 8-775-694-98-98 8-701-723-75-78 8-707-555-81-82

 

«Skifnews.kz» ақпараттық порталына гиперсілтеме жасалған жағдайда ғана материалдарды қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан дәйексөз алынғанда міндетті түрде сілтеме жасалуы тиіс. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда материалдарды коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды.

E-mail: info.skifnews@gmail.com

Сайтта жарнама орналастыру

   

Skifnews жаңалықтарын Facebook-те
оқу үшін "Нравится" белгісін басыңыз

  

 

Яндекс.Метрика

©2016 Skifnews.kz. Авторлық және жарнама құқықтар толығымен сақталады.

DivideGroup — сайт әзірлеуші