Бөкей хан толық зерттеуді қажет етеді - Жаңалықтар. Қазақстанның жаңалықтары. Skifnews.kz ақпараттық портал

Бөкей хан толық зерттеуді қажет етеді

02.09.2015, 12:20
uralsk.gov.kz uralsk.gov.kz Сурет

Отан тарихынан ойып орын алуға әбден лайықты, Еділ мен Жайықтың арасын жайлаған Бөкей хандығының іргесін  қалаған Бөкей хан Нұралыұлының өмірі мен қызметі бүгінге дейін жүйелі һәм ғылыми тұрғыда жеке зерттеу нысаны ретінде арнайы қарастырылған емес. 

Кезінде: «Хан Бөкейдің тұсында Шекер шайнап, бал іштік...», деп халық мақтаған тұлға туралы Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланып жатқан тұста М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Аллаярұлы ҚазАқпарат тілшісіне өз білген-түйгенін былайша әңгімелеп берді.

Оның айтуынша, Бөкейдің ата-тегі Қазақ хандығының негізін салған Жәнібек ханнан бастау алатын хан, сұлтандар әулетінен. Әйгілі Әбілқайыр ханның тұңғыш ұлы Нұралы хан шаңырағында дүниеге келген Бөкейдің анасы да төре тұқымынан. Ол жөнінде Бөкей 1806 жылы 22 ақпанда әскери министр С.К.Вязмитиновке жолдаған хабарында «бірге туған ағайынды үшеуміздің әкеміз хан, ал шешеміз хан қызынан тарайды» деп, өз тегінің таза ақсүйектер әулетінен екендігін алға тартады [Материалы по истории Казахской ССР (1785-1828 гг.). Т.IV. Под рук. М.П.Вяткина. - Москва-Ленинград: Изд. АН СССР, 1940. с. 268]. Князь Г.С.Волконскийге жазған хатында да Бөкей өзінің хан мен хан қызынан туғандығын айтып, ата тегі бойынша өзін ақсүйек санаған. Алайда Бөкейдің анасының нақты есімі әрі қай әулеттен тарайтыны осы күнге дейін құжаттық деректермен нақтыланған емес. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары Атырау өңірінде өмір сүрген шежіреші Ыбырай Қорқытов Бөкейді Нұралы ханның үшінші әйелі Аққолтықтан өрбіген үш ұлдың ортаншысы деген. Біздіңше, Бөкейдің анасы Орта жүздегі төрелер тұқымынан болуы мүмкін. Себебі, Бөкей, оның інісі Шығай есімдері Орта жүздегі Жәдік әулетінен тарайтын төрелерге тән. Әрі бабаларының есімдерін өз балаларына қайталап қою төрелер тарихында жиі кездеседі. Тарихшы И.Ерофееваның анықтауынша, Әбілқайыр хан тұңғыш ұлы Нұралыны өзінің басты жауы Барақ сұлтанның немере қарындасына және Күшік ханның қызына үйлендірген [Ерофеева И.В. Хан Абулхаир: полковедец, правитель, политик. Изд. 3-е, исправленное и дополненное. - Алматы: Дайк-Пресс, 2007. с. 391]. Ал Барақ сұлтанның Шығай, Бөкей есімді ұлдарының болғаны тарихтан белгілі.

1770-1774 жылдары академиялық экспедициямен қазақ даласына келген И.Г.Георги Нұралы ханның 4 әйелінің ақсүйек тұқымынан шыққанын, ал 8 күңінің қарапайым қазақтың қыздары мен кейбірі тұтқынға түскендерден, әсіресе, қалмақ қыздарынан болғанын баяндайды. Олардың барлығынан хан 25 бала сүйген. Ең кішкентай екі ұлынан басқасының бәрі атақты қазақтардың қыздарына үйленген [Георги И.Г. Описание всех обитающих в Российском государстве народов, и их житейских обрядов, обыкновений, одежд, жилищ, вероисповедании и прочих достопамятностей. Часть вторая. О народах татарского племени и других нерешенного еще происхождения северных сибирских. - Санкт-Петербург: при Императорской Академии Наук, 1799. с. 135-136]. Кейінннен 1785 жылы 31 қазандағы хабарламасында губернатор О.А.Игельстром Нұралының 40 баласы бар екенін атап өтсе [Материалы по истории Казахской ССР (1785-1828 гг.). Т.IV. Под рук. М.П.Вяткина. - Москва-Ленинград: Изд. АН СССР, 1940. с. 66], зерттеуші А.И.Левшин ханның 16 немесе 17 әйелі мен 15-ке жуық күңі болып, олардан 32 ұл және 32 немесе 33 қыз сүйгенін жазады [Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей (под общей редакцией академика М.К.Козыбаева). - Алматы: Санат, 1996. с. 334].

Бөкей ханның дүниеге келген уақыты жөнінде де бірізділік жоқ. Бүгінде отандық зерттеушілердің иек артып, табан тірер дерегі 1901 жылы «Астраханский листок» газетінде жарық көрген зерттеуші И.С.Ивановтың еңбегі болып табылады. Ол бойынша 1811 жылы төменгі Орал шебінде Бөкеймен жүздескен Орынбор кеденінің директоры сұлтанның жасын 60-тан асқан деп шамалаған. Осыны негізге алған И.С.Иванов Бөкейдің дүниеге келуін XVIII ғасырдың 40-жылдарының соңына жатқызады [Иванов И.С. К столетнему юбилею Внутренней (Букеевской) киргиз-кайсацкой орды // История Букеевского ханства. 1801-1852 гг.: Сб. документов и материалов / Сост. Б.Т.Жанаев, В.А.Иночкин, С.Х.Сагнаева. - Алматы: Дайк-Пресс, 2002. с. 940]. Осы дерекке сай тарихшы И.В.Ерофеева Бөкейді шамамен 1748 немесе 1749 жылы туған десе, мұрағатшы Б.Т.Жанаев 1749/1750 жылдарды топшылайды. Ал Ө.Қажымғалиевтің пікірінше, Бөкей хан 1757 жылы туған [Қажымғалиев Ө. «Бөкей хан таңдап қонған Нарын еді...» // Ана тілі. - 2015. - 21-27 мамыр. - № 20. 9-б.].

Оның үстіне Бөкейдің Нұралы ханның нешінші ұлы екендігі де дәл анықталды деу қиын. Тарихшы Ж.Қ.Қасымбаевтың анықтауынша, Бөкей Нұралының тұңғышы [Касымбаев Ж.К. Государственные деятели казахских ханств. XVIII - первой половины ХІХ вв. Жангир хан (1801-1845 гг.). Т.4. - Алматы: Наш Мир, 2001. с. 10], А.Самиғоллаұлының саралауынша, екінші ұлы [Самиғоллаұлы А. Қазақтың мақтанышы // Президент және халық. - 2011. - 28 қаңтар], И.В.Ерофееваның есебінше Есім, Пірәлі хандардан, Қаратай сұлтаннан кейінгі төртінші ұлы [Ерофеева И.В. Внутренняя, или Букеевская, Орда в первой половине ХІХ в.: история и историография // История Букеевского ханства. 1801-1852 гг.: Сб. документов и материалов / Сост. Б.Т.Жанаев, В.А.Иночкин, С.Х.Сагнаева. - Алматы: Дайк-Пресс, 2002. с. 8]. Жазушы Әнес Сарай алғашында Бөкейді Нұралының тұңғышы деп анықтағанымен [Сарай Ә. Исатай-Махамбет тарихы. Зерттеу. - Алматы: Өлке, 1997. 9-б.], кейіннен «Бөкей - осы Нұралының көп ұлдарының бірі. Орынбор әскери губернаторы Г.С.Волконский оны хан тағайындау тұсындағы мінездемесінде «сұлтандардың үлкені» деп көрсеткен. Бұл анықтама - Нұралының тұңғышы дегендік пе, жоқ, Нұралы ұлдарының көзі тірісінің арасындағы қазіргі үлкені дегені ме - анық емес. Қайсыбір жазбалар Бөкейді Нұралының тұңғышы деп көрсетеді. В.Воскресенский Бөкейді Нұралының кенжесі деп жазады. Олай болуы мүмкін емес. Бөкейдің Сығай деген туған інісі болғаны және белгілі. Бұл мәселе әлі де анықтай түсуді қажет етеді» [Сарай Ә. Екі тарлан. Исатай-Махамбет тарихы туралы зерттеу. - Алматы: Арыс, 2003. 11-б.] деген тоқтамға келді.

- Жәнібек Аллаярұлы, өзіңіз білесіз, тарих дәлдікті сүйеді, осыған нақты деректер келтіре аласыз ба?

- Иә, оған сөз бар ма, Бөкейдің қашан туғандығын, соған орай Нұралының белінен өрген 40 ұлдың нешіншісі екендігін анықтау үшін алдымен ханның өзге балаларына тоқталу қажет. Орынбор, Мәскеу мұрағатының құжаттары Нұралының тұңғышы Есім, екінші ұлы Пірәлі екенін дәлелдейді. Нұралы ұлдарының есімдері орыс деректеріне 1750 жылдан бастап түскен. Өйткені бұған дейін Әбілқайыр хан ұлдарын аманатқа алып келген Орынбор әкімшілігі осы кезден Нұралы ұлдарын ала бастады. 1750 жылы Әбілқайыр ұлы Әділдің орнына Орынборға аманатқа алынған Нұралының баласы Пірәлінің 5 жаста болғанын А.И.Левшин, Л.Мейер, В.Н.Витевский, А.И.Добросмыслов секілді орыс зерттеушілері атап өтеді. Нұралы хан 1751 жылы баласы Пірәліні елге қайтаруды сұрап, орнына Мұхаметәліні (Мәмбетәлі) ұсынғанымен, орыс үкіметі сұлтанның жастығын, яғни 3 жасқа да толмағанын алға тартқан. 1752 жылы 18 маусымда Орынбор губернаторы И.И.Неплюевке жолданған жарлықта Нұралы ханның Есім мен Пірәліден үлкен ұлдарының жоқтығы, басқаларының барлығы олардан анағұрлым кіші екендігі, аталған Мұхаметәлі ұсынылған кезде оның 3 жасқа да толмағаны, қазір ғана жасының 3-ке толғаны баяндалады [РИССМ. 122-қ., 122/1, 1752, 1-іс, 5-6 пп.]. Осыған байланысты үкімет Нұралыдан үлкен ұлы Есімді сұрағанымен, хан оған келіспеген. Міне, осы аманат төңірегіндегі текетіресте Нұралы ұлдарының үлкендері ауызға алынған.

Егер де жоғарыдағы зерттеушілер айтқандай, Бөкей сұлтан 1748/1749 жылдары шамасында дүниеге келсе, неліктен орыс үкіметі ол жөнінде үнсіз қалған. Әлде Нұралы хан айналасын «бес саусақтай» білетін Орынбор ұлықтарының хан балалары туралы мәліметтері болмаған ба? Алайда Орынбор мұрағатындағы құжаттарға тиянақты зер салған адам олай дей алмайды. Өйткені 1750-1770 жылдары Нұралы ұлдарын кезекпен Орынборға аманатқа алып отырған патша үкіметі олар жөніндегі ақпараттарды әрдайым кеңсе журналдарына мұқият тіркеп отырған. Мәселен, 1750 жылы Пірәлі, 1752 жылы Мұхаметәлі, 1753 жылы Жаналы, 1754 жылы Бегәлі, 1756 жылы Абылай, 1757 жылы Бердәлі, 1758 жылы Айтөре, 1759 жылы Артыққали, 1760 жылы Бекғали, 1763 жылы Бердіғали, 1765 жылы Абылай, 1767 жылы Бегәлі, 1768 жылы Оразғали, 1769 жылы Нәдірғали сұлтандар аманат ретінде Орынборға келген. Тарихи деректерге сүйенсек, Нұралы ұлдары Есім 1744 жылы, Пірәлі 1745 жылы, Мұхаметәлі 1748/1749 жылы шамасында дүниеге келген. Бүгінде Есімнің басына қойылған құлпытас табылып, онда ханның 1797 жылы 53 жасында опат болғаны жазылған [Құттымұратұлы Қ. Құлпытас сырын ашайық. - Орал: ЖК «ADIL PARASAT», 2014. 16-17 бб.].

Олай болса, Нұралының тұңғышы Есім сұлтан 1744 жылы атасы Әбілқайыр ханның көзі тірісінде дүниеге келген. Нұралы ханның орыс үкіметінен өзіне мұрагер тағайындау мәселесі бойынша 1768 жылы наурызда Кіші жүзге келген Я.Гуляев жазбасында Есім 23 жаста, Пірәлі 22 жаста деп көрсетілген [ОрОММ. 3-қ., 1-т., 88-іс, 133-п.]. Оған қоса 1767-1768 жылғы мұрағат құжаттарынан Есім, Пірәлі, Мұхаметәлі сұлтандардың Кіші жүздің оңтүстігінде түрікменге қарсы күресте қол бастап жүргенін байқаймыз. 1770 жылы күзде Әбілқайыр хан немерелері Пірәлі Нұралыұлы түрікменге, Сүйікәлі Айшуақұлы қарақалпаққа, Ағым Әділұлы Хиуаға хан сайланды [РИССМ. 122-қ., 122/2-т., 1769-1773, 19-іс, 184, 189 пп.]. И.Г.Георги болса Нұралының ұлы Бекәлі сұлтанның Айрықалы түрікмендеріне, одан өзге түрікмендерге Пірәлі сұлтанның хан болғанын хабарлайды [Георги И.Г. Көрсетілген еңбек. с. 135-136]. Ал 1771 жылғы «шаңды жорыққа» Нұралы хан бес баласымен бірге аттанды. Ол 19 ақпанда өзінің Есім, Жаналы, Арыстан, Абылай атты ұлдарымен жорыққа шығып, Пірәлі сұлтанға шақыру жібергенін Ресейдегі ұлы Бекәлі сұлтанға хабарлайды. Бұл туралы князь Н.Урусов та 16 сәуірде Астрахан губернаторы Н.А.Бекетовке жазған рапортында айтып өтеді [ОрОММ. 3-қ., 1-т., 119-іс, 389-п.]. «Қалмақ қашу» кезінде қазақ даласына келген капитан Н.П.Рычков 3 мамыр күні Нұралы ханмен кездесуін: «Хан қалың кілем үстінде, екі ұлы Есім және Пірәлі сұлтандардың ортасында отыр екен. Есім сұлтан үлкен болғандықтан, оң жағында отырды, екіншісі, түрікмен ханы болғанына қарамастан, сол жағына отырыпты» деп сипаттайды [Рычков Н. Дневные записки путешествия в Киргиз-Кайсацкую степь в 1771 г. - Санкт-Петербург: Императорская Академия Наук, 1772. с. 49-50].

Тарихшы И.В.Ерофееваның пайымдауынша, Нұралының ұлы Қаратай сұлтан қалмақ тұтқыны Рыстан 1746/1747 жылы туған. Қаратай тарихын зерттеген А.Ф.Рязанов, А.Ахмет, Ә.Қ.Мұқтар сынды ғалымдар осы әулеттің ұрпағы Бақытжан Қаратаевтың қалдырған мәліметтеріне сүйеніп, Қаратайды 1771 жылы туған, Бөкейдің інісі десе, тарихшы А.Ф.Рязанов, М.П.Вяткин, Ж.Қасымбаевтар Қаратайды Нұралының екінші ұлы деп жаңсақтыққа жол берген. Мұрағат құжаттары мен төңкеріске дейінгі орыс авторларының еңбектері Қаратайдың жас жағынан Бөкейдің ағасы екендігін айғақтайды. Бұған 1811 жылы 19 тамызда Айшуақ сұлтанның Орынбор әскери губернаторы Г.С.Волконскийге жазған хатында «үлкен ағасы (Қаратай - Ж.А.) ханды (Жантөре - Ж.А.) өлтірді, ал кішісінің (Бөкей - Ж.А.) хан болуды қалауы маған соншалықты жағымсыз» деген хабары дәлел бола алады [ОрОММ. 6-қ., 10-т., 716-іс, 259-п.].

Л.Мейер, А.И.Добросмыслов, Ж.Қасымбаевтардың анықтауынша, Айшуақ хан 1810 жылы, И.В.Ерофееваның есептеуінше, 1811 жылы бақилық болған. Ал А.Ф.Рязанов, Ә.Қ.Мұқтар, А.Ахмет секілді тарихшылар Айшуақ ханның 1812 жылы фәниден озғанын алға тартады. Орынбор мұрағатының деректері соңғы пікірді құптайды. Ол бойынша Айшуақ хан 1812 жылы сәуір айының соңында дүние салған. Сонымен бірге Ж.Қ.Қасымбаев, И.В.Ерофеевалар Жантөре ханды Айшуақтың үлкен ұлы деп, тағы да жаңсақтыққа жол береді. Себебі, 1768 жылы көктемде Кіші жүзге келген Я.Гуляев Нұралы ханның, Ералы сұлтанның үлкен ұлдарымен бірге Айшуақтың тұңғышы Сүйікәліні 16 жаста деп анықтаған [ОрОММ. 3-қ., 1-т., 88-іс, 133-п.]. Олай болса, Айшуақ шаңырағындағы алғашқы ұл бала 1751 жылы дүниеге келген Сүйікәлі еді. Осы әулеттің ұрпағы Сейітжафар Асфендиарұлы 1898 жылы 21 қазанда Ташкентте өз қолымен жазған өмірбаянында өзінің туған атасы Сүйікәлі сұлтанды Айшуақ ханның үлкен ұлы деп көрсетеді [http://kungrad.com/history/doc/avtobiog/]. Сейітжафар әйгілі Санжар Асфендияровтың әкесі екендігін ескерсек, Сүйікәлі сұлтан оның тікелей атасы: Санжар - Сейітжафар - Асфендиар - Сүйікәлі - Айшуақ - Әбілқайыр. Сүйікәлінің інісі Жантөре хан, Ж.Қ.Қасымбаев, И.В.Ерофеева жазғандай, 1759 жылы емес, 1760 жылы дүниеге келген. Бұған Теректі ауданының Шағатай ауылдық округіне қарасты Қызылжар ауылындағы «Хан зиратынан» табылған Жантөре хан басындағы құлпытас дәлел. Онда ханның 1809 жылы 49 жасында өмірден озғаны оймышталған [Нұрманова А. Жантөре Айшуақұлы құлпытасы // DANAkaz. - 2015. - № 6-7 (20). 75-б.].

Сайып келгенде, мұның барлығы өлкеміздегі хан, сұлтандар тарихын саралауда дәйекті деректермен байыпты байлам жасамай тұрып, тиянақты түйін, тұжырымға ерекше көңіл бөлуді білдіреді. Мәселен, И.Казанцевтің Қаратай сұлтанды 70 жастан асқан шағында қайтыс болды деуі [Казанцев И. Описание киргиз-кайсак. - СПб.: Типография Товарищества «Общественная польза», 1867. с. 75], Орынбор әскери губернаторы П.К.Эссеннің 1825 жылы 2 желтоқсанда Сыртқы істер министрі К.В.Нессельродеге жолдаған хабарында Қаратайды «өзінің өте қарттығына қарамастан» [Материалы по истории Казахской ССР (1785-1828 гг.). Т.IV. с. 478] деп сипаттауы, сұлтанның егде жаста екендігін, яғни 1771 жылдан бұрын туғандығын растай түседі.

- Енді Бөкейдің зайыбы Атан ханым жөнінде айтып өтсеңіз?

- 2011 жылы Бөкей хан басына тұрғызылған келбетті кесене ішіндегі жаңа құлпытаста Бөкейдің 1747 жылы дүниеге келгені көрсетілген. Астрахандық ағайындар бұрынғы ескі кесене жанында құлпытас болғанын айтады. Еділ өңірінің тумасы Ләтифолла Қапашев Сейіт бабадағы Бөкей ханның бұрынғы кесенесі туралы: «Ол - тік бұрышты (жобамен 40+5,7 м²) күйдірілген кірпіштен қаланған қоршау ішінде темір күмбезді кесене. Қоршаудың бұрыштары төрт жағына қарайды. Кесене қасында сұлтан таңбасы бар құлпытас орнатылған. Араб әріптерімен Нұралы ханның баласы Бөкей аты жазылған, оған қоса 62 жасында қайтыс болды деген жазу бар» [Қапашев Л. Қайран да қайран Еділ жұрт... // Ана тілі. - 2008. - 25 желтоқсан. - № 52 (941). 15-б.], - деп баяндайды.

Алайда этнограф Серік Әжіғали Бөкей хан кесенесіне қашық емес жерде жатқан сұлтан таңбасы бар құлпытастың Бөкейдің жұбайы Ғатан ханымға арналғанын анықтады. Онда «Бөкей хан Нұралыұлының жұбайы һижра бойынша 1239 (1823/1824) жылы 52 жасында Ғатан ханым офат болды» деген жазу қашалған [Ажигали С.Е. Архитектура кочевников - феномен истории и культуры Евразии (памятники Арало-Каспийского региона). - Алматы: Ғылым, 2002. с. 169]. Бұл құлпытас бүгінде Бөкей хан кесенесі жанындағы Атан ханымға арналып салынған кесененің ішіне қойылды. Шын мәнінде, Атан ханым Бөкей ханның екінші жұбайы, Жәңгір ханның анасы еді. Жергілікті тұрғындардың «Ғатан» деп атауы да ханымның дұрыс ныспысын көрсетеді. Ол араб қарпімен жазылған ханым есіміндегі алғашқы «айн» мен «ғайн» әрпінің өзара ұқсас болуына орай оның қазақша оқылу кезінде өзгеріске ұшырауына байланысты еді. Ал Т.Боранғалиұлы [Боранғалиұлы Т. Жәңгір хан. - Алматы: «Абзал-Ай», 2014. 53-54, 61 бб.], Ө.Әлімгереев [Әлімгереев Ө. Бөкей хан. - Атырау: «Атырау-Ақпарат» ЖШС, 2015. 235-б.] секілді жазушылардың ханым есімінің дұрысы Әтен болуы керек деген пікірімен келісу қиын. Себебі, Атан ханымның өзі 1815 жылы 8 маусымда Орынбор әскери губернаторы Г.С.Волконскийге жолдаған арабша түпнұсқа хатының соңына «хан Бөкей Нұралыұлы халалы ханым Атан Нұралиева» деп қол қойған [ОрОММ. 6-қ., 10-т., 1286-іс, 8-п.]. Бұл жазуды қазақ тіліне батысқазақстандық журналист Қазбек Құттымұратұлы тәржімалаған еді. Оның үстіне қиямет күні махшар алаңында азан шақырылған атымен шақырылатын болғасын құлпытасқа марқұмның дұрыс есімі жазылатын. Тастағы төре таңбасы Атанның да ата-тегі ақсүйек, яғни хан әулетінен шыққанын айқындап тұр. Өлкетанушы Ө.Әлімгереев «Кейбір деректерде оны Қаратай тұқымы деп көрсетеді» дегенімен, атақты Жанұзақ жырау Жәңгір ханға арнаған толғауында:

Ал Шыңғыс ханның әулеті,

Хандар өтті хан соңы,

Хан ұлының кенжесі

Патша иемнің ана сойын сұрасаң,

Қарабай ханның нәсілі [Шайыр. Құрастырған М.Ізімұлы. - Алматы: Арыс, 2002. 54-б.] - деп жырға қосқан. Бұдан Жәңгір хан анасы Атан ханымды Қарабай хан тұқымынан тарайтынын нақтылай түсеміз.

Жырау келтірген Қарабай хан - өлке тарихында өзіндік орны бар тарихи тұлға. Ол Бөкейдің атасы атақты Әбілқайыр ханның замандасы Батыр сұлтанның ұлы. Батырдың өзі Әз Тәукеден кейінгі қазақтың аға ханы Қайып Хұсырауұлының баласы. Бұлар Қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек ханның Жәдік атты баласынан, ал Әбілқайыр әулеті Жәнібек ханның Сүкәлі (Сөк, Өсеке, Сүйік) деген баласынан тарайды. Яғни, екі әулеттің арғы тегі Жәнібек ханнан барып қосылады. Қазақ ақсүйектеріне тән құдандалық дәстүр бұл әулет арасында XVІІІ ғасырдан басталып, одан әрі өз жалғасын тапқан. Әбілқайыр ханның немере қарындасына үйленген Батыр сұлтан оған күйеу бала болса, Айшуақ сұлтан Батырдың қызын қалыңдық қылған. Нұралы ханның қарсылығына қарамастан, анасы Бопай ханым өзінің туған қызын Батырдың баласы Қарабай сұлтанға ұзатқан. Әулет арасындағы құдандалық ілік-шатыс тек осымен шектелмей, кейін бөкейлікте дәстүрлі түрде кең өріс алды. Бөкейдің інілері Шығай сұлтан Қарабайдың туған немересі Ифақ ханым Асанқызына [Жахатов М. Шығай сұлтанның зайыбы // Орал өңірі. - 2015. - 9 сәуір.] үйленсе, Меңдікерей сұлтанның бәйбішесі Ұлпеш Құлман Қарабаевтың қызы. Ал Жантөре хан Айшуақұлы Қарабайдың Меңді атты қызын алған. Орынбор мұсылмандары діни басқармасының тұңғыш мүфтиі Мұхамеджан Хұсайыновтың Қарабай сұлтанның Қаракөз деген қызымен 1800 жылы 1 тамызда Орынборда өткен неке қию рәсіміне қазақ қоғамының барлық билеушілері қатысқан. Бұған қоса М.Хұсайынов түріктің Анапа бекінісінен шыққан Кәрима бике Жұмалықызына үйленіп, одан туған Фатима тоташ Жәңгір ханның жұбайы болды. Бөкей ханның үлкен ұлы Тәуке сұлтан Жібек Қарабайқызымен отбасы құрса, Бөкейдің Қазына деген қызына Қарабай немересі Бажақ Қасымұлы үйленген.

Өзінің туған ағасы Батырұлы Қайып ханның 1758 жылы Хиуадан кетуінен соң Қарабай сұлтан төрт айдай уақыт Хиуаның хан тағына отырған. Академик В.В.Бартольдтың зерттеуінше, Хиуада хандыққа отырған Қайыптың інісі Абдолла, сондай-ақ түрікше Қарабай есімін иеленген [Бартольд В.В. К истории орошения Туркестана. - С.-Петербург: Типография «Сельский вестник», 1914. с. 111]. Қарабайдың хан атануы осымен байланысты. Оның Әбілқайыр ханның кенже қыздарының біріне (Айдархан ханым деп те айтылады - Ж.А.) үйленіп, Нұралы ханға күйеу бала болуы, әкесі Батыр хан басқарған Әлімұлы руларынан Байұлы руларына, яғни Нұралы хан ұлысына келуіне ықпал еткен. Бұл жерде Қарабай сұлтан шеркеш руын басқарды. Ел аузында сақталған әңгімелер бойынша, XVIII ғасырдың екінші жартысында шеркеш руының старшыны Тұрмамбет бидің қолдауымен Қарабай осы руға хан сайланды [История киргизских султанских родов // Астраханские губернские ведомости. - 1898. - №4. - С. 3.].

Қарабай сұлтан өз әулетімен (27 ұлы болған) 1802 жылы Бөкейдің соңынан ішкі тарапқа бет бұрса, кейін 1810 жылдың басында түпкілікті өтіп, сол жылдың жазында өмірден озды. Бұл жөнінде Бөкей сұлтан 1810 жылы 11 тамызда Орынбор коменданты полковник А.С.Тарарыкинге хабарлаған. Алматы мұрағатындағы осы құжатқа қарамастан тарихшы И.В.Ерофеева соңғы еңбегінде Қарабайдың қайтыс болуын негізсіз 1822 жылдан кейін деп көрсетеді. Бүгінде өздерін «Қарабай төреміз» дейтін ұрпақтары бабалары табан тіреген бөкейлікте, Казталовка ауданында өмір сүруде.

- Ал Бөкейдің ұлы Жәңгір хан қай жылы дүниеге келген?

- Қарабай тұқымы Атан ханымнан дүниеге келген Жәңгір Бөкейұлының туған жылы туралы да бірыңғай пікір жоқ. 1826 жылы қазан айында Жәңгірді көрген Қазан университетінің профессоры Фукстің сөзінше, хан 24 жаста болған. 1834 жылы ханға барған Гебель сол кезде Жәңгірдің 30 жас шамасында болғанын айтады. 1837 жылы Ордада болған Казанцев ханды 40 жас шамасында деп анықтаған. Ханыков пікірінше, Жәңгір немере ағасы Шығайдың 1822 жылдың соңында өзіне таққан жаласынан ақтала отырып, өзінің кәмелеттік жасқа жеткендігін алға тартып, Орданы басқаруға рұқсат сұраған. Осы деректерді жан-жақты саралаған зерттеуші И.С.Иванов хан замандастарының мәліметтері 1815 жылы шілде айында Жәңгірді 14 жаста деген анасы Атан ханымның мәліметімен айтарлықтай сәйкес келмейтінін айтып, Бөкей ханның ұлы Жәңгірдің туған уақытын нақты анықтау қиын деп жазды [Иванов И.С. Джангер, хан внутренней Киргизской орды. - Астрахань, 1895. В сб. Букеевской Орде 200 лет. Книга 2. - Алматы: «Өлке», 2001. с. 8-9].

Тәуелсіздік жылдары да Жәңгір хан тарихына қалам тартқан тарихшылар ортақ пікірге келе алмады. «Жангир хан (1801-1845 гг.)» атты еңбегінде тарихшы Ж.Қасымбаев ханның 1801 жылы туғандығын жазса, Б.Жанаев 1803/1804 жылы, И.В.Ерофеева 1804 жылы дүниеге келген дейді. Бүгінде басына қойылған құлпытастағы арабша жазуды оқып, талдаған Жаңақала аудандық мешітінің бас имамы Мұратбек қажы Жахатов 1845 жылы 11 тамызда 42 жасында фәниден озған Жәңгір ханның 1803 жылы дүниеге келгенін анықтап берді [Кенжеғалиев Т. Құлпытастың құпиясы // Алаш айнасы. - 2012. - 21 сәуір. - №68 (750). 5-б.]. Мұны мұрағат деректері де қуаттайды. 1837 жылы 3 сәуірдегі қызметтік тізімінде Жәңгір хан 34 жаста делінген. Ал келесі 1843 жылы 31 қаңтардағы қызметі туралы жазбада 39 жаста деп берілуінің өзі дұрыс болатын [ҚРОММ. 4-қ., 1-т., 1607-іс, 6-п.; 78-қ., 4-т., 178-іс, 131-п.]. Себебі, ол кезде қазақтар жыл басы наурыз айынан соң өздеріне бір жас қосатын. Егер наурыздан кейін сұраса, хан өзін 40 жастамын деп көрсетер еді. И.Казанцевтің анықтауынша, Жәңгір хан 1845 жылы 11 тамызда кешкі сағат 6 ½ шамасында 42 жасында Торғын бойындағы жаз жайлауында жүйке қызбасынан бақилық болған [Казанцев И. Описание киргиз-кайсак. - СПб.: Типография Товарищества «Общественная польза», 1867. с. 220]. Осыған орай алдағы уақытта Жәңгір хан 1803-1845 жылдары өмір сүрді деген тоқтамға келу керек.

Жәңгірдің әкесі Бөкейдің басына орнатылған құлпытастың бүгінге жетпеуі ханның 1815 жылы неше жасында өмірден озғанын және нақты қай жылы туғанын анықтауға мүмкіндік бермей отыр. Міне, сондықтан да қолымызда қандай да бір құжаттық деректің болмауына байланысты Бөкейдің туған жылын тұспалдап айтуға асығыстық жасамаған жөн. Себебі келешекте мұрағат құжаттары арасынан ол жайлы мәліметтердің табылуы ғажап емес. Оның үстіне Ә.Сарай, Ө.Әлімгереев секілді жазушылар Бөкей ханның шикі судан жұғатын бөсір дертіне шалдығып, санаулы күн ғана ауырып көз жұмғанын жазады. Бұл арада Бөкей хан өлімін Орынбор әскери губернаторы Г.С.Волконскийге хабарлаған Астрахан казак полкының командирі В.Ф.Скворцовтың 1815 жылы 26 мамырдағы рапортында келтірілген «будучи одержим водяною болезнью» деген сөзі негізге алынған [ОрОММ. 6-қ., 10-т., 1286-іс, 1-п.].

Шын мәнінде, бөсір ауруының орысша мағынасы аскаридоз болса, «водяная болезнь (водянка)» деген аурудың қазақ тіліндегі аудармасы шемен деп берілген. Шемен  - денеге ұйыма сұйықтық, яғни, сарысу пайда болудан болатын ауру. Анықтамасын келтірсек, шемен - қан мен лимфа сұйығының қалыптан тыс көп бөлініп, ағза тініне қайта сіңуінің нашарлауынан тері асты май қабаттарына, тіндерге, буынға, органдарға сұйықтықтың (транссудаттың) жиналуы [https://kk.wikipedia.org/wiki/Шемен.]. Сондықтан Бөкей хан денеге сарысу жиналудан пайда болатын шемен ауруынан дүниеден озған.

Түйіндеп айтқанда, бұл Бөкей хан тарихындағы таңдақтардың басы ғана. Өйткені оның өмірі мен қызметіне тереңірек үңіле түскен сайын ашылмаған ақтаңдақ беттер алдыңнан шыға береді. Мұның өзі «Халқына шекер шайнатып, бал ішкізген» Бөкей хан бітім-болмысының бүгінге дейін арнайы зерттелмеуімен байланысты. Ел жадында сауатты, ақылды, ұстамды адам кейпінде әдіптелген, қаншама жерді кейінгі ұрпағына аманаттап қалдырған, өз қаржысына Астраханнан астық пен түрлі жарма алдыртып, халқына таратқан, заманында «Байларға құба жайлатқан, Жарлыға мыңдап жылқы айдатқан», яғни жұртының мерейіне бөленген Бөкей ханның ел алдындағы еңбегін бүгінгі ұрпақтың толық танып, одан тағылым алуы үшін әлі де айтылмай һәм ашылмай жатқан тұстарына сәуле жүгіртіп, кеңірек насихаттау қажет. Ол үшін Орал қаласы іргесіндегі Бөкейді хан көтеру салтанатына орай «Хан тоғайы» аталған тарихи орынға белгі қойып, шаһардың көрнекті жерінде ескерткіш тұрғызып, Ресей мұрағаттарына ғылыми экспедиция жіберіп, тарихи зерттеулер жүргізіп, монографиялық еңбектерді жарыққа шығару, мектеп, көше атауларына есімін бергізу, т.б. іргелі істерді ұйымдастырып, жүзеге асыруды қолға алу ел тізгінін ұстаған игі жақсылардың туған елі мен жерінің, ата-баба тарихының алдындағы азаматтық парызы болмақ. Яғни мемлекет көлемінде атап өтіліп жатқан Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы аясында бастама көтеріліп, жалғасын тапса, еліміз үшін игілікті іс болар еді. Себебі, осы жылдың 21 мамырында Бөкей ханның дүниеден озғанына 200 жыл өтсе, алдағы 2016 жылдың 11 наурызында Бөкей ордасының құрылғанына 215 жыл толады. Ал тарих дөңгелегі болса өз ырғағымен тоқтаусыз жүре бермек.

«Skifnews.kz» ақпараттық порталына гиперсілтеме жасалған жағдайда ғана материалдарды қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан дәйексөз алынғанда міндетті түрде сілтеме жасалуы тиіс. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда материалдарды коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды.

E-mail: info.skifnews@gmail.com

Сайтта жарнама орналастыру

   

Skifnews жаңалықтарын Facebook-те
оқу үшін "Нравится" белгісін басыңыз

  

 

Яндекс.Метрика

©2016 Skifnews.kz. Авторлық және жарнама құқықтар толығымен сақталады.

DivideGroup — сайт әзірлеуші