Светлана Қожанова: Қожановтың ұрпақтарының көрмеген азабы жоқ - Жаңалықтар. Қазақстанның жаңалықтары. Skifnews.kz ақпараттық портал

Светлана Қожанова: Қожановтың ұрпақтарының көрмеген азабы жоқ

24.12.2015, 15:16

Светлана Қожанова – белгілі Алаш қайраткері, ғалым Сұлтанбек Қожановтың немересі.

– Алаш зиялысы Сұлтанбек Қожановпен сізді қандай туыстық байланыстырады?

– Мен Сұлтанбек Қожановтың жиен немересімін, анам Зиба – Сұлтанбек Қожановтың қызы. Сұлтанбек атамыздың жары Күләндам – заманында дүркіреген болыстың қызы, Серәлі Лапиннің қарындасы. Атамызды ұстағаннан кейін оны да тұтқындаған. «Халық жауларының» әйелдерімен бірге АЛЖИР-дің дәмін татты, он жыл осы Ақмоланың даласында қой баққан. Сонда қой соңында жүріп:

Ақмола, Қарағанды арасында

Қой бағам Батық, Жарық даласында.

Сақтаймын оң көзімдей баққан қойды

Ешбір ой қойдан басқа болмай қойды.

 

Алыста жылай-жылай бала қалды,

Жүрген жер Ақмола мен Қарағанды.

Қайран ел сені көрер күн бар ма екен,

Мұңымды алыс-жақын тыңдар ма екен,– деп өлең шығарыпты жарықтық. Ол уақытты еске түсірудің өзіне қиналып отыратын. Апа деп айтушы едік әжемізді. Апам көп жылдан кейін аман-есен кейін қайтып келіп, мені қолына алып, қазақша үйретті. Жақсы білім алғанымыз, қазақы тәрбие көргеніміз сол кісінің арқасы.

Апамыз айдалада жүргенде анамыз Зибаны мектептен шығарып жіберген, пәтерін тартып алған. Сұлтанбек атамыздан менің анамнан бөлек Нұрлан, Арыстан деген 2 ұл бала қалған. Тоғыз жасар Сұлтанбектің ұлы Арыстанды балалар үйіне өткізген. Анамыз орта мектеп аттестатын зорға алып, институтқа түседі. Институттан шығарып жібергісі келгендер болыпты. Күләндам апамыз  келгеннен кейін ғана жағдайлары дұрысталып, оқуын аман-есен бітіріп шығып, мықты психиатр болды.

– Балалар үйіндегі Арыстанның тағдыры не болды?

– Күләндам әжеміздің үлкен әпкесі Ләтифа Арыстанды балалар үйінен іздеп тауып, өз қолына алады. Қыстың күні аяғында аяқ киімі деп жоқ, жалаңаяқ жүр екен дейді. Өзінің аяқ киімін кигізіп, балалар үйінен  алып кетіпті. Өте керемет кісі еді, әжем босап келгенше Арыстанды сол кісі асырады. Кейін Арыстан да жоғары білім алып, физика-математика ғылымдарының кандидаты болды.

Ортаншы баласы Нұрлан 15 жасынан зауытта қара жұмыс істеген. Ол кісі пойыз апатында қаза тауыпты.

– Нұрхан Ахметбеков поэма арнаған Күләндам осы кісі ғой?..

– Иә, «Күләндам» деген поэма осы кісіге арналған, бас кейіпкерінің прототипі апамыз.

– Әкеңіздің есімі Борис екен?..

– Иә, әкемнің ұлты орыс. Атамыз қудаланғаннан кейін әулетіміздің басына қиын заман орнаған ғой. Анамыз Мәскеуден келген Борис есімді жас суретшімен танысып, араларында үлкен махаббат орнап, мен дүниеге келдім. Алайда, әкем мен анамның дәм-тұзы жараспай, екеуі көп ұзамай ажырасып кеткен. Кейін анамыз тағы тұрмыс құрып, Исатай, Сұлтан деген екі інімді дүниеге әкелді.

– Сұлтанбек Қожановтың қызынан туған ұрпақтары осы үшеуіңіз екенсіздер ғой?..

– Иә. Исатай өмірден озған. Сұлтан қазір Мәскеуде тұрады, мамандығы инженер, конструкторлық бюроның бастығы болып жұмыс істейді. Әйелі Рыскүл Мәскеу мемлекеттік су көліктері академиясында кафедра меңгерушісі. Туысқандарын мақтап отыр демеңіз, жақсыдан жақсы туады деген рас екен. Сұлтанның Ескендір, Жәмила деген ұлы мен қызы екеуі де өте талантты, білімді. Екеуі де Жоғары оқу орындарын бітірген.

– Олар өздерінің Алаш зиялысы Сұлтанбек Қожановтың ұрпағы екенінен хабардар ма?

– Әрине. Анамыз тірі болғанда бұл туралы үнемі айтып отыратын.  Қазір енді өзім насихаттауға тырысып жүрмін. Орыс тілді аудитория біле берсін деп орысша мақалалар жаздым.

Анамның мұрағаты інім Сұлтанның қолында. Менде де біраз материал бар, бірақ негізгі материалдар Мәскеуде жатыр.

  – Өз отбасыңыз турал айта отырыңыз…

–Мен филология ғылымдарының кандидатымын. Мектепте біраз жыл жұмыс істедім, ҚазПИ-де әдебитеттану пәнінен дәріс оқыдым. Нұрлан есімді ұлым, Әсел, Сәуле деген қыздарым бар. Өмір бойы Алматыда тұрып, Астанаға көшіп келгенімізге төрт жыл болды.

– Сұлтанбек Қожановтың туғанына 120 жыл толған мерейтойына да бірер жыл өтіп кетті. Осы атаулы датада қандай бұйымтайларыңыз орындалмай қалды?

– Сұлтанбек атамыздың қай жерге жерленгенін бертінге дейін білмей келдік. Бірер жыл бұрын Мәскеудің іргесіндегі бауырластар зиратында жатқаны анықталды. Сол жерден топырақ әкеліп, туған жері Ақсүмбеге қойды. Енді сол жерге ескерткіші орнатылса деген тілегіміз бар.

Сұлтанбек Қожанов математика пәнінен орта мектепке арнап оқулық жазған адам. Сол оқулыққа мамандар қазіргі оқушылар үшін де пайдалы деген баға берді. Оқулықты тағы да бастырса артық болмайды деген ойдамын.

Арнұр Асқаров

 

Пікір  

+ 0 Мария 25.12.2015 15:37
Светлана апаймен қалай хабарласуға болады?
Жауап беру
+ 0 Мария 25.12.2015 15:39
Светлана апаймен қалай хабаласуға болатынын айтуды өтініп сұраЙМЫН. ҚҰРМЕТПЕН, МАРИЯ
Жауап беру
+ 0 Серғали 25.12.2015 16:04
Мария-апай. Мына адреске хат жазыңызшы. Менжазып жіберемін.
Жауап беру
+ 0 Серғали 25.12.2015 16:21
Жауап беру
+ 0 Сағира 27.12.2015 12:56
Сталинның заманында не болмаған, Сол жаман дәұір қайтып келмесін деп біз ресейден алуақ жұрген дүрыс болар.
Жауап беру
+ 0 Әлиби 27.12.2015 12:59
Сұлтанбек Қожановты өз қатарластарынан ерекшелендіріп тұрған да, тағдырына терең із қалдырған бағы да, трагедиясы да оның ұлтшылдығы еді. Коммунистік идеяның өзегін құраған таптық мүддеден ұлт мүддесін жоғары қойған ұлтжандылығы қайран ерді көзссіз көбелектей отқа жақты, ендігі кезекте ұлтының ұлықтауына өзек болып отыр.
Жауап беру
+ 0 Бәке 27.12.2015 13:04
Жоғары партиялық инстанцияларға Қазақ өлкелік партия комитетінің хатшысы С.Қожановтың үстінен жазылған құпия хаттар аз болмаған. Мұндай арыз-шағымдарды саяси ұпай жинау мақсатында, әсіресе, партия-кеңес қызметкерлері – олардың арасында Т.Рысқұлов, Д.Нысанбаев сияқты үзеңгілес серіктері де бар, көптеп жазды. Олардың мазмұны «ұлтшыл, «алашордашыл», «оңшыл ауытқушы», «топшыл» деген саяси айыптауларға негізделіп, соңы «Қужақтың» (Ф.И.Голощекин) ойлап тапқан «қожановшылық» деген саяси айдарына айналды.
Жауап беру
+ 0 Болат 30.12.2015 02:36
Біздің елімізге Қожанов сияқты адамдард жеткіліксіз. Адалдықпен қызмет етіп жатқандар . Үкімет халқы бақылап отыр, ешқандай бостандық бермейді. Олар тек ақша табу туралы, қалай өзіне қалтаға салуға ойлайды.
Жауап беру

«Skifnews.kz» ақпараттық порталына гиперсілтеме жасалған жағдайда ғана материалдарды қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан дәйексөз алынғанда міндетті түрде сілтеме жасалуы тиіс. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда материалдарды коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды.

E-mail: info.skifnews@gmail.com

Сайтта жарнама орналастыру

   

Skifnews жаңалықтарын Facebook-те
оқу үшін "Нравится" белгісін басыңыз

  

 

Яндекс.Метрика

©2016 Skifnews.kz. Авторлық және жарнама құқықтар толығымен сақталады.

DivideGroup — сайт әзірлеуші