«Желтоқсан шындығы – қасіретті шындық» - Жаңалықтар. Қазақстанның жаңалықтары. Skifnews.kz ақпараттық портал

«Желтоқсан шындығы – қасіретті шындық»

20.12.2016, 17:35
«Желтоқсан шындығы – қасіретті шындық» Азаттық

Тәуелсіздік деген – тәтті сөз. Осы Тәуелсіздіктің тамырын тану үшін алдымен Желтоқсанның қадірін түсінуіміз қажет. «Қалай десеңдер, олай деңдер, Мұхтар Шаханов – ұлт мүддесін қорғаушылардың ең алдыңғы сапында келе жатқан қайсар тұлғалы ұлы ақын. Кешегі Желтоқсан көтерілісі кезеңінде, ел ерге, ер жерге қараған сын сағаттарда сонау Мәскеудегі қылышынан қан тамған тоталитарлық жүйенің алпауыттарына басын бәйгеге тіге отырып қарсы шыққан, сөйтіп, ұлтымызды үлкен әділетсіздіктен қорғап қалған осы жігіт еді ғой...

...Енді тіл мәселесі ауқымында «ертең ұлт болып қаламыз ба, қалмаймыз ба?» деген зарлы күдік алдымызды ораған сәтте тағы да Шаханов орнынан көтерілді. Бұл істе біз оны қолдамасақ, ұтылатынымыз айқын. Өйткені, оның түйсігі – таза ақындық пайым-парасат пен ұлттық санаға терең тамыр жіберген, жалғандыққа жаны қас шыншыл түйсік». Қазақтың қайсар ұлы Қасым Қайсеновтің осынау бір ауыз пікірі ақын Шахановтың, азамат Шахановтың бар болмысын ашып тұр. Желтоқсан көтерілісіне тұп-тура 30 жыл толған кезеңде, тағлымды тәуелсіздік мерекесінде біз «ақындық толымды талант пен күрескер азаматтық қасиеттердің қорытпасынан жаралған өрелі тұлғамен» әңгіме өрбітіп едік.

– Халық сіздің денсаулығыңызға алаңдаулы. Денсаулығыңыз қалай, аға?
– Жаман емес. Мен енді 2 рет инфаркт алдым ғой. Күніне 10-15 дәрі ішемін. Солай әупірімдеп жүріп жатырмыз. Кезінде Қазақстанның мені емдетуге мүмкіндігі болмай қалды. Ол уақытта жүрек талмасын емдейтін дәрігерлер жоқтың қасы еді. Содан Түркияның үкіметі қаулы шығарып, самолетпен алып кетіп, емдеді. Осы күнге дейін тірі жүргенім үшін Түркия мемлекетіне қарыздармын. 
– Тәуелсіздіктің қадірін түсіну үшін Желтоқсанның қадірін түсінуіміз қажет. Біз соны ұғына алып жүрміз бе? Қалай ойлайсыз, аға?
– Тәуелсіздіктің тамыры Желтоқсан оқиғасының дүниені дүр сілкінткен дүмпуімен өзек алды десек, тіпті де, қателеспейміз. Бірақ, ызғарлы, мұз-қарлы сол Желтоқсанның ащы шындығы әлі күнге толық айтылған да, ашылған да жоқ... Мұны тарихқа жасалған қиянат деп санаймын. Биыл ҚазҰУ-дың бір топ студенттерімен жолықтым. Мені танып, әндерімді айтып жатты. Бірақ, олардың Желтоқсан оқиғасы жайлы білмейтіні мені қайран қалдырды. Себебі, 86-ның желтоқсаны тарихта лайықты бағасын алған жоқ. Телеарналардан оның шынайы шындығы көрсетілмейді. Газеттер ақиқатты терең бойлап жазбайды. Соның кесірінен бүгінгі жас буын ол туралы білмейді. Желтоқсан – қазақ халқының рухын әлемге жайған көтеріліс. Кеңестер Одағындағы демократиялық қозғалыстардың көшбасшысы болды. Кеңестер Одағын ыдыратуға да себепкер болған осы Желтоқсан оқиғасы. Ал енді соны айтуға ыңғайсыздану – біздің рухани, мемлекеттік мүддеміздің үлкен кемшілігі және рухсыздығы. Желтоқсан шындығы барлық кезеңде өз биігінде тұруы керек. Ерте ме, кеш пе, уақыт барлық шаруаны өз орнына қояды. 
– Желтоқсанның шындығы ашылған жоқ дегенде, ол туралы жұрт білмейтін қандай құпиялар бар?
– Көпшілік біле бермейтін бір мәселе бар. Желтоқсан көтерілісіне 1 жыл, 2 ай қалғанда Кеңестер Одағының Қауіпсіздік комитеті Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, «Метель» операциясын ұйымдастырды. Егер Кеңестер одағының бір жерінде көтеріліс бұрқ ете қалса, қалай дымын білдірмей, басып, жаншимыз деген оймен ойластырған. Сөйтіп, «Метель» операциясын қолдан құрған. Новосібірде жастар ұйымы болған. Кілең әке-шешесі жоқ, тұл жетімдерден құралған «Мейірімсіз» деген топ. Соны әдейі жасақтаған. «Метель» операциясының құрамында әлгі топ та болған. Бұл операция Желтоқсан оқиғасынан 1 жыл, 2 ай бұрын дайын болып, оны сынақтан өткізейін десе, сынайтын жер жоқ. КСРО Қауіпсіздік комитетінің бастығы Чебриков Горбачевқа кіріп, ауызша рұқсатын алады. Алматыда қолында қаруы жоқ, уыздай жас қыз-жігіттер алаңға шыққан кезде әлгілердің жүрегі жарыла қуанады. В.М.Чебриков Горбачевтің жасырын рұқсатымен «Метель» операциясын ағылған жастарға қарсы қояды. Соның кесірінен 168 адам өлген. Бірақ, «4-5-ақ адам өлді» деп айтып жүр ғой. 5 мыңға жуық адам жараланған. Ал енді осы әділетсіздігі үшін кезінде мен Горбачевті, Соломенцевті және Желтоқсан комиссиясының шындығын бүркеп қалғаны үшін сол кезгі Қазақстанның Бас прокуроры Жармақан Тұяқбаевты Конституциялық сотқа бергенмін. 2001 жылы Қазақстанға келген КСРО Президенті болған Михиал Горбачевты теледидар арқылы бүкіл қазақ халқынан кешірім сұрауға мәжбүрледім. 
Желтоқсан шындығын халыққа жеткізу үшін Алматы облысының жеті ауданының атынан «КСРО халық депутаттығына» сайлауға түстім. Ол Колбиннің кезі, шындықты айтуға ешкімнің де жүрегі дауаламайды. Сайлау кезінде жоғарғы жақтан «қайткен күнде де депутаттық орынға Шаханов келмеуі керек!» деген тапсырма түскен. Сол мақсатта «М.Шахановпен өтірік кездесулер» хабарландырылады. Ал мен ол жайлы мүлде білмеймін. Жұрттың бәрі жиналады, сағаттап күтеді. Сол сәтті пайдаланған олар: «Шаханов деген – ақын адам, өлеңін жазып жатқан шығар, бәлкім, қыздармен қыдырып кеткен болар»,- деп халықты алдайды. Сөйтіп, өздерінің адамын ұсынады. Барлық аудандарда солай жасайды. Сосын мен оны естіп, жыным келді. Барлық шындықты айтып мәлімдеме жасадым. Қарапайым халықтың менің кінәсіздігіме көзі жетіп, ақыр соңында жеңіске жеттім. Түнгі сағат үште Г. Колбин маған қоңырау шалып: «Халық сізді шынында да жақсы көреді екен ғой», – деді. 
Ең алғашқылардың бірі болып, Кремль сарайындағы жиналыста сөз сөйлеуге жазылдым. Г. Колбин «Шаханов шындықты айтып қояды, сөз бермеңдер!» деп ескертіп қойған. Менен 10-15 күн кейін жазылған адамдардың бәрі мінберді пайдаланды. Ал маған сөз бермеді. Колбин бірнеше адамды жібертіп, «Желтоқсан туралы шындықты айтпай-ақ қойсаңызшы!» – деп қолқа салды. Ақыр аяғында маған сөз тимесін білгеннен кейін: «КСРО Халық депутаты Мұхтар Шахановқа Арал мәселесін көтеруге байланысты 3-5 минут уақыт беруіңізді сұраймын!» деген хатқа 19 қазақстандық КСРО халық депутатына қол қойғыздым. Сөйтіп хатты алып бірден Горбачевқа бардым. Қасында бірнеше адам бар екен. Ол көңілділеу екен. «Мынау Арал мәселесін айтады екен. Шахановқа үш минут сөз беріңіз!» – деді. Мен сол үш минутты пайдаланып, Желтоқсан шындығын жайып салдым. Сол кезде Съездер сарайында бомба жарылғандай болды. Горбачев «мен демократия жасап жатырмын» деп мақтанып, дүниежүзінің телеарналарына есігін ашып қойған. Моңғолдың космонавты Гуррагча елінде жатып, теледидардан менің сөзімді естіп, түнімен көз ілмей шығыпты. «Ойбай, енді Мұхтардың жағдайы қалай болады?» -деп жағдайыма алаңдапты. Ертесіне Қауіпсіздік комитетінің бастығы келіп, қағаз көрсетті. Ол қағазда қол қойған 19 депутаттың 16-сы «Егер Шаханов Желтоқсанды айтатынын білгенде, қол қоймас едік. Оны КСРО халық депутаттығынан алып тастау керек немесе алдағаны үшін қатаң жазалау керек» деген қағазға қол қойған. Горбачев онсыз да маған тісін қайрап жүрген. Алайда, Ресейдің Тұңғыш Президенті Б.Ельцин менің жағымда болды. Көп жағдайда азаматтық мінез танытты. Әлемдік деңгейдегі ұлы ғалым, Нобель сыйлығының иегері А.Сахаров екеуі Желтоқсан оқиғасын тексеретін комиссия құрамына кіретін болды. Содан кейін Горбачев мені кабинетіне шақырып алып: «Сенің аузыңды жабатын мүмкіндік табамыз!» - деп үстелді тоқпақтаған. Желтоқсан шындығы – қасіретті шындық.
– Мұхтар аға, сізді осы елдің перзенті ретінде туған жерге байланысты қандай ойлар толғандырады?
– Кезінде мен «Тамырсыздану қаупінің тұжырымдамасы» деген концепция жазғанмын. Мәселен, қазіргі кезеңде әлемде 6,5 мыңға жуық қана тіл қалыпты. Белгілі бір деректерге сүйенсек, әлемдік тіл тарихында 15-20 мыңға жуық тіл болған деседі. Ресми мәліметтер жыл сайын 24 тіл жойылып отыратынын айтады. Кейбір тілдер белгілі бір қауымның ғана қолданысында өмір сүреді. Мұндай жағдайға көзқарасымыз қалай болуы керек? Мәселен, кейбір елдерде халық басты тілде сөйлейді де, қалған майда тілдерді жойып отырады. 
Мысалы, жантақ деген өсімдік бар. Жантақ өзінің тамырын 40-50 құлашқа дейін, яғни суға дейін жібереді екен. Қаншама дауыл тұрса да, сол қалпында қала береді. Ал қаңбақтың тамыры 2-5 см ғана болады. Жел қатты соқса, тамыры жұлынып кетеді де, желдің екпінімен домалай жөнеледі. Қазір біздің арамызда сол қаңбақ сияқты адамдар көбейіп кетті. «Космополит» деген не? «Әлем азаматы» дегенді білдіреді. Ал енді бірде-бір тамырсыз шөпті көрдіңіз бе? Барлық тіршілік иесінің тамыры болады. Ал космополиттердің тамыры жоқ. Олар өз анасын мойындамайды. Анасынан, тамырынан айырылу үлкен қателікке апарады. Осының төңірегінде концепция жасадым. Бұл тұжырымдаманы әлемнің алдыңғы қатарлы 34 елінің (Ресейдің Сергей Михалковынан бастап) үлкен тұлғалары қолдады. Олардың ішінде Қырғызстаннан досым Шыңғыс Айтматов, Германиядан Фридрих Хитцер, бірнеше Нобель сыйлығының лауреаттары қолдады. Осының төңірегінде бірнеше елде жиын өткізілді. Елімізде болған үлкен бір жиында сол кезгі Білім және ғылым министрі, қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев азаматтық мінезін әйгілеп, қолдау көрсетіп еді. Өйткені ол – елдік, ұлттық мүддеге тамыр жіберген дархан жігіт. Оның осы облысқа басшылыққа келгеніне өз басым өте қуаныштымын. 
Мен Отырар өлкесінің перзентімін. Отырар қаласы – бүкіл қазақ тарихының күретамыры іспетті. Отырарда Александрия кітапханасынан кейінгі ең үлкен кітапхана салтанат құрған. Кезінде Отырарда 1100-ден астам ғалымдар шоғыры болған. Бүгінгі Отырарда 20-ға жетер-жетпес ғалымдар тобы бар. 1100 ғалымның ішінде жалпақ жұртшылықтың білетіні – Әбу Насыр әл-Фараби ғана. Әбу Нәсыр әл-Фарабиден басқа Отырарда 30 әл-Фараби болған. Олардың ішінде физика, математика, астрономия саласында әлемдік деңгейде жаңалық ашқан ғалымдар ғұмыр кешкен. Қайбір жылы мен Отырарға арабтың бір атақты ғалымын алып бардым. Ол өз елінде Әбу Насыр әл-Фарабидің 150-ге жуық әні бар екенін әйгіледі. Ал біз оның бірде-бірін білмейміз. 
Тарихтан белгілі, Шыңғысханның әскері Отырарды алты ай бойы қоршап, ішке кіре алмай тұрған кезінде Қайырхан әлемдік деңгейдегі үлкен кітапхананы «өртеп жібермесін» деп жердің астына жасыртқызған. Ол кітапхананың үлкен бөлігі – ғаламдық деңгейдегі ғалымдардың қолжазбасынан тұрған. Ал енді сол кітапхананы күні бүгінге дейін іздеген пенде бар ма?! Оны іздеуге қаржы керек. Мен кезінде республикамыздың Премьер-министрін Отырарға алып келіп, арнайы комиссия құрғызып, іске кіріскелі тұрған шақта, Премьер-министр орнынан түсіп, жасалған жоспар сөз жүзінде қалып қойды. Мен кеше осы мәселелерді облыс әкімі Жансейіт Түймебаевқа әңгімеледім. Оның бұл маңызды мәселелерді қараусыз қалдырмайтынына сенемін. 
– Сіз әлемнің 50-ден астам мемлекеттерінен 120-дан сыйлық алыпсыз. Сіздің есіміңіз Бірікен Ұлттар Ұйымының алтын кітабында жазылған. Еліміздегі даңқты адамдардың бірісіз. Қазіргі кезеңде атақ пен даңққа қалай қарайсыз?
– ЮНЕСКО менің «Өркениеттің адасуы» және «Жазагер жады космоформуласы» деген өлеңмен жазылған романдарымды екі рет қарады. ЮНЕСКО өзінің арғы-бергі тарихында көзі тірі бірде-бір ақынның шығармасын қарамаған екен. Сөйтіп, менің поэзиямды әлемдік поэзияның осы замандық биігі деп таныды. Бірақ, мен өз басым атақ-даңққа қызықпаймын. Кезінде «Халық қаһарманы» атағын бергенде де алмай қойғанмын. Ол да менің ұстанымыма сай келмеді. Ол ұстанымым мынау. «Отан – біздің ең үлкен анамыз. Әркім өз анасына сіңірген еңбегі үшін құрмет дәметпеуі керек. Бірақ Отан да өзінің дараланған ұлдарын марапаттап отыруы шарт. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ қазір кез келген түрмеде шіруге тиісті ұрының екі орден, үш медалі бар. Солардың қатарында жүргім келмейді. Қазір әлемдік додада қара үзіп келген спортшыны бүкіл ел болып, қауым болып қарсы алады ғой. Ал ЮНЕСКО осы заманғы руханияттың құзар шыңына балап, мен елге қайтқанда, шопырымнан басқа ешкім қарсы алған жоқ. 
– Мұхтар аға, туған жерге тағзым етіп келгеніңізге қуаныштымыз. Әйткенмен, соңғы кезде көп көрінбейсіз...
– Менің көрінбейтін себебім мынау. Кезінде мені аптасына 2-3 реттен телебағдарламаларға қатыстыратын. Қазір жарты жылда бір телеарна зорға шақырады. 
Өйткені кейбіреулерге шыншыл адам болғанымыз ұнамайды. Кезінде Гитлерден: «Шығыстағы жаулап алған елдерге қандай саясат қолданамыз?» - деп сұрағанда, Гитекең: «Оларға ертеден кешке дейін музыка бере беру керек. Өйткені адам неғұрлым рухани жағынан саяз болса, соғұрлым өзін бақытты сезінеді»,- деп жауап берген екен. Қазіргі кезеңде Гитлердің сол арманы артығымен іске асты. Әлемде материалдық байлық, спорт және екі иығын жұлып жейтін, жеңіл даңғаза әндер бірінші қатардан орын алды. Осыған орай мен мынадай жаңа ұстаным жарияладым:

Кім шындығын жоғалтып алса, 
«Ақты-ақ, қараны-қара» деп айтудан қалса, 
Яғни, сөзі басқа, ісі басқа болса, 
Ұлттық, ғаламдық мүддеге тамыр жібере алмаса,
Пенделігі тек өзін емес, қоғамын да алдаса,
Ондай ақынның да, 
ғалымның да, 
саясаткердің де,
Мазмұны, даңқы – далбаса! 
 
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Мөлдір Кенжебай, «Шымкент келбеті».

«Skifnews.kz» ақпараттық порталына гиперсілтеме жасалған жағдайда ғана материалдарды қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан дәйексөз алынғанда міндетті түрде сілтеме жасалуы тиіс. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда материалдарды коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды.

E-mail: info.skifnews@gmail.com

Сайтта жарнама орналастыру

   

Skifnews жаңалықтарын Facebook-те
оқу үшін "Нравится" белгісін басыңыз

  

 

Яндекс.Метрика

©2016 Skifnews.kz. Авторлық және жарнама құқықтар толығымен сақталады.

DivideGroup — сайт әзірлеуші