«Бұл — бiр күндiк iс-әрекеттiң нәтижесi емес» - Жаңалықтар. Қазақстанның жаңалықтары. Skifnews.kz ақпараттық портал

«Бұл — бiр күндiк iс-әрекеттiң нәтижесi емес»

16.12.2016, 10:16

Бүгін барша алаш жұрты, бүкіл Қазақстан ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр. Бұл қазақ халқы үшін өте қасиетті күн. Бір тамшы да қан төгілмей бір күнде келген егемендігіміздің артында қаншама қазақтың жаны, көз жасы тұрғанын біз тарихтан жақсы білеміз. Арғ хандық заманды айтпағанда, бергі кеңестік дәуірде біздің аталарымыз, әкелереміз тәуелсіздік деген осынау ұғымды қаншама жыл аңсады десеңізші?!

Бұл жолдағы соңғы қантөгіс 1986 жылдың 16 желтоқсанында Алматыда орын алғанын баршамыз білеміз. Осы оқиғағағ қатысып, басы-қасында болған азаматтардың бірі жазушы-драматург Захардин ҚЫСТАУБАЕВ. Назарларыңызға осынау желтоқсаншымен болған сұхбатты ұсынамыз.

– Захардин аға, өзiңiздi Желтоқсан оқиғасына қатысқан деп естiген едiк. Әңгiменi осыдан бастасаңыз...

 – Жалпы, Желтоқсан оқиғасы жайында әркiм әртүрлi пiкiрлер айтып жүр ғой. Әйтсе де, солардың көбi оны зерттеп, зерделеп, бағасын берiп жатқысы келмейдi. Әлдебiр жерден оқығанына сүйенiп, содан қорытынды жасай салатындар аз емес. Желтоқсан оқиғасы 1986 жылдың соңында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшысы Дiнмұхамед Қонаевтың қызметiнен алынуына байланысты туындаған нәрсе дейтiн болсақ, қателесемiз. Ол жәйт – сыныққа сылтау ғана. Оған дейiн елiмiзде ұзақ жыл бойы iштей дайындық жұмыстары жүрiп жатты. Сол iшкi дайындықтың пiсiп-жетiлуiне Желтоқсан оқиғасы себепшi болды дер едiм.

– Әңгiмеңiздi нақты дерек-дәйектермен тұздықтап айтсаңыз. Ол қандай дайындық жұмыстары едi?

 – 1980 жылдан бастап Кентау мен Шымкент қалаларында, 1982 жылы Алматыға барғанымда зиялы қауымның, сосын жастардың арасында ерекше бiр қозғалыс пайда болғанын аңғардым. Халық коммунистiк партияның жүргiзген саясатына бұрынғыдай 100 пайыз сенбейтiн болды. Тәуелсiздiк деген сөздi ашып айтпаса да, мүмкiн ол сөз ойларына да келмеген шығар, «суға кеткен тал қармайды» дегендей, қазақша газет-журналдарды оқуға құлшынысы артып, қазақ балабақшаларының ашылуын талап етiп жатты. Мәселен, сол тұста өзiм қызмет iстеген Кентау қаласынан сондай бiр еркiндiк лебiн аңсағандар жиi бой көрсете бастады. Өйткенi, Кентау қазағы қалың, көзi ашық жұмысшылар қаласы емес пе?!  Мұхтар Әуезов Кентауға келген сапарында Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептi көрiп «мұндай үлкен қазақ мектебi Қазақстанның астанасы Алматыда да жоқ» деп таң қалыпты. Ол оқу ордасы ұлы жазушы таң қалатындай емес, 400-500 бала оқитын екi қабатты шағын мектеп едi. Бұдан байқағанымыз, сол тұста жазушыңыз да, жұмысшыңыз да қазақ мектебi мен балабақшасын армандап, «шiркiн-ай, қашан сол күнге жетер екенбiз?» деген қиялдың жетегiнде жүрдi.

1982 жылы Алматыға қоныс аударған соң қаламгерлер қауымы басымыз қосыла қалса, қазақтың демографиясы мәселесiн талқылап, қаладағы балабақшаның бiрiнен ашылған қазақ тобын үлкен жаңалық ретiнде қабылдап, жүрекке жылы леп ескендей қуанып жүрдiк. Сөйтсек, ол леп – алаш жұрты ғасырлар бойы аңсап келген Азаттық самалы екен. Алғаш рет ел астанасында «Ертөстiк» балабақшасы ашылғанда орыстiлдiлер бетiне шапалақпен тартып жiбергендей, ұйқысынан шошып оянғандай болғаны бар. Солардың «Қазақстанда қалайша «Ертөстiк» ашылды?» деген күңкiлiн өз құлағымызбен естiдiк. Шынымызды айтсақ, «Ертөстiктiң» қалай ашылғанына өзiмiз де таң қалдық. Жүрек бұлқынып, бойымызда намыс оты оянды. №12 қазақ орта мектебiнiң аты қазақ демесеңiз, заты орысша едi. Оқушылары да, мектеп директоры — орыс тiлiнiң маманы, Социалистiк Еңбек Ерi Рафиқа Нұртазина да көбiне орысша сөйлейтiн. Ата-аналары балаларын қазақ мектебiне күштеп апарғанын байқау қиын емес. Өйткенi, мектептен шықпай жатып барлығы орысша шүлдiрлейтiн. Бұдан өзге шопандардың балалары бiлiм алатын бiр ғана қазақ мектеп-интернаты болды. Сол тұста жазушылар қауымы арасында қазақ мектебiн ашсақ деген қозғалыс байқалды. Алматының Тастақ шағынауданындағы орыс мектебiне жаңа ғимарат берiлгелi жатқанын естiп, қаламгерлер көне мектептi қазақша ету iсiне жұмыла кiрiстiк. Қонаевтың әкесi туралы туынды жазған Шона Смаханұлының үлкен кiсiмен қарым-қатынасы дұрыс едi. Қонаевтың атына жазған өтiнiшiн аудандық партия комитетiне жiберiптi. Ондағылар «Мектептi ашуын ашайық, бiрақ онда оқитын қазақ балаларын қайдан табамыз?» дегенде, қаламгерлер қауымы шұғыл түрде 500 баланың тiзiмiн жасап бердiк. Осылайша бiзге жаңа ғимаратты емес, ескiсiн бердi. Жаңа ғимаратқа көшкен орыс мектебi оқушы жинай алмаса да жұмыс iстеп жатты. Мiне, осындай жағдайлар көпшiлiк көкейiнде көптен түйдектелiп жүрдi де Желтоқсан оқиғасына алып келдi.

 Бұдан өзге де түйткiлдi мәселелер аз емес едi. Мәселен, баспалар үйiндегi 7-8 баспада 1000 адамдай қызмет iстеймiз. Қазақ тiлiнiң проблемасы қаламгерлер қауымы бас қосатын осы жерде көрiнiс табатын. Демограф Мақаш Тәтiмов тың игеруден кейiн елiмiзде қазақтар небәрi 24 пайызды құрағанын еңiретiп жазып жатты. Мән беретiн тағы бiр нәрсе, қазақтың классик қаламгерлерiнiң орысша оқыған балалары бiзбен қатар орыс редакциясында жұмыс iстедi. Солармен өзара екi жау мемлекет сияқты өмiр сүрдiк. Орыс редакциясында бiр ғана орыстан өзгесi тегiс қазақ және бәрi жазушылардың балалары. Мәскеудегi әдебиет институты мен жоғары сценаристер курсына бiздiң де оқуға барғымыз келген. Әйтсе де, әдеттегiдей танымал жазушылардың балалары алдымызды орап кете бердi. Жолы болып Мәскеуден оқу бiтiрiп келгенiмен, солардың бiрде-бiреуi кино түсiре алған жоқ. Асфальтта өсiп, орысша оқығандар қазақтың жанын қайдан түсiнсiн, қазақша киноны қалай түсiрсiн?! Соғыстан кейiн туған ақын Жарасқан Әбдiраштың қазақша оқыған ұлы Рүстем Елбасы туралы сүбелi киноэпопея түсiрiп, бүгiнде елiмiзге танымал болды. Өйткенi, ол ауылдың өмiрiн көрiп өстi, қазақ мектебiнде бiлiм алды дегендей. Осындай жәйттер Шымкентте де орын алған едi.

– Нақты деректер келтiрсеңiз...

– Шымкентте «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнде қызмет iстегенiмде Түлкiбас ауданында «Орыс қысы» мерекесi тұрақты тойланатын. Қазақ жерiнде қайдағы «орыс қысы» деуге тiл қысқа болды. Бiрақ, iштей намысымыз қайнайтын. Шамамен жетпiсiншi жылдары «Жұлдыз» журналының 1-бетiнен ақын Жұбан Молдағалиевтiң «Бiрiншi хатшыға» тақырыбымен жарияланған «Ертең сен ұмытыласың, халықтың жадында мен қаламын» деген мағынадағы өлеңiн оқып, ұйқымнан шошып оянғандай болдым. Бiр қызығы, әлгi өлең журналдың бiр данасында ғана жарық көрiптi, басқа данасына өзге өлең салынған. Кейiннен баспада жұмыс iстегенiмiзде өзiмiз де талай рет тиiстi беттерiн жыртып отырып, ара-арасында жұрт оқи берсiн деп «байқамай» өткiзiп жiберетiнбiз. Сол кезеңде тарихи романдар бiрiнен соң бiрi жазылып, тiптi қаптап кеттi. Көзi ашық жазушылар қауымы тарихи туындыларымен халқымыздың бойына ұлтжандылық пен отансүйгiштiк қасиеттi сiңiрудей-ақ сiңiрiп жатты. Кенесары туралы оқып отырғаныңда, батырды жамандап жазған секiлдi көрiнгенiмен, әлгi туынды патриоттық сезiмiңдi оятқандықтан, iшiң соған бұрып тұратын. Мiне, осындай дайындық жұмыстары Украинада жүргiзiлмеуi себептi бүгiнде олар көп зардап шегуде. Бiздiң осыдан 25-30 жыл бұрын жасағанымызды украиндар ендi ғана қолға алып жатыр. Бiз бұл кезеңнен ешқандай дау-дамайсыз өттiк. Көшелердiң, қалалардың атын қазақшаладық. Өйткенi, алдын-ала дайындалып, талас-тартыспен iштей ширығып жүрген едiк. Бiз украиндарға қарағанда саяси жағынан тәуелсiздiгiмiздi алуға дайын болыппыз.

– Ендi сол бiр ызғарлы желтоқсан күндерiне оралайықшы. Сiз қалайша желтоқсаншылардың бел ортасында суретке түсiп қалып жүрсiз?

– 16 желтоқсанда жұмысымызды тыныш атқардық. 17-сi күнi таңертеңгi сағат 11 шамасында Абай даңғылындағы (Гагарин даңғылының қиылысы) алты қабат баспа үйiнiң алдынан адамдар лек-лек болып өтiп жатты. Мәнiсiн сұрастырсақ, олар Брежнев алаңына жиналып, Қонаевты қызметтен алғанына наразылық бiлдiргелi бара жатыр екен. Мына жәйттi естiп шыдай алмаған бес-алты баспагер жаяулатып алаңға тарттық. Барсақ, ереуiлшiлердi машинамен, сосын милиция мен халық жасақшылары үш қабат қоршауға алыпты. Милиция мен халық жасақшыларының тек басқа ұлт өкiлдерi екенiн байқадым. Сол маңды бiр-екi айналғанымызбен, iшке өте алмадық. Бiр офицер «алаңға өткiлерiң келе ме?» деп кiтапхананың тұсындағы Байсейiтова көшесi жағынан бiр адам әрең сиятын ұзынша «коридорды» нұсқады. Сол коридормен өтiп бара жатып, Үкiмет үйiнiң төбесiнде қараңдап жүрген бес-алты адамды байқадым. Олар бiрнеше камераны коридорға қарай бағыттап қойған сияқты. Бiрақ, сол сәтте коридордан өткендердi түсiрiп алады деп ойламаппыз. Iшке енсек, шамасы 20 мыңдай адам бар секiлдi. Билiк өкiлдерi тұрған президиумға жақындадық. Сонда Нұрсұлтан Назарбаевтың жастарға «Дауыстарың шықпайды ғой, тамақ iшпегенсiңдер ме? Босқа шуламай, ойларыңды жүйелеп қағазға түсiрiп, алып келiңдер» деп айтқанын естiдiм.

 Қайдан кiрiп жатқаны белгiсiз, кешке қарай қоршаудың iшiндегi адамдардың қарасы молая түстi. Бағанаға iлiнген радиодан қазақша әндер берiлуде. Кенет Шәмшi Қалдаяқовтың «Менiң Қазақстаным» әнi шырқалғанда алаңдағылар дүр ете қалып, барлығы бiрдей әнге қосылған сәттегi көрiнiстi суреттеуге тiл жетпейдi. Жастардың рухы көтерiлiп, бойын намыс кернеп кеткендей болды. Апыр-ау, ғасырлар бойы ата-бабаларымыздың армандап келгенi осы емес пе едi?! Әннiң рухының мықтылығы соншалықты, көпшiлiктi көтерiп әкеттi. Бүкiл алаң «Менiң Қазақстанымды» бiр деммен шырқап тұрды. Басқа бiрде-бiр әнге бұлайша қосылып шырқау мүмкiн емес! Алаңдағылар буырқанып, дүрлiгiп кеткен соң мiнбердегi басшылық өкiлдерi сескендi-ау деймiн, әндi бiрден үзiп тастады. Кейiннен ойлаймын ғой, Нұрсұлтан Әбiшұлына осы әндi Әнұран етiп алу идеясы сол сәтте келдi-ау деп.

 Қазақша әндi кiлт үзген билiк ендi басшыларға кезекпен сөз бере бастады. Олар жарыса «Кешке қарай қатаң шара қолданылады, жатақтарыңа қайтыңдар, институттан шығып қаласыңдар» деп студенттерге ескертiп жатты. Бiр кезде биiк бағананың басына iлiнген радиоға бiр жiгiт өте әбжiлдiкпен өрмелеп барып, сымын үзiп тастады. «Шамасы, циркте iстейтiн акробат болды-ау» деп ойладым. Әйтпесе, жып-жылтыр темiр бағанаға өрмелеу кез келгеннiң қолынан келмес...

Кешке қарай қалқан ұстаған солдаттар қаптап кеттi. Сонадайда пулемет сүйреткендер пайда болды. Батқан күннiң сәулесiмен шағылысқан қалқандары тым суық көрiнедi. Әскерилер осылай жастарға психологиялық қысым жасауға көштi. Алаңның сыртындағы жұрт түнге қарай сирей бастады. Бiз де үйге қайтып кеттiк. Бiрақ ұзамай алаңға қайта келдiк. Бұл жолы мектеп оқушыларына дейiн көшеге шығып кетiптi. Қазақ қыздарының ұлдарға қарағанда қатты қайрат көрсетiп жатқанына куә болдық. Мәселен, бес-алты қыз-жiгiттiң өзара әңгiмесiн құлағым шалды. Жiгiттер «мұның соңы не болар екен?» деп алаңдаса, қыздар «күтемiз сендердi» деп оларды рухтандырып тұрды. Сол кезде екi қыз жандарына тоқтаған көлiкке жүгiрiп барып, бiреуi милиционердiң бас киiмiн жұлып алса, екiншiсi «сендер не деген адамсыңдар? Өздерiңе өздерiң қарсы шығасыңдар ма?» деп көлiгiнiң есiгiн жұлып ала жаздады.

Бiр-екi күн бұрын қылаңдап жауған қар сiресiп қатып қалған. Жерден тас табу мүмкiн емес. Алаңдағы адамдар жерден не мұз, не қар таба алмаған соң граниттердi сындырып, сонымен әскерлерге қарсы шықты. Iле-шала өздерiне су шашқан өрт сөндiретiн машинаны аударып, өртеп жiбердi. Билiкке керегi де осы болса керек, алып империяның әр жерiнен әкелiнген ең күштi жауынгерлер тобын шабуылға шығарды. Қолдарына не тас, не таяқ iлiнбеген ұл-қыздар мұздай қаруланған жасақтарға қарсы тұра алмай, керi шегiндi. Жанашыр жұрт жан-жаққа бытырады. Бiз көпқабатты тұрғын үйлердiң ауласына өтiп кеттiк. Шабуылдаушылар тұрғын үйлердiң жанындағы адамдарға тиiсе алмады. Қалай болғанда да мыңдаған адам таяқ жедi, мерт болғандары да бар. Жатақханаға барғандарын ұстап әкетiп жатты. Талайын көзбен көрдiк.

– Оқиға одан әрi қалай өрбiдi? Қудалау көрген жоқсыз ба?

 –18 желтоқсанда жұмысқа келсем, кеше бiзбен бiрге болған жазушы досым «Захардин, кешiр менi, сендердi айтып қойдым» деп жыламсырайды. Сөйтсем оны Мемлекеттiк Қауiпсiздiк Комитетiне (КГБ) алдымен шақырып, «коридормен» жүрiп өткен суретiмiздi көрсетiп, бiз туралы да сұрастырған екен. «Правда» газетiнiң 17 желтоқсан күнгi санында жарияланған қысқа ақпаратта «Алматыда маскүнемдер, жұмыссыздар, нашақорлар алаңға шығып, наразылық бiлдiрдi, басбұзарлық жасады» деп жазылыпты. Ақпаратқа «жалпы жұртшылық та қатысты» десе, мәселе ушығып кетуi мүмкiн едi. Сол себептi билiк үшiн ең тиiмдi жолы тек жастарды ғана күстәналап, жала жабу болды. Сол күндерi жазушы-журналистердiң өздерiмен бiрге екенiне сенген жастар да «бiр қорғаса, жазушылар қорғайды» деген оймен Жазушылар одағына барып, араша күттi. Артынша Қазақстанның жаңа сайланған бiрiншi басшысы Колбин көпшiлiкпен бiрiншi кездесуiн Жазушылар одағында өткiздi. Абырой болғанда кездесуге жиналған қаламгерлердiң бiрде-бiрi Орталық Комитеттiң басшы тағайындау туралы шешiмiн де, жастарға қарсы әскер шығаруын да қолдаған жоқ. Ақын Жұбан Молдағалиев және басқалар алаңға шыққан жастарды қолдап, батыл сөйледi. Жалпы халықтың беталысын аңғарған билiк алғашқы қарқынын бәсеңдетiп, оқиғаны өздерiне тиiмдi сценарий бойынша қайта бағалауға, басқаша тергеуге кiрiстi. Бiз сияқтыларды әу баста қауiпсiздiк комитетiне шақырып, тергеудi қызу бастады да, бiрақ көп ұзамай кiлт тоқтатты. Себебi, екi күн бойы алаңға барып, жастардың талап-тiлегiн ашық қолдаған жас ақын-жазушылар да, атақты қаламгерлер де аз болған жоқ. Жалпы, Желтоқсан оқиғасын Алматының сол кездегi тұрғындарының бәрi дерлiк, тiптi мектеп оқушыларына дейiн қолдап шыққаны анық. Сонымен, бiздi қайтып мазалаған жоқ. Негiзi бұл Тәуелсiздiкке алаштың айтулы тұлғалары, ақын-жазушылар о бастан көп еңбек сiңiрiп келдi ғой. Желтоқсан оқиғасы бiр күнде болған iс-әрекеттiң нәтижесi емес деп ойлаймын!

 – Кейiн бұл оқиғаның қызметiңiзге зияны тимедi ме?

 – Жоқ. Қайта алматылық қазақтардың тынысы ашылып сала бердi. Көптеген проблемалар iс жүзiнде шешiлмесе де ауызша айтылып, қағазға түсе бастады. Қазақтардың саяси белсендiлiгi күрт артты. Түрлi қозғалыстар пайда болды. Солардың арасында ана тiлiмiзге мемлекеттiк мәртебе беру, тiлдi дамыту жолындағы iс-әрекеттер ерекше орын алды. Республикалық «Қазақ тiлi» қоғамы дүниеге келдi. Мен өзiм Алматыдағы Совет аудандық «Қазақ тiлi» қоғамының төрағасы болып сайландым. Бұл сол тұстағы ең бiр қиын аудан едi. Себебi, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетi де, әбден орыстанған министрлiктер мен қала билiгi де осы ауданның аумағында болатын. Тiл мәселесiн көтеру оңай болған жоқ. Бiр жақсы жерi белсендiлер аз емес-тi. Белгiлi ақын Нұрлан Оразалин, журналист Сайраш Әбiшева, жалындаған жас саясаткерлер Жасарал Қуанышәлин, Дос Көшiм және басқа да азаматтар батыл да белсендi жұмыс атқарды. Көпшiлiктiң белсендiлiгi арқасында шығар деп ойлаймын, менiң де қызметiм жоғарылап, аз уақытта Мәдениет министрлiгiне, одан Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесiне жұмысқа алындым.

Тәуелсiздiк күнi жақындап келе жатқан сол уақытта Алматы қазандай қайнап жатты. Сол қазанда бiз де қайнап, шыңдалдық. Бiр өкiнiштi жерi, ондаған талантты жазушы көркем әдебиеттi былай ысырып қойып, саясатқа, журналистикаға өттi. Онсыз болмайтын едi. Томаға-тұйық өмiр сүрiп келген, билiк тарапынан жеткiлiктi көңiл бөлiнбеген қазақ журналистикасы заман күрт өзгерген кезеңде ғасырларға пара-пар жылдардың ауыр жүгiн тарта алмады. Құдайға шүкiр, Тәуелсiздiкке қол жеткiздiк. Журналистика арбасына жегiлген әрiптестер бiрте-бiрте көркем әдебиетке оралып жатыр.

– Әсерлi сұхбатыңыз үшiн рахмет, аға!

Сұхбаттасқан Үмiтхан АЛТАЕВА, «Оңтүстiк Қазақстан».

«Skifnews.kz» ақпараттық порталына гиперсілтеме жасалған жағдайда ғана материалдарды қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан дәйексөз алынғанда міндетті түрде сілтеме жасалуы тиіс. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда материалдарды коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды.

E-mail: info.skifnews@gmail.com

Сайтта жарнама орналастыру

   

Skifnews жаңалықтарын Facebook-те
оқу үшін "Нравится" белгісін басыңыз

  

 

Яндекс.Метрика

©2016 Skifnews.kz. Авторлық және жарнама құқықтар толығымен сақталады.

DivideGroup — сайт әзірлеуші