Президент әкімшілігіне қарасты жалған ақпаратпен күрес орталығы ел басшысының ауруханада жатқаны жайлы ақпаратты теріске шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл жайында аталмыш орталықтың кеше Twitter-де жариялаған жазбасында айтылған.
«Президент Режеп Тайып Ердоғанның жүрек ұстамасы ұстап, ауруханаға жатқызылғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Құрметті ел басшысы 27 сәуірде «Аккую» атом электр стансасынан алғашқы отын жөнелту салтанатты шарасына Анкарадағы кеңсесінен тікелей байланыс арқылы қатысады» делінген хабарламада.
Кейіннен елдің вице-президенті Фуат Октай мәлімдеме жасап, президенттің денсаулығы өте жақсы екенін айтты.
«Үнемі байланыстамыз, аздап суық тиіп қалды» деді ол.
Еске сала кетейік, кеше Режеп Тайып Ердоған телеарнаға сұхбат беріп отырып, өзін жайсыз сезінген соң тікелей эфир ортасынан үзілгені хабарланған еді.