05.05.2023, 16:20

«Қырылып жатырмыз»: «Вагнер» тобының жетекшісі Бахмутты тастап шығатынын мәлімдеді

Фото: соцсети/AFP
2023 жылдың 10 мамырынан бастап біз Бахмуттан шығамыз!

«Вагнер» жеке әскери компаниясының қожайыны, Ресейлік олигарх Евгений Пригожин Ресей президенті мен Қорғаныс министріне үндеу жариялады. Ол мамырдың 10-ы күні Бахмутты тастап шығатынын мәлімдеген.

Пригожиннің айтқандары, сөзбе-сөз:

Вагнер» ЖӘК жауынгерлері мен командирлерінің, өзімнің атымнан айтамын!

16 наурызда «арнайы әскери операция» (Ресей Украинадағы соғысты солай деп атайды) жоспарлы өтпеген кезде бізден көмек сұрады.

2022 жылдың 19 наурызында біздің жасақтар Африкадан елге оралды. Ұрыс қимылдарына тас-түйін дайын күйінде, Африкадан орала салып, соғысқа араласып кетті. Біз ең күрделі жерлерге кірдік. Попасныйда соғыстық. 2022 жылдың 9 мамырына дейін біз аталған елді мекенді бағындырдық.

Онан соң, Изюм мен Қызыл Лиманнан масқара болып қашқан армияны құтқару үшін 130 шақырымға созылған майдан шебін құрдық және қарсыласымызды ұстап тұра алдық.

Ал 2022 жылдың 8 қазанында мақтаулы армиямыз тынығып алуы үшін, барлық ауыртпалықты өз мойнымызға алып, өзіміздің өмірімізді құрбан ете отырып Бахмут қанқасабына кірдік. Бахмутта операция бастадық. Бахмут қанқасабында да жетістік көрсеттік.

Қорғаныс министрлігінің айналасындағы әскери бюрократтардың арасында кейбір лауазымды тұлғалардың «ішінде пышақ айналмай қалды». Сол себепті, бізге қару-жарақ жеткізуді тоқтатып, қолдан жетіспеушілік (дефицит) жасады. Ал снарядтар қоймаларда бос жатыр. Біз өзімізге қажетті сұраныстың 30 пайызын ғана алып отырмыз. Сол себепті, біздің адам шығынымыз да айтарлықтай көп. Біз соған да қарамастан, алға жылжыдық.

Бір ай бұрын бізге оқ-дәрі жеткізуді мүлде тоқтатты. Қазір біз ұрысқа қажетті оқ-дәрілердің 100 пайыздан тек 10 пайызын ғана алып отырмыз.

Біз 2023 жылдың 9 мамырына дейін Бахмутты бағындырғымыз келген. Біздің жетістіктерімізді көріп отырған әскери бюрократтар 1 мамырдан бері оқ-дәрі, қару-жарақ жеткізуді біржола тоқтатты.

Өйткені, әскери басшылықтағы қабаққарындар тарихқа өздері жеңімпаз болып енгісі келеді. Олар қазірдің өзінде тарихқа нағыз қорқақтар болып енді.

Мен ресми түрде мәлімдеймін: Қорғаныс министрлігі мен әскери басшылыққа айтарым!

Біздің жігіттер Бахмутта оқ-дәрі, қару-жарақсыз тектен-тек шығынға бармайды. Сондықтан, 2023 жылдың 10 мамырынан бастап біз Бахмуттан шығамыз!

Егер өз қызғаныштарыңның кесірінен Ресейліктерге жеңіс сыйлағыларың келмесе, Бахмуттың толық бағындырылғанын көргілерің келмесе, онда мәселе сендерде деген сөз!

Сондықтан, Қорғаныс министрлігіне айтарым: Арнайы бұйрық шығарыңдар! Бүкіл соғыс бойы біздің атымызға бірде-бір қағаз жолданған, жазылған жоқ. Өйткені, әскери басшылық өзіне жауапкершілік жүктеуден қорқады. Біз Бахмуттан шығу туралы әскери шешім күтіп отырмыз!

Біздің оқ-дәрілеріміздің мүлде қалмағанына қарамастан, 9 мамырға дейін біз Бахмутта қаламыз. 400 күн ұрыстан кейін біз тылдағы лагерлерге шығамыз. Біздің көмегіміз керек болғанға дейін сонда боламыз. Біздің көмегімізге жүгінетіндерің айдан анық. Өйткені, сендер әскерді басқара алмайсыңдар.

Mezgil.kz