02.06.2023, 10:40

АҚШ президенті Джо Байден сахнада оңбай құлады (ВИДЕО)

Фото: Видеодан алынған кадр
80 жастағы президенттің тұруына күзетшілер көмектесті.

АҚШ президенті Джо Байден 1 маусымда АҚШ Әскери-әуе күштері академиясында түлектердің бітіру рәсімінде соңғы дипломды тапсырған соң шалынып құлап қалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Әлеуметтік желілерде жарияланған бейнежазбада Байден құлап қалған соң жылдам орнынан тұрып кеткені, оған жақын тұрған адамдар көмектескенін көруге болады. Орнынан тұрған соң ол өз бетімен орындығына барып отырып, жығылып қалғанын ишарамен көрсетті.

Ақ үйдің коммуникациялар директоры Бен ЛаБолт Twitter-де Байденнің жағдайы жақсы екенін жазды.

«Ол қол алысып жүре берген сәтте сахнада жатқан құм салынған қапқа шалынып қалды», - деп түсіндірді спикер. Қапты кадрлардан көруге болады.

Reuters агенттігі Байденнің АҚШ президенттігіндегі ең қарт адам екенін атап өтті. Ол қазірдің өзінде 2024 жылы екінші мерзімге сайлауға түсетінін мәлімдеді. Жүргізілген сауалнамалар америкалықтардың жасы 75-тен асқан адамның тағы президент болуы мүмкін екеніне алаңдайтынын көрсетті. Ал екінші рет сайлауға түсуге ниетті АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп 14 маусымда 77 жасқа толады.

Тегтер: АҚШ Джо Байден