20.02.2024, 18:20

Түркия жекеменшік мектептерге жат мерекелерді тойлауға тыйым салды

Фото: Pixabay

Бұл ережелер үкіметтің ресми газеті Resmi gazete басылымында жарияланып, күшіне енді. 

Түркияның ұлттық білім министрлігі жекеменшік мектептерге түрік мәдениеті мен дәстүріне тән емес кейбір шетелдік мерекелерді тойлауға тыйым салды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Жеке білім беру ұйымдары туралы жаңартылған ереженің мәтінінде "түрік ұлтының ұлттық, адамгершілік, гуманистік, рухани және мәдени құндылықтарына қайшы келетін және оқушылардың психоәлеуметтік дамуына ықпал етпейтін іс-шаралар мен мерекелік шараларды өткізуге тыйым салу" туралы жазылған. Бұл ережелер үкіметтің ресми газеті Resmi gazete басылымында жарияланып, күшіне енді. Осылайша, жекеменшік мектептерде оқушыларға мұндай шараларды ұйымдастыру енді заңға қайшы.

Білім министрлігіне бұл өзгерістерді жасауға 2023 жылдың желтоқсанында ата-аналардың наразылығы себеп болған. Содан кейін түрік отбасыларынан балалары оқитын мектептерде түрік емес мерекелердің тойлануы туралы шағымдар түсе бастағаны айтылады. Атап айтқанда, Хэллоуинді ұйымдастыруға қатысты үлкен шағымдар болған, себебі оны мерекелеу кейбір балаларды қорқытатын макияж мен киімдерден тұрады. Сондықтан бұл да жалпы педагогикалық және әлеуметтік нормаларды бұзу ретінде қарастырылған.

Бұл наразылық толқынын кейбір мемлекеттік БАҚ белсенді таратып, нәтижесінде департамент мектеп басшыларына іс-шараларды ұйымдастыру ережелері мен Ұлттық білім туралы заңның сақталуы туралы жеке ескерту жіберуге мәжбүр болған, деп жазады дереккөз.