28.02.2024, 11:40

Израиль Рамазан айында атысты тоқтатуға келісті

Фото: Oliver Contreras / POOL

Уақытша бітім қабылданатын болса, тараптар ең алдымен тұтқын алмасуы мүмкін. 

Израиль Рамазан айында Газа секторына шабуыл жасауды тоқтатуға келісті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Мұны АҚШ президенті Джо Байден Американың "Эн-би-си" телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді. Және де ол ымыраның келесі аптада күшіне енетініне үміт білдірді. Хамас болса, бұл идеяны қарастырып жатқанын айтты.

Уақытша бітім қабылданатын болса, тараптар ең алдымен тұтқын алмасуы мүмкін. Сонымен қатар, хамастықтар атысты доғару жайлы пәтуаға Газаға гуманитарлық көмек кіргізу мәселесін қосуды талап етіп отыр.

Аймақта соғыс қазанның 7-де Хамас Израилдьдің оңтүстігінде 1200 адамды өлтіріп, жүздеген тұрғынды кепілдікке алғаннан кейін басталды. Бүгінге дейін 30 мыңдай бейбіт палестиналық мерт болған.