Нетаньяху мырза оның елі БҰҰ шешімі негізінде құрылғанын ұмытпауы тиіс, сондықтан ол бұл ұйымның шешімдерін елеуі керек.
Халықаралық қылмыстық сот Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен бұрынғы қорғаныс министрі Йоав Галлантты тұтқындауға ордер берді. Skifnews.kz ақпарат порталы осы тақырыпқа толығырақ тоқталмақ.
"Халықаралық соттың алдын ала іс жүргізу палатасы екі адамды –Биньямин Нетаньяху мен Йоав Галлант мырзаны кемінде 2023 жылдың 8 қазанынан кемінде 2024 жылдың 20 мамырына дейін жасаған адамзатқа қарсы қылмысы мен соғыс қылмысы үшін қамауға алу туралы ордер берді", - делінген хабарламада.
Ордер айыптаушылардың 20 мамырдағы өтініші бойынша берілді.
Израиль бұл айыптауды жоққа шығарып, Халықаралық қылмыстық сотпен ынтымақтастық орнатудан бас тартты.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Тұтқындау ордері аштықты соғыс әдісі ретінде қолдану және адамзатқа қарсы қылмыстар – бейбіт тұрғындарды өлтіру мен қудалау айыптары бойынша шығарылды. Нетаньяху мен Галлант 2023 жылдың қазанынан бастап жасалған қылмыстарға қатысы бар деп күдікке ілінді.
Соттың мәлімдеуінше, Газадағы бейбіт тұрғындарды өмір сүру үшін қажетті заттардан – азық-түлік, су, дәрі-дәрмек, медициналық құралдар, сондай-ақ отын мен электр қуатынан қасақана және әдейі айыруға қатысты негізді дәлелдер бар. Бұл әрекеттер 2023 жылдың 8 қазанынан 2024 жылдың 20 мамырына дейінгі аралықта жасалған.
Сот Израиль осы іске байланысты ХҚС юрисдикциясын даулай алмайтынын жеткізіп, тергеуді тоқтату туралы өтінішті қабылдамады.
НЕТАНЬЯХУҒА ЕСКЕРТУ
Қазан айының ортасында Франция президенті Эммануэль Макрон Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхуға жолдаған мәлімдемесінде Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімдерін сақтау маңыздылығын атап өткен.
Макрон 1947 жылдың қараша айындағы БҰҰ резолюциясына сәйкес Израильдің Палестина аумағында еврей және араб мемлекеттеріне бөлінгенін еске салған.
«Нетаньяху мырза оның елі БҰҰ шешімі негізінде құрылғанын ұмытпауы тиіс, сондықтан ол бұл ұйымның шешімдерін елеуі керек», – деген Макрон.
ХАЛЫҚАРЫЛЫҚ РЕАКЦИЯ
ХАМАС пен Израиль жетекшілеріне қарсы ордер сұратуға байланысты Ханның әрекеті әлемде үлкен резонанс тудырды. Батыс елдерінің көптеген басшылары Халықаралық қылмыстық сот (ХҚС) бас прокурорының іс-әрекетін айыптады. Израиль басшылығына ордер беру туралы ұсынысты АҚШ, Ұлыбритания, Чехия, Италия және Германия қатаң сынға алды. Алайда, Франция, Бельгия және Ирландия сияқты кейбір елдер ХҚС прокурорын қолдайтын ұстаным білдірді.
Израиль билігі ХҚС айыптарын өткір сынға алды. Премьер-министр Беньямин Нетаньяху ХҚС прокурорын демократиялық мемлекеттердің террористік ұйымдар мен басқыншылардан қорғану құқығын жоққа шығарып, антисемитизмге жол берді деп айыптады. Ол бұл жағдай Израильдің ХАМАС-ты жою мақсатына әсер етпейтінін мәлімдеді. Израиль Сыртқы істер министрлігі бұл әрекетті "мәңгі есте қаларлық тарихи масқара" деп атады.
ХАМАС та ХҚС прокурорының бастамасын айыптап, "Халықаралық қылмыстық соттың прокуроры палестиналық қарсыласу көшбасшыларын жәбірленушілермен қылмыскерлерге теңестірмек болғанын қатаң түрде айыптаймыз" деп мәлімдеді.
CNN мәліметінше, бұл ХҚС-тың АҚШ-тың жақын одақтасы саналатын мемлекеттің басшысын алғаш рет қудалау процесін бастауы болып отыр.
ИЗРАИЛЬ ҮКІМЕТІ ҚАНДАЙ ПІКІРДЕ?
Израиль үкіметі сот шешімін "абсурдты" деп атап, ХҚС-ты террористік топтарды қолдады деп айыптады. Израильдің оппозициялық саясаткерлері де бұл шешімді сынап, оны "терроризмді мадақтау" деп бағалады.
ХҚС-тың бұл қадамы Таяу Шығыстағы шиеленістің одан әрі ушығуына ықпал етуі мүмкін деген алаңдаушылық бар. 2023 жылдың қазанынан бері Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығыс кезінде мыңдаған адам қаза тапты.