$ 512.16  594.72  6.57

Қытай АҚШ-тан Венесуэла президентін дереу босатуды талап етті

Мао Ниннің айтуынша, ешбір мемлекет өз ережелерін халықаралық құқықтан жоғары қоя алмайды.

Фото: Мао Нин. ©️ mfa.gov.cn / globallookpress.com
Фото: Мао Нин. ©️ mfa.gov.cn / globallookpress.com

ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мао Нин 6 қаңтарда Вашингтон Венесуэладағы әскери операциясы арқылы халықаралық қатынастардың тұрақтылығына нұқсан келтіргенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы "Синьхуа" агенттігіне сілтеме жасап. 

"АҚШ Венесуэла президенті Николас Мадуроның мемлекет басшысы ретіндегі мәртебесін елемей, оған қарсы ашық түрде қудалау жүргізіп, өз сотында “сот процесін” ұйымдастырды. Бұл әрекет Венесуэланың мемлекеттік егемендігін өрескел түрде бұзып, халықаралық қатынастардың тұрақтылығына нұқсан келтірді", – деді Пекин өкілі кезекті ведомстволық баспасөз мәслихатында.

Мао Ниннің айтуынша, ешбір мемлекет өз ережелерін халықаралық құқықтан жоғары қоя алмайды.

Ол сондай-ақ "Қытай АҚШ-ты Венесуэла президенті Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флоресті дереу босатуға және олардың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырады", – деп мәлімдеді.

Бұған дейін Нью-Йорк соты Венесуэла президентіне қатысты істі қарау бойынша алғашқы отырысты аяқтаған еді. Оған "наркотеррористік қызметке байланысты сөз байласу, кокаин контрабандасы, пулеметтер мен жарылғыш құрылғыларды сақтау және оларды АҚШ-қа қарсы қолдану жөніндегі сөз байласу" айыптары тағылып, төрт рет өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр.

Сотта Мадуро өзін "әлі де Венесуэланың президентімін" деп атап, тағылған айыптардың ешқайсысын мойындамайтынын айтты. Оның жұбайы да өзінің кінәсіз екенін мәлімдеді. Судьямен олар аудармашы арқылы сөйлесіп, синхронды аудармаға арналған құлаққаптар киген.

Судья саясаткерді 17 наурызда өтетін келесі сот отырысына келуге міндеттеп, консулдық қызметкерлердің келуіне рұқсат берді. Ал қорғау тарапы Венесуэла президентін кепілмен босатуға қол жеткізуге ниетті екенін хабарлады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 2
Күлкілі 0
Ашулы 2

Серіктес жаңалықтары