02.05.2026, 10:30

«1,5 млрд доллар»: Трамптың ұлдары Қазақстанда вольфрам өндіруге инвестиция салды

Фото: Financial Times

Активтерді қайта құрылымдау нәтижесінде Kaz Resources компаниясы құрылған, ол Nasdaq биржасына шығуды жоспарлап отыр.

АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлдары Эрик Трамп пен Дональд Трамп-кіші Қазақстандағы вольфрам өндіру жобасына қатысушылардың қатарына қосылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы Financial Times басылымына сілтеме жасап.

Басылымның мәліметінше, олар инвестициялық Cove Capital тобы мен Skyline Builders құрылыс компаниясына байланысты мәмілелер тізбегі арқылы компаниядан үлес алған. Активтерді қайта құрылымдау нәтижесінде Kaz Resources компаниясы құрылған, ол Nasdaq биржасына шығуды жоспарлап отыр.

Жоба Қазақстан аумағындағы вольфрам кен орындарын игеруге байланысты және америкалық даму институттарының қолдауына ие болған. Атап айтқанда, АҚШ-тың Export-Import Bank және Development Finance Corporation тарапынан 1,6 млрд долларға дейін қаржыландыру қарастырылған.

Жобалардағы бақылаушы үлес Cove Kaz Capital құрылымына тиесілі. Дональд Трамп-кішінің өкілі оның пассив инвестор екенін, компанияларды басқаруға және мемлекеттік органдармен өзара байланысқа қатыспайтынын мәлімдеді.

Бұған дейін «С5+1» саммиті аясында Қазақстан мен АҚШ 17 млрд доллардан астам сомаға коммерциялық келісімдерге қол қойған еді.