20.08.2026, 17:20

Шавкат Мирзиёев Өзбекстанда тағы бір АЭС салынатынын айтты

Фото: rg.ru

Нысанның қай жерде бой көтеретіні әзірге белгісіз.  

Өзбекстанда екінші атом электр станциясының (АЭС) жобасы бойынша дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Хорезм облысында жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу рәсімінде айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы жергілікті басылымға сілтеме жасап. 

"Бүгін сіздерге бір құпияны айтқым келіп тұр. Таяуда біз екінші станция бойынша да үлкен дайындықты бастадық", – деп мәлімдеді Шавкат Мирзиёев.

Бұл ретте екінші АЭС-тің ықтимал салынатын орны, оның қуаты мен жобаны жүзеге асыру мерзімдері туралы ақпарат жоқ.

Айта кету керек, Өзбекстандағы алғашқы АЭС Жизақ облысының Фариш ауданында салынып жатыр. Нысанның бірінші шағын модульдi реакторын 2029 жылдың қазан-қараша айларында, ал екіншісін одан кейін алты айдан соң техникалық іске қосу жоспарланған. Бірінші үлкен энергоблок 2033 жылы іске қосылады, ал жобаны толықтай 2034-2035 жылдары аяқтау көзделіп отыр.