25.08.2026, 17:20

АҚШ 200 мың шетелдіктің визасын жоюы мүмкін

Фото: depositphotos.com

Дональд Трамп әкімшілігінің бұл шешімі 2016-2026 жылдар аралығында берілген B1 және B2 санатындағы визалардың иелеріне қатысты болады.

АҚШ әкімшілігі 200 мың шетелдіктің іскерлік және туристік визасын жоюды жоспарлап отыр. Бұл АҚШ тарихындағы визаларды жаппай жоюдың ең ауқымды жағдайы болуы мүмкін, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы New York Post басылымына сілтеме жасап.

Дональд Трамп әкімшілігінің бұл шешімі 2016-2026 жылдар аралығында берілген B1 және B2 санатындағы визалардың иелеріне қатысты болады.

Атап айтқанда, АҚШ-тан баспана сұраған немесе қазіргі уақытта баспана алу туралы өтініш беріп жүрген шетелдіктердің визалары жойылуы мүмкін. B1 визасы негізінен іскерлік мақсатпен келетін шетел азаматтарына беріледі. Ал B2 визасы туристерге, АҚШ-тағы туыстарына баруға немесе медициналық көмек алуға келгендерге арналған.

АҚШ Мемлекеттік департаменті визаларды жою туралы шешімді Ішкі қауіпсіздік министрлігімен (DHS) келісе отырып, алдағы бірнеше аптада ресми түрде жариялауы мүмкін. Қолданыстағы талаптарға сәйкес, B1 және B2 визасына өтініш берушілер АҚШ-та баспана сұрамайтынын растауы және өз еліне қайту ниеті бар екенін дәлелдеуі тиіс.

Дональд Трамптың екінші президенттік мерзімі басталғалы АҚШ Мемлекеттік департаменті қылмыс жасағаны үшін сотталған немесе қылмыс жасады деп айыпталған, сондай-ақ АҚШ саясатына қатысты пікірін ашық білдірген адамдардың шамамен 175 мың визасын жойған.