Бұл туралы CBS News басылымы жазды.
Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядтағы Король Халид халықаралық әуежайына 11 қазанда тағы шабуыл жасалды. Бұған дейін, 10 қазанда болған соққы салдарынан кемінде 12 адам қаза тауып, 309 адам жараланған. Қаза тапқандардың арасында АҚШ азаматы да бар, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы CBS News басылымы жазды.
Мәліметке сәйкес, Йемендегі хуситтер тобы 10 қазаннан бері Эр-Рияд әуежайына кемінде төрт рет шабуыл жасаған. Сауд Арабиясының билігі соңғы соққы кезінде ішкі рейстерге қызмет көрсететін 3 және 4-терминалдар орналасқан аумақта адамдардың жараланғанын хабарлады.
Зымыран шабуылдарынан кейін әуежай 10 қазаннан бері жабық тұр. Соңғы бес күнде нысанға төрт рет соққы жасалған. Алғашқы шабуылдан кейін жараланған 309 адамның кейбірінің жағдайы ауыр екені хабарланды.
Хуситтердің әскери өкілі, бригадалық генерал Яхья Сари Telegram-арнасында Сауд Арабиясының Йеменге жасаған шабуылдарына жауап ретінде әрекет еткендерін мәлімдеді.
«Бұл — Сауд Арабиясының еліміз бен халқымызға қарсы қатыгез агрессиясына берілген жауап», – деді ол.
Сари соңғы 24 сағат ішінде Сауд Арабиясы хуситтер бақылауындағы Йемен аумағына 120-дан астам әуе соққысын жасағанын айтты.
BBC News мәліметінше, хуситтер Сауд Арабиясындағы өзге де нысандарға шабуыл жасаған. Олардың қатарында Aramco ұлттық мұнай-газ компаниясына тиесілі Шугадам газ нысаны, Танаджиб мұнай өңдеу зауыты және Даммам қаласындағы Король Фахд халықаралық әуежайы бар.
Сауд Арабиясының азаматтық авиация басқармасы Король Фахд әуежайына жасалған шабуылды растаған.
Хуситтердің жаңа шабуыл жасау қаупіне байланысты Сауд Арабиясының билігі Эр-Риядтағы мектептерді қашықтан оқыту форматына көшірді. Әуе рейстері де басқа әуежайларға бағытталған.
АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Аустралия және Канада өз азаматтарына әуежайға бармауға кеңес берді.
10 қазанда хуситтер Сауд Арабиясының әуежайларына жаңа шабуылдар жасалуы мүмкін екенін ескертіп, тұрғындарды Мекке мен Мәдинадағы қасиетті орындардан басқа әуежайларға бармауға шақырған.
«Әуежайлар мен әуе кеңістігі шабуыл нысанасына айналуы мүмкін және біздің күшіміздің операциялық аймағына кіреді», – деп жазды Яхья Сари X әлеуметтік желісінде.
Ол жұртшылықты жарияланған ескертулерге байыппен қарауға шақырды.
11 қазанда хуситтер Йемен астанасы Сана қаласындағы өз бақылауындағы әуежайға да қайтадан соққы жасалғанын хабарлады. Олар шабуылға Сауд Арабиясын айыптағанымен, оқиғаның егжей-тегжейін жарияламады.