21.10.2026, 17:00

Сауд Арабиясы Медина маңында дронды атып түсірді

Фото: БПЛА / BaykarTech

Ұшқышсыз ұшу аппараттарының қайдан ұшырылғаны нақтыланбады.

Йеменнің заңды үкіметін қолдайтын Сауд Арабиясының араб коалициясы Медина аймағында және елдің шығыс бөлігінде бес ұшқышсыз ұшу аппаратының ұсталып, атып түсірілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы Анадолы агенттігіне сілтеме жасап. 

Араб коалициясының ресми өкілі генерал-майор Түрки әл-Мәликидің хабарлауынша, Сауд Арабиясына дрон шабуылы жасалған. Белгілі болғандай, коалиция күштері бес дронды атып түсірген. Әл-Мәлики ұшқышсыз аппараттардың Медина аймағында және елдің шығысында жойылғанын нақтылады. Бұл ретте коалиция өкілі дрондардың қайдан ұшырылғанына, сондай-ақ оқиға салдарынан қаза тапқандар мен бүлінген ғимараттардың бар-жоғына тоқталмады.

Йемендегі азаматтық соғыс 2014 жылдың қыркүйегінде басталды. Иран қолдайтын хуситтер ел астанасы Сана қаласы мен бірқатар провинцияны өз бақылауына алған болатын. Сауд Арабиясы бастаған араб коалициясы 2015 жылдың наурызынан бері Йеменнің халықаралық қоғамдастық таныған үкіметіне қолдау көрсетіп келеді.