Адам Робинсонмен бірге ұшақта әйелі Хелен Шарп, төрт және екі жастағы балалары болған.
АҚШ-тың Флорида штатында Learjet 60 бизнес-ұшағы апатқа ұшырап, борттағы жолаушылардың барлығы қаза тапты. Марқұмдардың арасында 44 жастағы миллионер, технологиялық компаниялардың негізін қалаушы Адам Робинсон мен оның отбасы да бар, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Адам Робинсонмен бірге ұшақта әйелі Хелен Шарп, төрт және екі жастағы балалары болған. Сондай-ақ бортта отбасының екі құрбысы мен бала күтушісі отырған. Ұшақты 55 жастағы Джефф Грегори мен 21 жастағы ұшқыш-нұсқаушы Эмили Шелтон басқарған. Апат салдарынан олардың да барлығы көз жұмды.
Қайғылы оқиға 1 қараша күні түстен кейін Флорида штатындағы Уэст-Палм-Бич қаласының маңында болған. АҚШ Федералдық авиация басқармасының мәліметінше, әуе кемесі Техас штатындағы Остин қаласынан Багам аралдарына бағыт алған. Алайда ұшақ тұрғын үйлер орналасқан аумаққа құлаған.
Радиобайланыс жазбаларына сәйкес, апат алдында ұшқыштардың бірі диспетчерлерге әуе кемесіне мұз қатып, орташа деңгейдегі турбуленттілік аймағына тап болғанын хабарлаған. Пилоттар ұшақты биіктікке көтеруге тырысқанымен, әрекеттері нәтиже бермеген. Кейін әуе кемесі күрт төмендеп, жерге соғылған.
Апатқа дейін диспетчерлермен радиобайланыс кезінде ұшқыш Джефф Грегоридің «Біздің Әкеміз» дұғасын оқығаны да жазылып қалған.
Марқұм Адам Робинсон Retention.com және RB2B технологиялық компанияларын құрған. Аталған компаниялар маркетинг саласына арналған шешімдер әзірлеп, сайтқа кірген пайдаланушыларды анықтау технологияларымен айналысқан. Кәсіпкердің жеке байлығы шамамен 6 миллион долларға бағаланған.