Болгарияның Ішкі істер министрлігі жол апатына қою тұман себеп болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Болгарияда ірі жол апаты болып, 86 көлік жаппай соқтығысты. Салдарынан 11 адам қаза тапты. Қайғылы оқиға ел астанасы София мен Бургас қаласын байланыстыратын Тракия автомагистралінде болған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Болгарияның Ішкі істер министрлігі жол апатына қою тұман себеп болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Ведомствоның алдын ала дерегінше, оқиға Бургас бағытына қарай қозғалып келе жатқан жүк көлігінің жолаушылар автобусына кедергі келтіруінен басталған.
Автобустың артынан бидай тиеген тағы бір жүк көлігі келе жатқан. Алдымен жеңіл автокөлік жүк көлігінің артқы бөлігіне соғылып, артынша жүк көлігі автобуспен соқтығысқан. Осы оқиғадан кейін автомагистралдің София бағытына қарайтын жолағында да бірнеше көлік қатысқан апат болған.
Болгария ІІМ басшысы Иван Демерджиевтің айтуынша, оқиға кезінде жолды қою тұман басып, Бургас бағытына қарай келе жатқан көліктер арасында кептеліс пайда болған. Оның сөзінше, қарсы бағыттағы жүргізушілер апаттың не себептен болғанын көру үшін жылдамдықтарын төмендеткен болуы мүмкін. Бұл да екінші жол апатына әсер еткен факторлардың бірі ретінде қарастырылып отыр.
ІІМ мәліметінше, жаппай соқтығысқа барлығы 86 көлік қатысқан. Оның 63-і Бургас бағытымен, қалған 23-і София бағытымен қозғалған.
Болгарияның Денсаулық сақтау министрлігі оқиға орнында 10 адамның көз жұмғанын, тағы бір адамның ауруханада қайтыс болғанын хабарлады. Осылайша, қайғылы оқиғадан қаза тапқандар саны 11-ге жетті.