Парижде Словакия президенті Петер Пеллегриниді қарсы алу кезінде құрмет қарауылының екі сарбазы есінен танып қалды.
Елисей сарайындағы қарсы алу рәсімінде екі сарбаз есінен танып қалды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы AFP агенттігіне сілтеме жасап.
Парижде Словакия президенті Петер Пеллегриниді қарсы алу кезінде құрмет қарауылының екі сарбазы есінен танып қалды. Оқиға 11 қарашада Елисей сарайының алдында болды.
Reuters жариялаған бейнежазбада Пеллегрини мінген көлік сарай ауласына келіп тоқтаған сәтте сарбаздардың бірі теңселіп, қолындағы қылышын түсіріп алып, құлағаны көрінеді. Оның жанында тұрған Франция президенті Эмманюэль Макрон мен сарай қызметкерлері бірден көмекке ұмтылды. Көп ұзамай екінші сарбаз да құлады. Ол сәт кадрға түспеген, алайда бейнежазбада екінші сарбазды сарай ішіне алып бара жатқаны көрінеді.
Франция президентінің әкімшілігіндегі дереккөз AFP агенттігіне екі сарбазға да дереу көмек көрсетілгенін және қазір жағдайлары жақсы екенін айтты.
Қарсы алу рәсімінен кейін Макрон мен Пеллегрини келіссөз өткізді. Словакияның TASR агенттігінің мәліметінше, президенттер энергетика, авиация және қорғаныс өнеркәсібіндегі ынтымақтастықты, сондай-ақ Украинадағы соғысты талқылады.