Ресей Венесуэладағы әскерін шығарып жатыр деп хабарлады Каракастағы РФ елшілігі, деп жазады Орталық Азия жаңалықтар қызметі.
Осының алдында Каракасқа Ресей қорғаныс министрлігінің ұшағы барды деген ақпаратты 25 маусымда Reuters агенттігі таратқан. Дәл осы борт "Ан-124" ұшағымен наурыз айында Каракас әуежайына қонған. Сол кезде Ресейден 100-ге жуық әскери қызметкер келді деп хабарланған.
Ресейлік әскери ұшақтың Венесуэлаға қонуы Вашингтон мен Мәскеу арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасты ушықтырған. Ақ үй Кремльді Венесуэланың ішкі ісіне араласып жатыр деп айыптаған.
Жыл басынан бері Венесуэлада оппозиционер Хуан Гуайдоның жақтастары мен қазіргі президент Николас Мадуро күші арасында жанжал жалғасып келеді. Гуайдоны уақытша президент ретінде АҚШ және Еуропаның көптеген елдері мойындаса, Ресей, Қытай, Түркия, Иран, Куба және Боливия Мадуроның билігін мойындайды.