Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев сыйға алған тапаншасы бар екенін және «оңайшылықпен берілмейтінін» мәлімдеді.
Атамбаевтың жақтастары оның Қой-Таш ауылындағы үйіне жиналды. Саясаткер журналистермен әңгімелесіп, жағдайды түсіндірді, деп жазады sputniknews.kz.
«Күш құрылымдары арасында біздің жақтастарымыз көп... Мені тұтқындауға дайындалып жатқанын білемін. Бәріне дайынмын. Егер ұстауға келетін болса, сыйға алған тапаншам бар екенін ұмытпасын, мен мұны ашық ескертіп жатырмын. Оңайшылықпен беріле салмайтынымызды білсін. Алайда маған жіберетін жігіттерді аяймын. Қырғызда «жатып өлгенше, атып өл» деген сөз бар. Менің жанымда ешкім болмайды», - деді Атамбаев.
Экс-мемлекет басшысы өзін қолдау мақсатында өткізілетін митингілерге қатысатынын айта кетті.
Еске сала кетейік, Қырғызстан Жогорку Кеңеші (парламенті) экс-президент Алмазбек Атамбаевты тиіспеушілік мәртебесінен айырды. 27 маусымдағы жиын кезінде 109 депутаттың 103-і қолдап, алтауы қарсы дауыс берген.