19.07.2019, 09:32

Тергеушілер күдіктілерді ұрып-соғып аяусыз азаптаған

Фото: Kompromat.name
Тәжікстан бас прокуратурасы Душанбе қаласы ішкі істер басқармасының төрт қызметкеріне қатысты тергеу ісі аяқталды деп мәлімдеді.

Тәжікстан бас прокуратурасы Душанбе қаласы ішкі істер басқармасының төрт қызметкеріне қатысты тергеу ісі аяқталды деп мәлімдеді. Олар күдіктілерді аяусыз азаптаған деп айыпталып отыр, деп хабарлайды Орталық Азия жаңалықтар қызметі.

Тергеу ісіне жақын дереккөздің хабарлауынша, Душанбе ішкі істер басқармасының басшы орынбасары, подполковник Фарход Нурхоновқа, оның қарамағындағы қызметкерлері Аваз Сабзаев пен Икромиддин Ахлиддинге және аты-жөні айтылмай отырған тергеушіге қызметін асыра пайдаланды, азаптады деген баптар бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Оларға қатысты тергеу ісі Озоди радиосында (Азаттықтың тәжік қызметі) жарияланған мақаладан кейін басталған. Жәбірленуші Хамза Солеховтың айтуынша, мақала жарық көргеннен кейін, аталған сотқа тартылған тергеушілер тергеу абақтысындағы күдіктілердің бәрін ұрып-соққан. Олардың дені өздерінің азапталғанын айтып, шағым түсірген.

Хамза Солехов осының алдында милиция қызметкерлері есірткі контрабандасымен айналысасың деп айыптап, бұл қылмысты мойындату үшін өзін ұрып-соққанын айтқан. Оның сөзінше, Фарход Нурхонов пен оның қарамағындағы қызметкерлері өздерінің бұрынғы әріптесі Хуршед Абдухалимовқа кедергі келтіру үшін, үйіне құпия түрді есірткі лақтырып жібермек болған. Хуршед Абдухалимов – Хамза Солеховтың күйеу баласы.

«Нурхонов пен оның қарамағындағылар мені есірткі тасымалымен айналысасың деп ұстап, Хуршедтің үйіне әкелді. Олар күйеу баламның үйіне де есірткі тастамақ болды. Бірақ сол кезде Хуршедтің өзі үйге оралды. Көңілдері түскен олар әлі салынып бітпеген енемнің үйіне алып барып, шатырға өздері есірткі тастады», - дейді Хамза Солехов.

Милиция қызметкерлері сол жерде хаттама толтырып, оны тергеу абақтысына алып кеткен. Онда Хамза Солехов өзінің аяусыз соққыға жығылғанын, токпен қинағанын баяндайды. Азаптауға шыдамаған ол барлық құжатқа қол қоюға мәжбүр болғанын айтады.

Бұл істі қолға алған тергеушілер шын мәнінде Хамза Солеховтың азапталғанын растап, денесінде ұрып-соғудан қалған іздердің барын анықтаған.

Бұл оқиғаға бастан-аяқ куә болған Хуршед Абдуалимов қысымнан қорқып, Тәжікстаннан қашып кеткен.

Фарход Нурхонов болса өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалғаннан кейін, ізін жасырған. Бірақ ол арнайы операция кезінде ұсталған.