Қашқадария облысы Касби аудандық ішкі істер басқармасының бастығы Чори Кучаровты тексеру жүріп жатыр. Милиция офицері 50 градус ыстықта ондаған шаруаға кісен салып, оларды автобусқа қамап қойған, деп жазады Орталық Азия жаңалықтар қызметі.
Қызметтік тексеру басталғанын облыстық ішкі істер басқармасы растады. Зардап шеккен шаруалардың айтуынша, аудандық милиция қызметкерлері оларға түсініктеме жаздырып, болған оқиғаны терістеуін талап еткен.
Чори Кучаров шаруаларды мақта алқабын екінші мәрте суғарғаны үшін жазалаған.
«Новот Ниёз» шаруашылығының басшысы 56 жастағы Акрамжон Новотовтың айтуынша, оқиға баспасөзде жарияланған соң, аудандық милиция бұл істің ізін жасыруға тырысқан.
«Милиция шаруаларға болған оқиғаны терістеуін сұраған. Кейбірі келіссе, көбісі оған қарсы шықты. Жергілікті билік істің ізін жасыруға тырысып жатыр», - деді Акрамжон Новотов.
Еске салайық, өткен жылы әлеуметтік желіде арықта тұрған ер азаматтардың суреті жарияланды. Кейін олардың Ташкент облысының шаруалары екені белгілі болды. Жергілікті билік шаруаларды егіс алқабын суғармағаны үшін осылай жазалаған.