09.08.2019, 15:10

Қытайда дабылдың ең жоғарғы деңгейі жарияланды

Фото: КТК
Кемелерге теңізден қайтып оралуға және тұрғындарға қауіпсіз жерлерде қалуға ұсыныс берді.

Қытайдың Орталық метеорологиялық қызметі Лекима тайфунының жақындауына байланысты дабылдың ең жоғарғы деңгейін жариялады, деп хабарлайды «Хабар 24» арнасы. 

Қазір тайфун - Қытайдың Чжэ-цзян провинциясы жағалауынан 365 шақырым жерде. Синоптиктердің болжамына сай, ол сағатына 20 шақырым жылдамдықпен солтүстік-батысқа жылжып барады. Сөйтіп сенбі күні таңертең Чжэцзян провинциясының жағалауына желдің ең жоғары күші 16 баллмен жетеді. Осыдан кейін ол бірте-бірте әлсіреп, солтүстікке қарай бет алады. Синоптиктер циклон салдарынан Қытайдың оңтүстік-шығыс аудандарында қатты дауыл соғып, жаңбыр жауады деп ескертуде. Сондықтан кемелерге теңізден қайтып оралуға және тұрғындарға қауіпсіз жерлерде қалуға ұсыныс берді.